БАЛАБАҚШАДАҒЫ ОҚИҒА: Оған кім кінәлі?
Атырау қаласының Нұрсая шағынауданындағы «Жанбота» балабақшасында орын алған жағдай саладағы алғашқы бассыздық емес. Бұл – әрине, қынжыларлық жағдай. Бұдан бір ай бұрын қаладағы жекеменшік балабақшалардың бірінде 4 жастағы сәбидің кәріз құдығына түсіп кетіп, қайтыс болғаны туралы оқиға жұртшылыққа төбесінен мұздай су құйғандай әсер етті. Енді міне, жоғарыда аталған балабақшада ата-ананың сеніміне селкеу түсіріп, кіп-кішкене бүлдіршінге бас-көз болудың орнына жұдырық ала жүгірген қызметкердің қылығы көпшіліктің ашуын туғызып отыр. Бұл бейнекамераға түскен бір ғана келеңсіздік. Оның тасасында қалған, біз білмейтін беймәлім жағдайлар қаншама?
«Жанбота» балабақшасындағы бассыздыққа байланысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда, мәселе мұнымен шешіле ме? Бұдан өзге бөбекжайларда мұндай сорақылықтың қайталанбасына кім кепіл? Көкейдегі сауалымызды облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовке жедел жолдаған болатынбыз.
– Марат Әлменұлы, Атырау қаласындағы «Жанбота» балабақшасында орын алған жағдайға байланысты салаға жауапты басшы ретіне қандай пікір айта аласыз?
– Атырау қаласындағы 290 орындық «Жанбота» бөбекжай-бақшасы 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген болатын. Алайда, бүгінде аталған балабақшада орын алған жағдайға тікелей қатысы бар қызметкерлердің үстінен қызметтік тексеріс жүргізілуде. Тергеу амалдарының қорытындысы шыққан уақытта тиісті шаралар қабылданады. Білім беру басқармасы тарапынан тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздік шараларын жүргізу жұмыстары бойынша мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын талап бірдей және ол әрдайым басты назарда болады.
Атырау қаласында мектепке дейінгі білім беру саласындағы негізгі проблема – орын тапшылығы. 2023 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалар аясында 290 орындық 9 балабақшаның құрылысы аяқталып, 2610 орындық нысан пайдалануға берілді.
Атырау облысы прокуратурасының 2023 жылдың 7 қарашасындағы №2-05-23-08790 хатына сәйкес, облыс көлемінде барлық білім беру мекемелеріне тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде мемлекеттік, жекеменшік балабақшалар да бар.
Жергілікті құзырлы органдар тарапынан санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, санитариялық қағидалар, өрт қауіпсіздігі қағидалары, террористік тұрғыдан осал нысандарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуы үшін арнайы жағдайлар және қолжетімді орта ұйымдастырылуын қадағалау жұмыстары жүргізілуде. Мектепке дейінгі ұйымдарды жабдықтармен және жиҺазбен жарақтандыру, тәрбиеленушілерге медициналық қызмет, алғашқы көмек көрсету, педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар педагог кадрлармен қамтамасыз ету бойынша да әр салада тиісті істер атқарылуда.
Айта кетерлігі, кемшіліктер анықталған білім беру мекемелерінде оны жою бойынша нұсқама беріліп, сол нұсқаманың орындалысы мен білім беру ұйымдары қайтадан тексерілетін болады.
– Басқарма қызметкерлерінің бейуақыт балабақшаларға тексеру жүргізе алмайтындығы белгілі. Бірақ, соңғы жағдайлар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы шикілікті аңғартып отыр. Салаға келген жаңа басшы ретінде бұл мәселе сізді қаншалықты алаңдатады? Тәрбиешілерді тәртіпке шақырудың қандай жолы бар? Жалпы, жекеменшік балабақшалардағы қауіпсіздікке кім жауапты?
– Облыс бойынша қазіргі кезде 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасаса, оның – 151-і мемлекеттік, 87-сі жекеменшік балабақша.
Біріншіден, Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес мемлекеттік тапсырыс орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне мониторинг жүргізіледі. Екіншіден, Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығымен бекітілген «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарда ұйымның басшысы мен әрбір педагог тәрбиешісі өзінің лауазымдық міндетіне сәйкес барлық баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін сақтауға жауапты.
Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздік шараларын сақтауға жауапты мектепке дейінгі ұйым басшылары мен педагогтары аталған заңдардың нормаларын, қағидалар талаптарын және лауазымдық міндеттерін дұрыс орындамаған жағдайда заң аясында жауапкершілікке тартылады.
– Балабақшадағы бала құқығы қаншалықты қорғалған?
– Балабақшалардағы қызметкерлерге еңбек тәртібін сақтау, өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттер бойынша жұмыс атқару туралы түсінік жұмыстары жүргізіліп, орындалысы қатаң бақылауға алынады.
Атап айтар болсақ, Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығымен бекітілген «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарда ұйымның басшысы мен әрбір педагог тәрбиешісі өзінің лауазымдық міндетіне сәйкес барлық баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін сақтауға жауапты.
Мәселен, МДҰ-да тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру кезінде ең алдымен тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз және жайлы ортаның құрылуына ерекше назар аударылады. Мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілердің өмірін және денсаулығын қорғау мен тәрбиеленушілердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері, жеке мүмкіндіктері бар балалардың дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін оңтайлы жағдайлар жасау МДҰ негізгі міндеттеріне жатады.
«Білім туралы» ҚР Заңы шеңберінде МДҰ басшысы ұйымды тікелей басқаруды жүзеге асырады, оқыту мен тәрбиелеудің, еңбек пен демалыстың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасауға, кадрларды іріктеуге, орналастыруға және қызметкерлердің нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес лауазымдық міндеттерін орындауын бақылауға жауапты.
Балалардың құқықтарын бұзу жағдайларының жиілеуіне байланысты баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды жою жөнінде тиісті шаралар қабылданады.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА