Жарнама
Білім

Балабақша – адал азамат тәрбиесінің алғашқы алаңы

Бүгінде елімізде бала тәрбиесі, қауіпсіздігі және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет тарапынан қолға алынған «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясындағы жүйелі іс-шаралар біз секілді мектепке дейінгі мекемелер үшін де үлкен қолдау әрі бағдар болып келеді.

Әсіресе «Адал азамат» бағдарламасының жаңартылып, құндылықтарға негізделген бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыруы – бізге, тәрбиешілерге, балалармен жұмыста бағыт-бағдар беретін маңызды құрал. Балабақша қабырғасынан бастап адалдық, жауапкершілік, құрмет сынды қасиеттерді бойға сіңіру – келешек тұлғаның қалыптасуына негіз болады.

Балалар құқықтарын қорғау саласындағы өзгерістер де өте өзекті. Қамқоршылық органдары мамандарының санын арттыру – отбасыларға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартып, қиын жағдайға тап болған балаларға уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің балабақша да ата-аналармен және әлеуметтік қызметтермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді, өйткені бұл – баланың қауіпсіз әрі толыққанды дамуына қажетті орта қалыптастырудың бір бөлігі.

Сонымен қатар, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – тәрбиенің маңызды құралы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, елімізде қосымша білім беру мекемелерінің көбейіп, балалардың 87%-дан астамының әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуы – бұл біз үшін қуанышты жаңалық. Бұл көрсеткіштің 90%-ға жетуі – болашақта шығармашыл, жан-жақты дамыған жас буын қалыптастыруға серпін береді.

Біздің балабақшада да тек білім мен күтім ғана емес, балалардың қабілетін ашуға бағытталған үйірмелер жұмыс істейді: көркем еңбек, тіл дамыту, музыка және дене шынықтыру бағыттары қамтылған. Бос уақытты тиімді ұйымдастыру арқылы біз балалардың танымдық қызығушылығын дамытып, еркін ойлауына жол ашамыз. Таңертеңгілік сергіту жаттығуынан басталатын күн тәртібі әр баланың болашақта тұлға болып қалыптасуына жол бастайтындай талап-міндетпен құрылған. Біз әр күн сайын бұл талап үдесінен шығуға жұмыстанамыз.
Мәселен, бүгін Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай балабақшада тәрбие сағаттары қолға алынып жатыр. “Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан қағиданы жас ұрпаққа балабақшадан бастап ұғындырып келеміз. Әрине, бұл бағыттағы тәрбиені бала жасына байланысты түрлі ойындар, сурет салу, викториналық сұрақтар қою, ән айту, өлең оқу секілді түрлі әдіс-тәсілдермен қалыптастырамыз.
Сонымен қатар бүгінде балабақшада “Адал азамат” бағдарламасы бойынша арнайы қабырға жасақталып, әр баланың қоғамда тәртіпті, үлгілі, саналы адам болып қалыптасуына жан-жақты мән берілуде.

Баланың дамуы – тек балабақша мен мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан тәрбие, қорған, бос уақыт сияқты негізгі бағыттарға мемлекет тарапынан нақты назар бөлінуі – ұзақ мерзімді оң нәтижелерге алып келеді деп сенемін.

Королина МАРАТҚЫЗЫ,
“Алтын бала” балабақшасының тәрбиешісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button