Жарнама
Білім

АВТОРЛЫҚ БАҒДАРЛАМА: ІЗДЕНІСТЕН НӘТИЖЕГЕ ДЕЙІН

Атыраудағы «Өрлеу» Кәсіби даму институтында «Авторлық бағдарлама: ізденістен нәтижеге дейін» атты облыс педагогтерінің қатысуымен әдістемелік семинар өтті.

Шараға өңірдегі білім беру саласында оқу-тәрбие және пәндерді оқытуда авторлық бағдарламаларды құрастырған жетекші мұғалімдер мен бір топ педагогтер қатысты. Семинарда сөз алған педагогтер мұғалімнің шығармашылық және зерттеу дағдыларын дамыту, ізденісте болу, деректермен жұмыс істеуге қатысты практикалық кейстерге басымдық берді.

«Авторлық бағдарлама: ізденістен нәтижеге дейін» атты облыстық семинарға Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының тарих пәні мұғалімі Майра Төрекешова қатысып, «Тарих пәнінде өлкетану деректерін қолдану» баяндамасында «XVII-XVIII ғасырлардағы Кіші жүздің батырлары» атты авторлық бағдарламасын қалай дайындағанын айтты.

Майра Рысқалиқызы Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан шыққан қазақ батырларының ерліктері жайында тың деректерді ортаға салды. Ол өз сөзінде, батырлардың ұрпақтарымен тілдескенін тілге тиек етіп, әлі де зерттеулерді қажет ететін мәселелерге тоқталды.

Оқушылардың алдымен тарихқа құрметін ояту үшін пәнді қызығушылықпен меңгеруге жағдай жасау қажет дейді білікті ұстаз. Аймақта авторлық бағдарламасын оқыту процессіне енгізген ұстаздардың бірі №19 Қаныш Сәтпаев атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Эльза Сатыбалдиева. «Система работы по изучению грамматики русского языка – путь к продуктивной деятельности учащихся» баяндамасында мектеп мұғалімі оқушының тіл меңгеруде ұстаздың дайындығына аса мән беру керектігіне тоқталды. Тілдік құзыретті арттырудың тиімді жолы — оқушыларға ыңғайлы орта, яғни коммуникативтік белсенділікті беру дейді Эльза Темірханқызы.

Ал Жылыой ауданындағы №7 Е.Халықов атындағы орта мектебінің география пәні мұғалімі Гаухар Әспетуллина «Әлемнің заманауи бейнесі» авторлық оқулығында география пәнін оқытудың жаңа тәсілдерін таныстырды. Жылыойлық ұстаз жағрафияны оқытуда жаһандық азаматтық құндылықтары мен әлем біртұтастығын негізге алатынын, шекараласатын мемлекеттердегі саяси-экономикалық құбылыстарды терең қарастыру қажеттігіне тоқталды.

«Авторлық бағдарлама: ізденістен нәтижеге дейін» атты облыс педагогтерінің тәжірибе алмасу семинарында мектепке дейінгі білім беру саласы да тыс қалмады. Мұнда «Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің шығармашылық ізденісін дамыту» тақырыбында №34 «Нұрбөбек» бөбекжай-бақшасының әдіскері Шынар Садырова баяндамасын таныстырып, әріптестермен сұрақ-жауап алмасты. Авторлық курсты білім беру үдерісіне енгізген тағы бір педагог Нұргүл Мансариева «Мектеп пен ата-аналардың ынтымақтастығының басты баспалдағы – ата-аналар жиналысын өткізу түрлері мен формалары» тақырыбындағы зерттеу жұмысымен семинарды қорытындылады. Мақат ауданында Хамза Санбаев орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі қазіргі ата-аналармен байланыс орнатудың психологиялық және әлеуметтік тұстары жайында сөз қозғап, әріптестерді шығармашылықпен еңбек етуге шақырды.

Әдістемелік семинар соңында «Өрлеу» Кәсіби даму институты директорының міндетін атқарушы Жаннат Нұртілеуова авторлық бағдарламасын жасақтап, оқытудағы озық үлгілерді енгізіп жатқан әріптестерге ризашылығын білдірді.

Жаннат Асылбекқызы шара қатысушыларын ұстаздар күнімен құттықтап, өз тәжірибелерін ортаға салған әріптестерге филиал ұжымы атынан алғыс хаттар табыстады.

img 20220929 wa0038
img 20220929 wa0037
img 20220929 wa0036
img 20220929 wa0039

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button