Жарнама
Білім

Ауыл мұғалімінің әдістемелік идеялары желіде кең танымал болуда

Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Нұргүл Аққалиева – өз ісіне шынайы берілген педагог. Оның Instagram парақшасында 14 мыңнан астам жазылушысы бар. Әлеуметтік желіде белсенділігімен танылған мұғалім бүгінде Қазақстанның әр түкпірінен және ТМД елдерінен әріптестерімен әдістемелік идеяларын бөлісіп, білім беру саласында жаңа леп әкелуде. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова хабарлады.

Білім саласында 22 жылдық тәжірибесі бар Нұргүл Аққалиева – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы. Ол ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен нейрожелілерді қолдана отырып, сабақты қалай тиімді әрі заманауи өткізу керектігін үйретеді. Әрбір жазбасында оқыту процесіне аз ресурспен де креативті әдістерді енгізуге болатынын дәлелдеп жүр. Оның идеялары сабақтарды ерекше қызықты етіп қана қоймай, балалардың пәндерді тереңірек түсініп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал етеді. Әріптестері мұғалімнің ұсыныстарын жоғары бағалап, олардың оқыту нәтижелерін жақсартуға зор көмегі тиіп жатқанын айтады.

Ол тек әлеуметтік желіде ғана емес, білім беру байқаулары мен жобаларында да белсенді. Оның жетекшілігімен республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген оқушылары бар. Мәселен, оның шәкірті Анар Болатова ғылыми жобасы үшін интерактивті жинақ жасап, үздік деп танылды.

Мұғалімнің әлеуметтік желідегі парақшалары бүгінгі заман талабына сай білім беруді қалай жаңғыртуға болатынын көрсететін нақты мысалдармен толық. Бұл парақшалар – өз кәсібін жетілдіргісі келетін әрбір педагог үшін шабыт көзі, ал Нұргүлдің әдістемелік кеңестері инновациялық идеялармен сусындаған жаңа буын мұғалімдеріне арналған таптырмас ресурс.

–Нұргүл Аққалиева – ауыл мұғалімі бола тұра, білім беру кеңістігінде шекарасыз мүмкіндіктерді аша алатынын дәлелдеп жүрген жаңашыл ұстаз. Оның әрбір қадамы ауыл мектептерінде де жоғары деңгейлі білім беруге болатынын көрсетіп, көптеген әріптестеріне үлгі болуда. Бұл мұғалімнің ісі – білім беру саласындағы жаңашылдықты насихаттаудың нақты көрінісі. Нұргүл Аққалиева бүгінгі заман мұғалімі қандай болу керектігін және ауыл ұстаздарының да ел болашағына үлес қосудағы маңызын көрсететін нағыз кәсіби маман, ұлағатты ұстаз, — дейді Эльмира Мұсақызы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button