Атыраулық ұстаз авторлық бағдарламаның жеңімпазы атанды

4dbbe057 d674 47cd a601 87dd96a4e611 Білім

ЕЛІМІЗДЕГІ ТҮРЛІ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ЖАСТАРЫНА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРІН, МӘДЕНИЕТІ МЕН ТІЛІН ҮЙРЕТУГЕ АРНАЛҒАН «МЫҢ БАЛА» МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ БИЫЛҒЫ КЕЗЕҢІ ДЕ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ. ШІЛДЕ-ҚАЗАН АРАЛЫҒЫНДА АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ЖОБА АЯСЫНДА 7 КЕЗЕҢНЕН ТҰРАТЫН ШАРА ӨТКІЗІЛІП, ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ.

Жобада тек өзге ұлт өкілдері ғана емес, орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен сабақ беретін ұстаздар да авторлық бағдарламалары арқылы бақ сынады. Олар өзге ұлт өкілдері балаларына қазақ тілін үйретудің тиімді әдістерін, жеделдете оқыту бойынша авторлық бағдарламалар әзірлеуге міндетті болатын. Байқауда Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Аяжан Ғанидың «Қазақ тілі сабағында деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану» бағдарламасы үздік деп танылып, I орын иеленді.

Қызылқоға ауданының Жасқайрат ауылында 1999 жылы дүниеге келген Аяжан мектеп қабырғасында жүргендеақ аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларға белсенді қатысып, жеңімпаз атанушы еді. Ол өзіндік ой-пікірі бар, шығармашыл, ана тілін ардақтайтын, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, білімді де білікті шәкірт тәрбиелеу және қалыптастыруды мақсат тұтқанын айтады.

– Қазір осы мақсатымды жүзеге асырып, оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім мен тәрбие беріп келемін. Өзім де мектепішілік, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, біліктілігім мен тәжірибемді үнемі арттырудамын, – деді Аяжан.

Жас ұстаздың еңбек өтілі небәрі үш-ақ жыл. Әйтсе де, педагогикалық тұрғыдағы жетістіктері аз емес, бүгінде республика, облыс көлеміндегі көптеген байқаулардың жеңімпазы. «Bilimorkenieti» ұлттық иновациялық ғылымизерттеу орталығы өткізген республикалық «Үздік жас маман-2021» байқауынан I орын алса, сол жылы «Жылдың үздің жас маманы» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, «Ана тілдің айбыны» атты республикалық байқаудың да I орын жеңімпазы. «ХХІ ғасыр көшбасшысы-Лидер XXI века» халықаралық білім инновациялық орталығының ұйымдастыруымен қашықтықтан өткен «Ұлағатты ұстаз» атты І халықаралық мұғалімдер сайысында «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі-2021» аталымы бойынша III орын алса, биыл Атырау қалалық «Үздік сынып жетекшісі» байқауында II орынға қол жеткізді. Аяжанның білім бәйгелерінен алған бұдан басқа да марапаттары жеткілікті. Білім беру қызметкерлеріне арналған «QAZAN.Info» республикалық сайты Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап өткізген «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Абай» атты республикалық қашықтық олимпиадасы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған педагогика бойынша республикалық қашықтық олимпиадасынан I орын иеленуі де оның жаңашыл, білікті педагог екенін айқындай түседі.

– «Мың бала» жобасында жүйрік атанған педагогтардың «Қазақ тілі сабағында деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану» авторлық бағдарламасы негізінде 3 нұсқаулық кітап дайындалған. Олар – авторлық бағдарламаның мазмұны, мұғалімге арналған нұсқаулық және оқушының жұмыс дәптері (деңгейлік тапсырмалар). Оның басты мақсаты – жаңартылған бағдарлама негізінде диагностикалық талдаулар жүргізу арқылы құрастырылған тапсырмалар көмегімен оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сауаттылық деңгейін арттыру. Ал, тәжірибенің жаңашылдығы – деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану арқылы оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын, ынтасын және белсенділігін арттыру, – дейді жеңімпаз ұстаз.

Аяжанның айтуынша, әр баланы даралап-саралап оқыту тәсілі өз мақсатына жете алатын шәкірт тәрбиелеумен ғана шектелмей, әрқайсысы білім деңгейін, қабілеті мен іскерлігін біліп қана қоймай, оны дамыта алады.

– Бағдарлама деңгейлеп-саралап оқыту технологиясының әр деңгейін қолдана отырып, оқушылардың жас ерекшелігін ескеріп, ойлау дәрежесін, белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға мол мүмкіндік береді. Оның негізгі құралы – деңгейлеп-саралап оқытуға негізделген, оқушыларға арналған тапсырмалар. Бұл арқылы оқушылар әр сабақта алған теориялық білімдерін ұсынылған деңгейлік тапсырмаларды орындау арқылы жүйелеп, талдап, бекітеді, – деді ол. «Мың бала» жобасы аясында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл мектебі», «Өнерлі өрге жүзер», «Жарқыра, жас дарын!» байқаулары ұйымдастырылған. Жобаға барлығы 47 оқушы қатысса, жүлделі орындарға ие болғандар қатарында Астана қаласына жолдама алғандар да бар. «Өнер алды – қызыл тіл» жобасы бойынша Индер ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің VIII сынып оқушысы Есения Жигулина ҚХА Төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың дипломымен марапатталса, «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық байқауында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлінің дипломымен Жылыой ауданындағы Құлсары балалар өнер мектебінің V сынып оқушысы Андриан Романов марапатталды. Ал, Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – дәуірдің дара тұлғасы» тақырыбындағы жалпықазақстандық ашық диктантқа облыс бойынша барлығы 4961 адам қатысқан.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз