АТЫРАУЛЫҚ ТІЛШІЛЕР – НЗМ ТӨРІНДЕ!
28 маусым — БАҚ қызметкерлері күні!
Аталмыш мейрамға орай, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұжымы жыл бойы қоян-қолтық қызмет етіп, білім саласын дамытуға атсалысқан тілшілерді мектеп төріне шақырған болатын.
Бұл жолғы бағдарлама — бұрынғыдан өзгерек! Мектептің ауласына беттеген тілшілерді таң азанмен таңғы жаттығулар мен топтық би күтіп тұрды. Күнделікті таңдары бүгін ерекше басталған тілшілер қимыл-қозғалысқа бірден ілесе кетті. Нәтижесі — әдемі көңіл-күй мен ширақ қозғалыс!
Әрі қарай оларды есік тұсынан мектептің кураторлары күтіп алды. Әсіресе, кураторлдың «Құрметті оқушылар, қош келдіңіздер!» деген сөзіне таңырқай қарасқан олар бағдарлама бойынша бүгін өздерін осы мектептің оқушысы сияқты сезінулері қажеттігін кейін түсінді. Иә, бұл жолғы бағдарламаның басты миссиясы да сол — балалық шақтары әлдеқашан ұмыт болып, ересек өмірдің бел ортасында жүрген журналистерге НЗМ оқушыларының бір күндік өмірін сезіндіріп, сәл де болса балалық шаққа оралту еді.
Әрі қарай, оқушы-тілшілер мектеп асханасына бет алды. Пайдалы таңғы астарын ішіп алған соң, бірден сабақтар қамына кірісті.
Алдымен химия сабағына бет алды. Сыныпқа ене салысымен бірден ақ халаттарын киіп, түрлі приборлармен джұмыс жасайды. Мұғалім өз кезегінде химиялық элементтердің қасиетін таныстырып, үш түрлі практикалық жұмыс жасатты.
Химиядан соң — ағылшын сабағы. Мұнда олар мұғалім көмегімен тілдік дағдыларын дамытып, ағылшын тілінде түрлі тапсырмалар орындап, сөздік қорларын кеңейтті.
Сабақтардан бір сәт сергу мақсатында енді олар психологияьлық тренинтерге қарай жол тартты. Мұнда мектеп психологтарының көмегімен түрлі психологиялық жаттығулар жасады.
Тынығып, тамаша әсерде шыққан тілшілерді вокал сабағы күтіп тұрды. Дұрыс дем алу, әнді ерекше сезініп орындау, артикуляциялық жаттығулар… Вокал сабағы да журналистер үшін қызыққа толы болды.
Іле-шала олар мектеп караокесінде оқушылармен бірге ән айтып, көңіл көтерді.
Шара соңында мектеп директоры Құралай Тлеубердіқызы журналистерді марапаттап, төл мерекелерімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті.
Осылайша, бір топ тілшілер төл мерекелері қарсаңында ерекше бағдарлама желісі арқылы бір серпіліп қалды. “Әдеттегіден өзгеше құттықтау үшін ұжымға алғысымыз шексіз” — деді олар.