Жарнама
Білім

Атыраулық студенттер Румынияда Халықаралық тағылымдамадан өтуде

Биыл Атырау қаласындағы UTEBAYEV UNIVERSITY студенттері екінші жыл қатарынан Румыниядағы “Kazmunaigas group” құрамына кіретін “Rompetrol Rafinare” S.A. мұнай өңдеу зауытында өндірістік тағылымдамадан өтіп жатыр. Бұл тағылымдама университеттің халықаралық байланыстарын нығайтып, студенттерге әлемдік мұнай өңдеу саласының алдыңғы қатарлы кәсіпорындарында тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік береді.

Аталған оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, тағылымдамадан өтіп жатқан студенттер “Органикалық заттардың химиялық технологиясы” және “Өндірісті автоматтандыру және басқару” білім бағдарламалары бойынша оқиды. Олар университетішілік іріктеу кезеңінен өтіп, ағылшын тілінде Rompetrol компаниясының өкілдерімен сұхбаттасқаннан кейін тағылымдамаға жолдама алды. Енді бір ай бойы Rompetrol мұнай өңдеу зауытында теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, мұнай өңдеу және автоматтандыру процестеріне тікелей қатысады.

Rompetrol тағылымдамасы студенттерге өз мамандықтары бойынша білімдерін тереңдетуге және халықаралық деңгейдегі озық технологиялармен танысуға жағдай жасайды. Бұл тәжірибе арқылы студенттер әлемдік өндірістік тәжірибелерді меңгеріп, олардың кәсіби біліктіліктері мен халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие болу мүмкіндіктері арта түседі.

– Университет бүгінде 150-ге жуық отандық және халықаралық өндірістік компаниялармен әріптестік байланыс орнатқан. Rompetrol компаниясы – мұнай-газ саласындағы ірі бренд және халықаралық деңгейде танымал компаниялардың бірі. 40 жылдық тарихы бар бұл кәсіпорын Молдова, Болгария, Грузия, Франция және Испания нарығында ерекше румыниялық бренд ретінде танымал. UTEBAEV UNIVERSITY шетелдік компаниялармен тығыз байланыс орнатып, студенттерді кәсіби және практикалық тұрғыдан даярлауда жаңа мүмкіндіктер қарастыруда. Rompetrol компаниясымен әріптестік арқылы университет студенттері халықаралық тәжірибе жинап, өндірістік үдерістердің үздік үлгілерімен танысуға мүмкіндік алуда, — дейді UTEBAEV UNIVERSITY Дуалды оқу және мансап орталығының жетекшісі Тұңғыш Сәрсенғалиев.

Айта кету керек, бір айға созылатын тағылымдама UTEBAEV UNIVERSITY студенттерінің кәсіби дамуына зор үлес қосып, оларды болашақта білікті маман ретінде қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button