Атыраулық оқушылар токпен жүретін автокран мен экскаваторды ойлап тапты
Абай орталығы жанындағы «JasSpace» кеңістігінде қолға алынған келесі жасыл жобаның бірі осылай деп аталады. Бұл бастаманы «Ағашпен жұмыс» курсының оқушылары жүзеге асырған. Олар жобаларды жасауға екі айға жуық уақытын жұмсапты.
Нұрдәулет Серікұлы – токпен жүретін кранды жасап шығарған жоба авторларының бірі. Оны достары Берік Иманғали мен Хами Ескендір үшеуі бірлесіп жасады.
-Біздің кранымыз құрылыс жұмыстары кезінде жүк тасымалын жеңілдетуге арналған. Бұл оңға, солға қарай бұрыла алады. Алға, артқа жүреді. Жүк тасымалы процесін барынша қауіпсіз жағдайда үйлестіреді. Кранның қозғалысы үшін «ардуино» технологиясын пайдаландық. Автокран жанармай қолданбайды, тек ток арқылы жүреді. Ал токты күннен энергия алу арқылы бойына жинақтайды. Жанармай қолданып, ауаға лас қалдықтарды шығармайды. Жобаның экологияны қорғаудағы маңыздылығы осында, — дейді Нұрдәулет Серікұлы.
Курс қатысушылары жасап шығарған екінші жоба – токпен жұмыс жасайтын экскаватор. Мұны Құрмет Айыпқалиев, Нұриман Зинеден, Рамазан Кисяр секілді жас дарындар ойлап тапқан. Токпен жүретін экскаватор жобасы да жанармайды қажет етпейді.
«Ағашпен жұмыс» курсының тренері Нұрсейіт Жәнібек оқушылар бұл жобаларды үлкен дайындықпен жүзеге асырған атап айтты.
– Жас өнертапқыштар «Ағашпен жұмыс» үйірмесіне «JasSpace» кеңістігі ашылған уақыт былтырғы қыркүйектен бері қатысып келеді. Осы уақытқа дейін ағашты кесу, станоктарда жұмыс істеудің бірнеше тәсілін меңгерді. Енді бұл оқушылар лазерлік станокпен жұмыс істеуге дайындалуда, — дейді Нұрсейіт Жәнібек.
Мұндағы жас өрендердің жаңашылдыққа ерекше бет бұрғанын, ғылым мен білімге деген құштарлығының биік екенін аңғардық. Бір таң қаларлығы, балалар алдағы уақытта ағаштан экологиялық ойыншықтар жасап шығаруды жоспарлапты. Осылайша, бүлдіршіндерге арналған экологиялық таза ойыншықтар Қытай, Ресейден әкелінетін ойыншықтарды алмастырса деген үлкен ойлары да бар.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА