Атырауда талапкерлерге облыс әкімінің 112 гранты бөлінді
Мемлекеттік грантқа ие бола алмай қалған абитуренттер үшін биыл облыс әкімінің тағы да 112 гранты бөлінді. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірде 2017 жылдан бастап әкім гранты беріліп келеді. Ол кадр тапшылығы туындаған басқармалар мен мекемелерден келіп түскен сұраныстар негізінде қалыптастырылады.
Талапкердің мемлекеттік грантқа түсе алмай қалған жағдайда әкім грантына өтініш беруге толық мүмкіндігі бар. Әкімдік гранты үшін жасалатын конкурсқа мектеп бітіруші түлектер және колледж түлектері үміткер бола алады. Басты талап мамыр-маусым айларындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен ережеге сәйкес құжаттар тапсыру.
Әкім гранты жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Әкім гранты бойынша оқуға түскен студенттер оқуын тәмамдағаннан кейін жергілікті жерге келіп жауапты мекеменің берген жолдамасы бойынша жұмысқа орналаса алады. Биыл грант медицина, педагогика, ауыл шаруашылығы, ветеринария, орман ресурстары және орман шаруашылығы, дінтану, туризм бағытындағы мамандықтарға беріледі.
Айта кету керек, құжаттар 5-10 тамыз аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қабылданады.