Атырауда пәндік олимпиада жеңімпаздары марапатталды (+ФОТО)
Махамбет Өтемісұлы атындағы Академиялық қазақ драма театрында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысып, жүлделі орындарды еншілеген оқушыларды марапаттау рәсімі өтті.
Білім бәйгесінде дарынымен дараланған шәкірттерді – пәндік олимпиада жүлдегерлері мен жеңімпаздарын Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
«Бұлақ көрсең-көзін аш»-дейді дана халқымыз. Оқушының шығармашылыққа деген ұмтылысы мен қабілетін әрқашан қолдап, оны жеке әрі дарынды тұлға ретінде құрметтеп және бағалап, өз білімін, уақытын аямай шәкіртіне сыйлайған ұстаздарға алғысымыз шексіз!
Жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының қорытынды кезеңінде республикадағы 100 мектептің арасынан екі мектебіміз үздіктер қатарынан көрінсе, командалық есепте облысымыздың олимпиадашылары білім бәйгесіне қатысып, бағын сынаған 19 команданың ішінен үшінші орынға тұрақтады. Бұл айтулы жетістік. Бүгінгі жас дарындардын жетістігі, сіздердін еңбектеріңіздің жемісі!» деді облыс әкімі.
Салтанатты шара одан әрі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» танылған талапты да талантты, болашағынан зор үміт күттірер, білімге құштар өрендерді марапаттауларға жалғасты. Аймақ басшысы Серік Жамбылұлы олимпадада өзгелерінен оқ бойы озық шыққан шәкірттерге медальдар мен дәрежелі дипломдарды және ақшалай сыйлықтарды табыс етті.
Сондай-ақ, облыс әкімі Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық таланттарды анықтау және қолдау орталығы ұсынған «Ең үздік олимпиадалық команда-2022» аталымы бойынша ІІІ дәрежелі дипломды Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Дүйсекеноваға және «Ең үздік олимпиадалық мектеп-2022» аталымында жеңімпаз танылған Атыраудағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының директоры И.Элмаға І дәрежелі дипломды және «Ең үздік олимпиадалық мектеп — 2022» аталымы бойынша жүлделі орындардың бірін иеленген дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының басшысы Б.Құлмағамбетовке ІІІ дәрежелі дипломды табыстады.
Одан бөлек, халықаралық, республикалық шығармашылық конкурстар мен зияткерлік сайыстардан жеңімпаз атанып, Атырау өңірінің даңқын асқақтатқан жас дарындарға және республикалық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздар мен дарынды балалардың ата-аналарына да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрінің Алғыс хаттары тапсырылды.
Атырау облысының жас дарындарының атынан сөз Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясының 11- сынып оқушысы, «JAS ORKEN» республикалық сыйлығының Бас жүлде иегері, «Халық сүйіктісі» премиясының жеңімпазы, «Елбасы медалі» жобасының амбассадоры Мадина Қожабалуанға берілді.
Дәулетқали АРУЕВ
Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ