Атырауда оқушылар онлайн оқуға көше ме
«Атырауда бес мектептің оқушылары IV тоқсанның сабағын онлайн оқуы мүмкін» деген хабардың естіген құлаққа тосындау тигені рас. Өйткені, қазір тұрғындар қашықтан оқудың қандай қиын екенін жақсы біледі. Әсіресе, күні бойы жұмыста жүретін ата-аналарға оңай емес. Бақылаусыз жүрген баланың жарытып білім алмайтыны да анық. Ал, облыстағы білім сапасы бұған дейін де сын көтермей тұрғанынан жұртшылық хабардар. Расында, Атырауда бес мектеп қашықтан оқуға көше ме?..
«Кейбір мектептердің оқушылары оқу жылының аяғына дейін сабақты қашықтан оқуға ауыстырылды. Себебі, наурыздың соңында бес мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Қазір мердігер компаниялармен шарт жасалып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның мерзімі 3,5 айдан 6,5 айға дейін созылуы мүмкін» деген мазмұндағы хабарлама қазір ата-аналардың қолында жүр. Онлайн оқудың анық-қанығы жайында облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасова кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында нақты түсіндірді. Күрделі жөндеу жүргізетін мердігерлердің оқушыларды онлайн оқыту туралы ұсынысы қанағаттандырылуы мүмкін. Өйткені, мектептерді қайта жаңғыртуға үш ай каникул жетпейді.
– Биыл №13, 31, 19, 22 және №27 мектептер күрделі жөндеуден өтеді. Ал, нормативтік талаптарға сәйкес мектеп ғимаратын күрделі жөндеу үшін 3 жарым айдан 6 жарым ай аралығында уақыт қажет. №31, 19 және 27 мектептердің оқушыларын онлайн оқытуға шешім қабылданды. Себебі, аталған үш мектепті жаңғырту үшін 6 жарым ай көлемінде уақыт кетеді. Бұл мектептердегі оқушы саны өте көп, сондықтан оларды өзге мектептерге уақытша орналастыруға уақыт тығыз. Қазір жөндеу жұмыстарын бастамасақ, жаңа оқу жылына дейін жұмыс аяқталмай қалуы мүмкін. Ал, біздің мақсатымыз – 1 қыркүйекте балаларға қайта жаңғырған ғимаратта білім беру, — деді Гүлнәр Манапқызы.
Спикердің айтуынша, аталған мектептердің шәкірттері тұрақты бақылауда болып, білім платформалары арқылы қашықтан оқиды. Қажет болса, уақытша компьютерлік құрылғылар да беріледі. Ал, бес мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 1 миллиард 740 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Былтыр өңірдегі 25 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, биыл да осынша білім ұясы қайта жаңғыртылмақ. Баспасөз мәслихатында белгілі болғаны, басқарма жоспарына сай 2025 жылға дейін облыстағы 128 ауыл мектебін түгелдей модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, басқарма басшысы биыл балалардың демалысын ұйымдастыру мақсатында «Таланттарды анықтау және қолдау орталығы» жанынан «Сарайшық» оқутынығу лагері жұмыс жасайтынын мәлім етті. Ал, Бесікті ауылындағы «Тұлпар» лагерінің тозығы жетуіне байланысты ғимараты толық бұзылып, орнына жаңа үлгідегі лагерь салынбақ. Бір қуаныштысы, «Нұрс ая» және «Сарыарқа» шағынаудандарында әрқайсысы екі мың орындық 2 мектептің құрылысы шілде айында аяқталып, жаңа оқу жылында шәкірт қабылдамақшы.
Мәлике МӘЛІК