Жарнама
Білім

Атырауда мұғалімдеріге сауықтыру үшін берілетін 10,8 млн теңге кешігіп төленген

Өткен жылдың маусым айында Атырау қалалық білім бөліміне қарасты Дамбы өнер мектебінің 43 оқытушысы облыстық салалық кәсіподақтар бірлестігіне арызданып келген болатын. Олардың басты талабы – нақты оқу жүктемесіне сәйкес төленбей қалған сауықтыру жәрдемақыларын өндіру. Бірнеше жылдан бері «жырға» айналған төлем оқу жылының алдындағы бекітілген тарифпен берілген. Шағымданудың нәтижесінде арыз иелері көздеген мақсатына қол жеткізген. Бұл жөнінде облыстық «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әрине, мәселенің түйіні оңай тарқатыла қойған жоқ. Ұстаздардың шағымына орай, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы бұл жөнінде, алдымен, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының көмегіне жүгінеді. Басқарма арнайы тексеру жүргізіп, оқытушылардың барлық талап-тілектері кеңінен зерделенеді.

Ақыры аталған мәселе былтырғы қарашада облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестікпен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның отырысында талқыланып, аймақ басшысының назарына ілікті. Онда «Міндетті әлеуметтік төлемдер, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркеу және білім саласында ұстаздарға жәрдемақы төлеу мәселесі туралы» баяндама жасаған облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров аталған білім беру ұйымына тексеру жүргізілгендігін хабарлады. Оның нәтижесінде жұмыс берушіге анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде міндеттемелер жүктелген. Ал, заңсыз әрекетке жол берген жауапты маман әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығын мәлім етті.

Мәжілісте Дамбы өнер мектебінің ғана емес, басқа да оқу орындарында қызмет атқаратын оқытушылар мен қызметкерлерге берілетін сауықтыру жәрдемақысының төлену тәртібі қаралды. Соның нәтижесінде «Тиісті төлемдерді нақты жұмыс жасаған жүктемелерінің тарификациясына сәйкес қайта есептеп, қосымша қажетті қаржы бөлініп берілуін қамтамасыз етсін» деген шешім қабылданды.

Бұдан кейін де мәселе «жабулы қазан, жабулы күйінде» қалмады. Қабылданған қаулының орындалысы қайта қаралды. Осыған орай, биылғы қаңтардың 25-інде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Онда «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ-ның төрағасы Қылышбай Сүндетұлы және облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Әбуов Дамбы өнер мектебі ұстаздарының ұжымдық шағымына сәйкес түсінік берді.

Жуырда белгілі болғанындай, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының атына Дамбы өнер мектебі директорының міндетін атқарушы Ғалымжан Сұлтановтан жазбаша хабарлама келді. Онда оқу орны қызметкерлерінің 2021-2022 оқу жылындағы сауықтыру қаржысының толықтай берілгендігі жеткізілген. Яғни, осы мектептің барлық 88 мұғалімі мен қызметкері үшін бюджеттен 10 млн. 885,2 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, жәрдемақы төленді. Осылайша, облыстық салалық кәсіподақтың көмегіне жүгінген ауыл педагогтарының талабы орындалып, әділеттілік үстемдік етті.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button