Атырауда мұғалімдерге қосымша жәрдемақы төлеу мәселелері қаралды
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында білім беру саласындағы еңбек шарттарын бірыңғай жүйеге енгізу және мұғалімдерге қосымша жәрдемақы төлеу мәселелері қаралды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Қылышбай Сүндетұлы аталған саладағы арыз-шағымның дені сауықтыру жәрдемақысына қатысты екенін алға тартты.
– Уақытша жұмыста болмаған қызметкердің міндеттерін орындайтын педагогтерге орнын алмастырған сағаттары каникул кезінде төленбейді. Мектеп директорлары мұғалімге қосымша сағат бөлінген жағдайда, оның еңбек шартына қосымша келісім жасау және тарификацияға өзгеріс енгізу қажеттілігі ескерілмейді. Облыс бойынша мұғалімдерге еңбек демалысы берілген кезде төленетін сауықтыру жәрдемақысы да әлі күнге дұрыс төленбей келеді. Біздің мақсатымыз – қызметкерлердің мүддесін қорғау, екі ортада әріптестік орнату, — деді Қылышбай Сүндетұлы.
Оның айтуынша, республиканың барлық аймағында нақты оқу жүктемесімен төленсе, біздің облыста нормативтік оқу жүктемесімен (16 сағат) төленіп отыр. Осы тұста Атырау облысы әкімдігінің ішкі аудит бөлімінің басшысы Құралай Бакенова бұл пікірге қарсы өзінің уәжін келтірді.
– Сіз, Білім және ғылым министрлігі мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ арасындағы келісімді алға тартсаңыз, біз өз тарапымыздан Үкімет қаулысына сүйенеміз. Біздің міндет осы қаулының орындалысын қадағалау, заңбұзушылыққа жол бермеу. Сондықтан, екі арадағы мәселеге нүкте қою үшін Оқу ағарту министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми хат жіберілді, — деген бөлім басшысы министрліктің жауабы түйткілді мәселенің шешімі болатынына сенімді.
Жиында айтылған ұсыныстар мен еңбек дауына себеп болған жайттарға байланысты облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуахасова түсінік берді. Оның айтуынша, ұстаздар тарапынан түскен өтініш-талаптар заң аясында орындалып, әлеуметтікэ кономикалық мүдделері мен құқықтары қорғалуда. Басқосуды қорытындылаған Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев аудандарда мұғалімдерге отын және коммуналдық шығындар үшін төленетін 5000 теңгелік төлемді өсіру бойынша жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылатынын айтты.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ