Жарнама
Білім

Атырауда Губкин университетінің филиалы ашылды!

Бүгін Атырауда И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ресми түрде ашылды. Ол С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында орналасқан.

Білім ошағының ашылуына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, KAZENERGY Қауымдастығының төрағасы Ұзақбай Қарабалин, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің ректоры Виктор Мартынов, профессорлар, ғалымдар және басқа да құрметті қонақтар келді.

Филиалдың ашылу салтанатында вице-министр Қуаныш Ерғалиев құттықтау сөз сөйледі: «Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Атырау мұнай және газ университетінің базасында И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы құрылды. Президент Қ.Тоқаевтың салалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасы Қазақстанның білім тарихындағы жаңа белес болып табылады. Біздің достық қарым-қатынасымыз ғылыммен нығаяды. Бұл ел өндірісінің дамуына тың серпін береді. Біз жоғары білім саласындағы ресейлік тәжірибе мен әлеуетке үлкен құрметпен қараймыз және болашақта өз жемісін беретініне сенімдіміз. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті үшін бұл үлкен тәжірибе және халықаралық ынтымақтастықтың берік бастауы болады. Ресейлік әріптестермен білім алмасу – Жаңа Қазақстанымызды қалыптастыратын сауатты, сапалы мамандарды дайындаудағы үлкен қадам екеніне сенімдімін», – деді Қуаныш Ерғалиев.

Іс-шара қонақтары екі университет арасындағы бұл ынтымақтастық — көршілес екі ел арасындағы берік достықтың көрсеткіші екеніне сенімді. Айта кету керек, И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің түлектеріне бүкіл әлем бойынша жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие. 2019 жылы университет Forbes журналының нұсқасы бойынша түлектерге деген сұраныс бойынша ТОП-8-ге енді және Times Higher Education (THE) британдық басылымының World University Rankings 2020 рейтингінде алғаш рет 1001+ орынға ие болды. 2015 жылдан бастап С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетімен тығыз ынтымақтастық байланыста. Шара Ресей университетінің Атырау қаласындағы филиалының зертханалары мен оқу кабинеттерін аралаумен аяқталды. Ресей университетінің Атырау филиалына оқуға түскісі келетіндер әлі де құжат тапсырып үлгереді. Ол үшін Атырау мұнай және газ университетіне хабарласу керек. Сабақтар қыркүйек айының соңында басталады.

atpress.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button