Жарнама
Білім

Атырауда бір күнде үш балабақша ашылды

Бүгін Атырау қаласында үш балабақша пайдалануға берілді. Соның бірі — түстен кейін Атырау қаласы орталығындағы мемлекеттік-жекеменшік тапсырыс негізінде салынып, пайдалануға берілген 290 орындық заманауи форматтағы «Болашақ» бөбекжай-бақшасы, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Жаңадан пайдалануға берілген жаңа  нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, құттықтау лебізін білдірді. 

27eb254d 44ba 4fe6 a686 7df257707c05

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы жас ұрпақтың қолында екенін басым айтып келеді. Соның негізінде  мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне айрықша назар аударуды тапсырып,  аймақтарға бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Бүгінде облыста өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Қазір аймақта 17 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұрса, бүгінгідей зәулім нысандардың ашылуы орын тапшылығының азаюына айрықша әсер етері сөзсіз. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік тапсырыс негізінде заманауи үлгіде жасақталған осындай бірқатар нысан ашылады. Осы балабақшаларда тәрбиеленетін балалар тәрбиелі, білімді, еліміздің мақтанышы болатындай беткеұстар азаматтар болып өссін. Халқымыздың барлық құндылықтарын бала бойына сіңіру жолында талмай еңбек ететін  педагогтардың жұмысына да сәттілік тілеймін, — деді Жасұлан Орақұлы. 

438da219 db2e 4cea 8727 4f14f71965a9

Бала тәрбиесі қашан да – жауапты іс. Ал бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың негізі балабақшадан бастау алары сөзсіз. Осы қағидаға басым ден қойған «JM Сapital holding» ЖШС Атырау қаласында бұған дейін бір мезетте үш бірдей нысанды ашып, мемлекеттің игігіліне ұсынған еді. Бүгінде осы жұмыстар әлі де жалғасуда. 

–Бұл Атырау облысында мемлекеттік-жекеменшік тапсырыс негізінде біздің компаниямен бірлесіп алғаш рет іске асырылған үлкен жоба. Ең алғашқы жұмыстар 2016 жылы бастау алды. Жер телімі, ғимарат мәселелері, құжаттама ресімдері біраз уақытқа созылғанымен, бүгінде барлық жұмыс оңынан шешімін тауып, құрылыс нысандары біртіндеп пайдалануға беріліп жатыр, — деді Жалғас Мырзағалиев.

Сондай-ақ нысанның ашылу салтанатына сала ардагерлері мен білім беру басқармасының өкілдері қатысып, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.

Мемлекеттік тілде білім беретін балабақша екі қабатты. Ғимараттың іші жап-жарық әрі жылы. Балалар жас ерекшелігіне сай жасақталған барлығы 12 топқа орналастырылады.  Тәрбиешілерден бөлек логопед және психолог мамандар да бар. Гимнастика және музыка сабақтарына арналған әмбебап зал жасақталған. Балалардың ой-өрісін дамыту кабинеттерінен бөлек, медициналық, процедуралық және тұзбен емдеу бөлмелері де қарастырылған.

–Бүлдіршіндер төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Мұнда қажетті оқу құралдары мен құрал-жабдықтардың барлығы толық қамтамасыз етілген. Әрбір топтың дәріс беретін орындары, жатын және жуынатын бөлмелері бөлек-бөлек орналасқан. Акт залы мен асханасы да бар. Жаңа типтегі ғимараттың әрбір бұрышы мұнтаздай тап-таза. Мұнда балалар күнделікті оқу процесінен бөлек қосымша ақылы түрде вокаль, хореография, актерлік өнер, ағылшын тілі секілді түрлі үйірмелерге қатысуға болады. Балалар бөбекжай-бақшаға Indigo24.kz бағдарламасы бойынша жолдамамен  қабылданады, — деді балабақша меңгерушісі Қамқа Айтжанова.

6fb80408 f16c 4e81 a7bd 4a2fd5f01481

Салтанатты шара қонақтары балабақшаның ішін аралап, 3-4 жастағы балғындардың жұмысымен танысты.

507283be b4b1 4897 b288 fd470c06b835

Айта кету керек, мемлекеттік балабақшалар өз функционалдық міндеттерін мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырып жатса, ендігі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізіндегі мұндай балабақшалар мектепке дейінгі білім беру жүйесінің одан әрі дамуына зор үлес қосады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА 

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button