Атырауда білім гранттары бойынша көрме өтті
Кеше Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде мектеп бітіруші түлектерге батыс өңіріне бөлінген грант туралы түсіндіру мақсатында жоғары білім көрмесі өтті. Елдегі 40-тан астам жоғары оқу орындарының өкілдері қатысқан ауқымды шарада оқушылар түрлі мамандықтар бойынша жан-жақты ақпарат алды. Аталған шара аясында республика Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев «Атырау-Маңғыстау» мақсатты гранты бойынша университет ректорларымен кездесті. Кездесу барысында министрлік пен Атырау облыстық әкімдігі арасында еліміздің батыс өңіріне бөлінген мақсатты гранттарды игеру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру және аймақ үшін өзекті тұрған педагогикалық мамандарды даярлау бойынша меморандумға қол қойылды.
Көрме барысында жоғары оқу орнының өкілдері өз мүмкіндіктері мен білім беру бағдарламалары, мамандықтары мен бөлінген мақсатты гранттың үлесі туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, арнайы ақпарат бетшелерін таратты. Сонымен қатар, шарада мектеп бітіруші түлектерге арналған шеберлік сағаттары, семинартренингтер ұйымдастырылды. «Атырау-Маңғыстау» мақсатты грантының атыраулық жастардың жетекші білім ордаларына түсіп, сапалы білім алуына жол ашатынын айтқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасыректоры Саламат Идрисов мектеп бітіруші түлектерді бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.
– Аталған мақсатты грант арқылы оқушылар мектеп бітіргеннен кейін педагогикалық, техникалық, инженерлік мамандықтар бойынша ең беделді оқу орындарында білім алып, мамандық иесі атана алады. Бұл көрменің мақсаты – өңірлерге мемлекет бөліп жатқан мақсатты грант туралы түсіндіру және оқушыларға кәсіби бағдар беру. Шынын айту керек, оқушылар мен олардың ата-аналарына өзге облыстарды аралап, ЖОО-мен танысуға мүмкіндік бола бермейді. Ал, қазір көрме арқылы университеттер туралы тікелей және толыққанды ақпаратқа қол жеткізеді, — деді Саламат Нұрмұханұлы.
Көрмеге арнайы келген Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Ержан Әмірбекұлы Атырау облысындағы жоғары демографиялық көрсеткішке тоқталып, Арқалық пединститутында оншақты атыраулық жастың жоғары білім алып жатқанын атап көрсетті.
– Мектеп бітірушілердің еліміздің ең жетекші оқу орындарына түсуге талпынысы жоғары. Торғай өңірінен қазақтың алғашқы мектебін қалыптастырған Ыбырай Алтынсарин мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы шыққан. Екі ағартушының мектебі мен өмірлік ұстанымдарын бойына сіңіре білген Арқалық педагогикалық институтына атыраулық талапкерлерді тағы да көбірек шақырғымыз келеді. Студенттер жатақханамен толық қамтылады. Негізінен педагогикалық, гуманитарлық, жаратылыстану, тіл және тарих бағытында білім береміз, — деді ол.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА