Атырауда білім беру саласында заң бұзушылық анықталды
Соңғы кезде өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірген түлектер өз мамандығы бойынша қос қолына бір кәсіп таба алмай қиналып жүр. Айталық, 2021-2022 оқу жылында арнаулы оқу ордасын тәмамдаған жас мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші алдыңғы екі жылмен салыстырғанда төмендеген. Мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асырудың нәтижелілігі мен тиімділігінің негізгі көрсеткіштері қандай деңгейде екенін осының өзі айқындап бергендей. Бұл жөнінде Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Равиль Төлебаев айтты.
Тексеру кезінде техникалық жəне кəсіптік білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырғанда мүдделі ұйымдар ұсыныстарының ескерілмегені жəне кадр қажеттілігі туралы зерттеу жүргізілмегені анықталды. Соның кесірінен осындай кемшіліктер орын алған. Бұл жерде түлектердің жұмыссыз қалуына оқу орындарында дуальды оқыту жүйесінің жеткілікті түрде жүзеге асырылмағанын Равиль Қуанышбайұлы да жоққа шығармады. Жалпы облыстағы техникалық жəне кəсіптік білім беру саласына жүргізілген аудит нəтижесінде 3 млрд. теңгенің заң бұзушылығы анықталған.
Соның ішінде қаржылық бұзушылық 1,7 млрд. теңге болса, тиімсіз пайдаланған жəне жоспарланған бюджет қаражатының есебі тиісінше 1 млрд. теңге жəне 625 млн. теңгені құрады.
– Əрине, аудит қорытындысынан кейін кемшіліктерді жою мақсатында өз ұсынысымызды бердік. Атап айтқанда, аталған білім беру ұйымдары түлектерінің жұмысқа орналасу мониторингін қайта қарап, сапалық көрсеткішін көтеру, жаңадан қосымша тетіктерді қолдануды тапсырдық. Өндіріске аса қажетті мамандықтарды анықтау мақсатында жыл сайын еңбек нарығында зерттеу жүргізу, сол арқылы сұранысқа ие кəсіп түріне оқытуды, мемлекеттік білім беру тапсырысын ұсыныстарды, зерттеу нəтижелерін ескере отырып қалыптастыруды ұсындық. Сонымен бірге, еңбек нарығындағы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін кадрлар даярлаудың жаңа тəсілдерін іздестіруді, соның ішінде WorldSkills талаптарын ескере отырып, мамандар дайындау бойынша шаралар қабылдауды тапсырдық, — деді комиссия төрағасы.
Өкінішке қарай, тексеріс өзге де кемшіліктердің бетін ашты. Техникалық жəне кəсіптік оқу орындарының оқытушылары кəсіби біліктілікті арттыру жəне қайта даярлау курстарынан көп өткен. Бірақ, саны бар да, сапалық құрамы төмен болып шықты. Бұл да аталған оқу орындарындағы мамандар даярлау ісіне, ондағы түлектердің жұмысқа орналасып, өндіріске араласып кетуіне кері əсерін тигізері сөзсіз.
– Тексеру қорытындысынан кейін оқу орындарындағы кітапхана қорының жаңартылған оқу-əдістемелік кешендермен қамтамасыз ету деңгейі де төмен екендігі байқалды. Министрлік тарапынан тиісті тапсырма бола тұрса да, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға əлі көшпей отыр. Басқарма Бюджет кодексінің талаптарын, бюджеттік өтінімді жасау жəне ұсыну қағидаларын бұза отырып, бюджеттік өтінімдегі ақпарат пен есеп-қисаптардың толықтығы мен дұрыстығын жəне растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз етпеген. Сатып алынатын тауарлардың негіздемесі жалғанбаған жəне бөлінген бюджет қаражатына тиісті мониторинг жүргізілмеген. Мұның барлығы кейіннен бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдалануға əкелген. Сондықтан аудит нəтижесінде осы кемшіліктерге байланысты да тиісті ұсыныстар берілді, — дейді Р.Төлебаев.
Ербол ҚОШАҚАНОВ