Атырауда алғашқы қоңырау сыңғырлады
Білім күні облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Атырау қаласындағы №42 орта мектепте болып, мерекеге арналған алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Жиын барысында аймақ басшысы оқушыларға ақжарма тілегін білдірді.
- — Соңғы жылдары елімізде білім беру жүйесін дамытуға мемлекет
тарапынан бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Зәулім мектептер ашылып, педагогтердің мәртебесі туралы арнайы заң қабылданды. Білім беру саласында еңбекақы өсіп, білім беру бағдарламалары жаңартылды. Мұның бәрі кішкентай бүлдіршіндеріміз бен жастарымызға, еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан үлкен инвестиция деп білеміз. Білім берудің сапасын арттырып, оқушылардың неғұрлым білімді, келешекте қоғамға бейімделген тұлға болып қалыптасуына мемлекет күш салып келеді. Бұған облыс әкімдігі де мейлінше атсалыса беретін болады. Осы орайда ұстаздардың да рөлі ерекше екендігін айта кеткен жөн. Білімді ұрпақ тәрбиелеу ұстаздың біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты. Сондықтан ұстаздардың білім көкжиегін кеңейтіп, қайта даярлауға арналған көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл пайдалануға берілген жаңа білім ұясының табалдырығын аттап жатқан бүлдіршіндеріміз бен оқушыларымыз еліміздің дамуына үлес қосатын азамат болуларына тілекшімін. Оқу жылын жарқын жетістіктермен аяқтауды нәсіп етсін, — деген облыс әкімінің орынбасары оқушыларды білімді азамат болып қалыптасуға үндеді.
Аталған орта мектеп директоры Айнамкөз Бисенғалиева биыл пайдалануға берілген білім ошағының көңіл толарлық нәтижесіне тоқталып, мектептің материалдық-техникалық базасына тоқталды.
- — Осы жылдың қаңтар айында ата-аналар мен оқушыларды қуанышқа
кенелтіп, мектебіміз бой көтерді. Былтырғы оқу жылында 1246 оқушы білім алып, оқу жылын 44,9% сапа көрсеткішімен аяқтадық. Биылғы 2022-2023 оқу жылын 1814 оқушы, 112 педагог кадрлармен бастағалы отырмыз. Мектепке дейінгі дайындық сыныбының 8 тобына 210 тәрбиеленуші қабылданды. Сонымен қатар, 1 сынып табалдырығын 306 оқушы аттап, 13 сыныпқа топтастырылды. Биыл ашылған 11 сыныпта 25 білім алушы бар. Мектептің материалдық – техникалық базасы жаңа заман талабына сай, жаңа үлгіде салынған, ақпараттық технологиялармен, аудио-кешенді оқу құралдарымен қамтамасыз етілген, — деді Айнамкөз Байғалиқызы.
Сондай-ақ, мектеп ұстаздары «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін, мұқтаж отбасылардың балаларына көмек, қолдау көрсетіп киім, оқу құралдарын сыйға тартқандығын айтады. Сонымен қатар, ата-аналар мен жергілікті кәсіпкерлер де қолдан келген көмектерін көрсетіп жатқандығын жеткізді.
Салтанатты шара соңында ата-аналар жылы лебіздерін білдіріп, мектеп өнерпаздары көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Биылғы оқу жылында Атырау облысы бойынша 200 мектеп есігін айқара ашты. Өңірде 12 424 мұғалім еңбек етіп, 142 843 оқушы білім алғалы отыр. Соның ішінде 15 834 оқушы 1-сыныпқа қабылданған.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ