
Атырауда энергетикалық білім беру семинары өтті
Бүгін, UTEBAYEV UNIVERSITY-де SPE-2024 Конференциясы мен көрмесі аясында Атырау қаласының физика пәні мұғалімдеріне арналған тегін шеберлік сағаты өтті. Іс-шараны SPE International ұйымы ұйымдастырып, Энергетика саласындағы білім беру менеджері Лужиан Родригес жетекшілік етті. Шеберлік сағаты мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және білім беру саласындағы заманауи әдістемелермен бөлісуге бағытталған.

Аталған дәріске Атырау қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері қатысты. Оның негізгі мақсаты – мұғалімдерді экономиканы энергиямен қамтамасыз ету саласындағы заманауи біліммен және тәжірибемен таныстыру.
Лужиан Родригестің айтуынша, іс-шара барысында мұғалімдер мұнай-газ саласының маңызды кезеңдерімен, атап айтқанда барлау, өндіріс және оны тұтынушыларға жеткізу процестерімен танысты. Қатысушылар практикалық тапсырмалар орындап, энергия саласындағы жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибелерінде қолдану жолдарын қарастырды.
-Бүгін біз мұғалімдерге энергияның экономиканы дамытудағы маңызын түсіндіретін практикалық іс-шаралар ұйымдастырдық. Қазір олар барлау процесін зерттеп, өндіріс кезеңіне дайындалуда. Қатысушылар бұл шарадан үлкен әсер алып, білімдерін кеңейтуде, — деді Энергетика саласындағы білім беру менеджері Лужиан Родригес.
Семинар мұғалімдердің энергетика саласын тереңірек түсінуіне көмектесіп қана қоймай, осы білімді оқушыларға жеткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар өңірдегі білім беру сапасын арттыруға және оқушылардың ғылым мен технологияға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, SPE International – энергетика саласындағы мамандар мен ұйымдарға арналған жетекші кәсіби қауымдастық. Компания білім беру, инновация және технологияны ілгерілету арқылы энергетикалық сектордың тұрақты дамуына қолдау көрсетеді.