Жарнама
Білім

Атырау облысының білім саласындағы жаңашылдықтар қандай?

«Білім – инемен құдық қазғандай» деп халқымыз айтпақшы, білімді ұрпақ бойына дарыту да темірдей төзімділік пен асқан шыдамдылықты талап етеді. Кейде қоғам мүшелерінің оған төзімсіздік танытатыны да шын. Соңғы жылдары  облыста білім сапасының төмендеп кеткені жасырын емес. Атқарушы билік сапаның құлдырау себебін іздеп, бірқатар тың бастамаларды, әсіресе мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен алдыңғы қатарлы мектептердің тәжірибесін тарату секілді тың әдіс-тәсілдерді қолға алды. Ақырында оның нәтижесін көретін күн де туды. Өткен жылдың соңында PISA-2022 халықаралық бағалауының нәтижелері бойынша Атырау облысы елдегі 20 аймақ ішіндегі білім сапасы бойынша 19-ншы орыннан 15-нші орынға көтерілді.

Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өзінің Facebook әлеуметтік желісінде жариялап, білім сапасының жақсарғанын хабарлаған болатын.

– Математикалық сауаттылықта (14-орын), оқу сауаттылығында (11-орын) және ғылыми сауаттылықта (12-орын) жетілдірулер байқалды. Бұл өсу динамикасы – елдегі барлық аймақ  арасында ең жоғары көрсеткіш. 2018 және 2022 жылдардың салыстырмалы көрсеткіштері математикалық сауаттылықта (405-ұпай, 23-ұпайга өсу), оқу сауаттылығында (378-ұпай, 34-ұпайға өсу) және ғылыми сауаттылықта (406-ұпай, 45-ұпайға өсу) өсу көрсетті. 2018 жылғы зерттеу бойынша аймақ 19-ші орында болатын, бірақ соңғы зерттеу оң өзгерістерді көрсетті. Бұл жетістік бірінші кезекте жергілікті педагогтардың еңбегіне байланысты. Ендігі кезекте көрсеткіштерімізді одан әрі жақсартуға жұмыстануымыз керек, — деді Жасұлан Орақұлы өз жазбасында.

Мектепті жақсы қылатын да, жаман қылатын да мұғалім, ол рас. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз де тектен-тек айтылмаса керек. Білікті ұстаздан білім алған баланың болашағы жарқын боларын уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Зер салсаңыз, қатардағы кейбір мектептерде де балаға бар ынтасымен білім нәрін беріп, шәкіртін әртүрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатыстырып, жемісін көріп жүрген, есімін ел білетін танымал ұстаздар бар. Олар атақ-даңқ үшін емес, бар ойы «баланы оқытсам, сауатын аша түссем» деп жүрген ардақты мамандық иелері. Мұндай майталмандардан Атырау өңірі де кенде емес. Дегенмен, облыста кейбір пәндерден кадр тапшылығы маңызды мәселеге айналғалы қашан?! Десе де, облыстық білім беру басқармасы хабарлағандай, 2023-2024 оқу жылында білім беру мекемелері 400-ден астам жас маманмен толыққан.

– Облыстағы 204 мемлекеттік мектепте қазір 12280 мұғалім жұмыс істейді. 2021-2022 оқу жылында 12422 мұғалім болған еді. Мұғалімдердің 60 пайыздан астамының педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер деген біліктілік санаттары бар. Қазір педагогикалық кадрларға қажеттілік – 83 бірлік. Бұл – орыс тілінде оқытатын математика пәні және бастауыш сынып мұғалімдері. Өткен оқу жылында білім беру мекемелеріне 496 педагог қабылданды, оның 420-сы жас маман. Жалпы әр жыл сайын облыс мектептеріне 400-ге жуық педагог келсе, оның басым көпшілігі – жас мамандар, — дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков.

Басқарма басшысының айтуынша, «Атырау облысының білім жүйесін дамытудың жол картасы» әзірленген. Қазіргі кезде саладағы барлық өзекті мәселелер осы құжаттың негізінде шешімін тауып келеді.

Оқушыға сапалы білім беруде үш ауысымды мектептің де өзекті мәселе екені белгілі. Сондықтан, оған бейжай қарап, «балаларды әйтеуір мектепке сыйғыздық» деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмас. Жалпы мектептер мәселесі біздің өңірде ғана емес, бүкіл республика бойынша маңызды. Ақпарат көздері Алматыда үш ауысымды 50-ден астам мектеп барын, тіпті оның бірінде «У» сыныбы ашылғаны туралы да жазған еді.

Ал, Е.Сламбеков Атырау облысы халқының демографиялық өсуі себепті, яғни жыл сайын дүниеге 14 мыңнан астам сәби келетіндіктен, балабақшаға сұраныстың жоғары екенін айтады. Егер жағдай бұлай жалғаса берсе, халық саны жыл санап артып келе жатқан Атыраудың да ірі мегаполистің кейпін кимесіне кім кепіл?!

Мамандардың айтуынша, қалада үш ауысымды мектептердің болуы демографиялық өсіммен қатар көші-қон есебінен де, сондай-ақ ата-аналардың балаларын орыс тілінде оқытатын сыныптарға оқуға беруі себепті де туындап отыр екен.

Анығын айтсақ, естіген құлаққа оғаш көрінгенімен мұнайлы астанада үш ауысымды 11 мектеп бар. Бұл – факт. Ал, туындайтын сұрақ – Атырауда неліктен мектеп тапшы? Үш ауысымды мектептердің қазіргі күйі нешік?

Өңірде 11 үш ауысымды, 4 апатты жағдайдағы мектептің бары жергілікті тұрғындарға жақсы таныс. Оның бұған дейін толыққанды білім алуда қолайсыздық туғызып жүргені де анық. Десек те, былтыр дәстүрлі тамыз мәслихатында облыс әкімі жыл соңына дейін апатты мектептің 3-уінің мәселесі толықтай шешілетінін айтқан болатын. Алайда, барлық білім ұяларында оқушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатымен қайтадан мектептер зерделеніп, кейбір білім ошақтары апатты мектептердің санатына көшірілетін болады. Осыдан соң, апатты мектептер саны қайтадан артуы да ғажап емес. Салынған уақытына байланысты мектептердің де ескіретіні бар. Бірақ жергілікті атқарушы биліктің бұл мәселеге қатысты өз жоспары да жоқ емес. Алдағы екі жылда, яғни 2025 жылдың соңына дейін облыста заманауи 52 жаңа мектеп салынып бітеді. Міне, осыдан соң жоғарыда айтқан үш ауысымды 11 мектептің 6-уы қалады. Облыста үш ауысымды мектептің басты проблемаға айналып отырғанын басқарма басшысы да ашып айтты. Дегенмен, саладағы бұл проблема да біртіндеп шешімін табарына сенімді.

– Проблема – мектептердің үш ауысымдылығы. Қазір 11 мектептің барлығы да Атырау қаласында. Осыған орай, 2023-2025 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 12400 орындық 12 мектептің құрылысы салынады, — дейді Ерлан Талғатбекұлы.

Былтыр өңірде бірқатар жаңа мектептің бой көтеріп, оқушылардың игілігіне берілуі де осы мақсаттағы жұмыстардың нәтижесі болса керек. Пайдалануға берілген 12 мың орынға арналған 5 жаңа мектеп, 1 жапсаржайдың ішінде әрқайсысы 2 мың орындық  екі BINOM мектебі де бар.

Өткен оқу жылында біраз қоғам талқысына түскен оқу жылының екі аптаға созылуы ұстаздар мен оқушыларға да қолайсыздық туғызғаны рас. Расында, бұл келіспей пішкен тон болғандықтан келте шықты. Ал биыл тамыз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың өзі де мұның асығыс шешім болғанын айтып, жаңа 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын мәлімдеді. Ал, ата-ана үшін баласының қанша уақыт мектепте болғаны емес, ең бастысы зор үмітпен берген перзентінің зейіні ашылып, білім нәрімен сусындағаны маңызды. Бес саусақ бірдей болмаса да, балалардың барлығының бірдей «бестік» бағаға оқып, зейінді болғанын кім қаламасын?!

Ең бастысы, бұған дейін жылдар бойына басынан сын арылмай келген облыстың білім сапасының бет алысы жаман емес. Сапада сәл де болса серпін барын айтып, мамандардың өздері қуанып жүр. Лайым солай болып, биылғы оқу жылында да үздіктердің қатары арта түссе дейміз. Өйткені, қай салада да басты қағида – сан емес, сапа!

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

***

Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА,

облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы:

– Педагогтардың біліктілігін арттыру – оқу мен оқу сапасынарттыру үшін жаңа білім алуға, кәсіби білімін, дағдылары менқұзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге жәнежетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны. Өткеноқу жылында қалалық және ауылдық мектептер арасындабілім беру сапасының алшақтығын қысқарту бағытындапедагогтарды әдістемелік қолдау мақсатындағы «Мобильдіәдіскер» жобасы жүзеге асты. Педагогтың кәсіби қажуыныңалдын алу мақсатында әр сенбі сайын танымдық, әлеуметтіктақырыптарға арналған «Сенбілік мотивация» жобасы іскеқосылды. Инновациялық табысты жобалардың бірі – мектепкомандасы қызметі де бастау алды. Бүгінде өңірдегі 66 мектепте 198 педагогтан тұратын мектеп командасы жұмысжасайды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button