
Атырау облысында 97 мектеп жөндеуден өтеді
Аймақта «Реновация» жобасы аясында биыл 9 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған үш жылдық жоспардың алғашқы кезеңі. Жалпы 2025-2027 жылдары өңір бойынша 97 мектепті жөндеу жоспарланған, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Жеті мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Тағы 2 мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, конкурс жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары облыстың барлық ауданын қамтып отыр және белгіленген кестеге сай жүзеге асырылуда, – деді облыстық Білім беру басқармасының бас маманы Абылай Ережеп.

Атырау қаласында Ә.Жангелдин және №9 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептерде жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен басталды. Мақат ауданындағы Ораз Сарғұнанов және Абай Құнанбаев атындағы мектептердегі жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілуде.
Индер, Жылыой, Махамбет және Құрманғазы аудандарындағы бірқатар мектептегі құрылыс жұмыстарының қарқыны да жоғары. Мысалы Жылыойдағы №19 орта мектептегі жөндеу 95%-ға, Абай Құнанбаев атындағы мектептегі жұмыс 90%-ға орындалған. Қос білім ордасы тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.