NIS ОҚУШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС-МЕКТЕБІНДЕ БІЛІМ АЛМАҚ

mycollages Білім

Atr.kz/27 қазан, 2020 жыл. Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бес оқушысы халықаралық «MINIBOSS» бизнес-мектебінің білім грантына ие болды.

Кәсіпкерлікті дамытуға арналған оқу орында NIS оқушылары 1 жыл тегін білім алады. Дарынды балалардың төл жобасын жасауға және олардың еңбегін нарыққа шығаруға Қазақстан мен Ұлыбританияның бизнесте жүрген жетекші мамандары қолдау көрсетпек.

«Соңғы үш жыл бойы «MINIBOSS» Қазақстандағы жастардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруда. Ал Атырауда биыл жұмысын бастаған орталық өңірдегі жасөнертапшықтардың бастамаларын қолдауға ниетті. Алғашқыларының қатарында Назарбаев Зияткерлік мектебінің бес оқушысы бар. Олар мектепшілік конкурстарда көзге түскен және әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балалар», – дейді бизнес-мектебінің директоры Лилиана Хегай.

Көп жағдайда дарынды балалардың тырнақ алды бастамалары қаржылық қолдаудың тапшылығынан аяқсыз қалады. Ал «MINIBOSS» бизнес-мектебі оқушылардың өз идеясын толық іске асыруға және жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуды көздеп отыр. Оқу орны Еуропалық Бизнесті Дамыту Қауымдастығымен қаржыландырылады. Қазіргі таңда зияткерлік мектептің бес оқушысына 7500 еуро көлеміндегі білім гранты бөлінді. Оқушылар теориялық білімді түрлі ойындар және тәжірибелер негізінде меңгереді. Кейін өздерінің жасап шығарған жобасын инвесторлар алдында қорғайды. Ұсынған идея сәтті болса атыраулық оқушылардың ұлттық чемпионатта өнер көрсетуі және жобаны әрі қарай қаржыландыру жолы қарастырылатыны белгілі болды.

«Мақсатымыз әлемнің 15 елінен бизнестегі жастардың бас қосатын ақтық сайысына жолдама алу. Оған қатысу үшін тынымсыз еңбек етуіміз керек. Қазіргі сәтте әлемнің алпауыт мемлекеттерінің дарынды балалары өз жобасын дайындауды бастап кетті», – дейді кәсіпкерлікті дамыту мектебінің директоры.

*Ақпарат және фотосурет мектеп баспасөз қызметімен ұсынылды

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз