
Атырау балабақшасында алғаш рет инклюзивті қолдау кабинеті ашылды
Атыраудағы №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Инклюзивті қолдау кабинеті» ашылды.

Жобаны облыстық Білім беру басқармасы, Атырау қаласының Білім бөлімі, Әдістемелік орталығы және «BI Жұлдызай» корпоративтік қоры бірлесіп жүзеге асырды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мақсат – ерекше білімді қажет ететін балалардың білім алуына, әлеуметтенуіне және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау. Мұнда логопед, психолог, дефектолог және емдік дене шынықтыру мамандары жұмыс істейді.

-Бұл жерде балалар тек диагнозына қарай емес, ата-аналардың өтініші бойынша да қабылданып, мамандардың сүйемелдеуімен оқытылады. Жалпы өңірде 7914 ерекше бала бар, олардың 2507-і мектепке дейінгі жаста. Жаңа инклюзивті қолдау кабинетінің ашылуы ерекше қажеттіліктері бар балалардың толыққанды дамып, қоғамға бейімделуіне зор үлес қосады, — деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева.

Алдағы уақытта осындай кабинеттердің басқа да балабақшаларда ашылуы жоспарлануда.