Жарнама
Білім

Атыраулық оқушы өз жобасына инвестиция ұтып алды

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы республикалық жас кәсіпкерлер байқауында үздік көрініп, ғылыми-зерттеу жобасына екі инвестиция ұтып алды, деп хабарлайды Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

Бектайыр (2)

Оқушы ағаш қалдықтарын пайдалана отырып, олардан жасанды (синтетикалық) тағамды алуға болатынын дәлелдеді. Бектайыр Төлешов өзінің бірнеше айлар бойы жүргізген сынақтарының нәтижесінде ағаш жасушаларынан тағамның түр-түрін жасауға болатынын анықтаған.

«Сынама ретінде жасалған алғашқы өнімдерді кәдімгі табиғи жолмен алынған тағамдармен салыстыруға келмейді. Алайда, аталған зерттеулерді әлі де жүргізетін болсақ, болашақта  Қазақстан арзан әрі ағзаға қауіпсіз, тез сіңіп кететін тағамдарды дайындаудан көшбасшы бола алады», — дейді жоба авторы.

Бектайыр (1)

Оқушының ғылыми жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Рақымжан Қосанов аталған жобаны Ақтауда өткен «Caspian Start-up 2018» сайысына ұсынған. Жүздеген жұмыстар арасында Бектайырдың тырнақ алды бастамасы екінші кезеңге өтіп, ақтық мәреде үздіктер қатарынан табылды. Ағаш қалдықтарынан тағам алудың тың тәсіліне қызығушылық білдірген екі бірдей ақтаулық кәсіпкер Бектайырдың жұмысына қаржы құйюға ниет білдіріпті. Бірі жаңа зерттеулер жүргізуге 200 мың теңге көлемінде ақша берсе, енді бірі Бектайырдың ғылыми жобасын сатып алуға ниет танытып отыр.

Осылайша, өңірдегі Елбасы мектебінің оқушылары оқудағы жетістіктерін іске асыру арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге қадам басуда. Олардың ғылыми-шығармашылық ізденістері Қазақстанның дамыған отыз озық елдер қатарынан табылуына қосқан сүбелі үлесі екендігі сөзсіз құптарлық әрі қуантарлық жәйт.

Хорлан СМАДИЯР

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button