Атырау қаласында kundelik.kz сайтының қолданушылары 3 есеге артты
Атырау қаласында kundelik.kz сайтының қолданушылары 3 есеге артты. Бүгінде бұл сайтты 40 мыңнан астам ата-ана мен 50 мың мектеп оқушысы қолданады, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба білім сапасын арттыру, бақылау және екі жақты байланыс орнатуға бағытталған. Ата-аналар балаларының оқу үлгерімін мектепке келмей-ақ, электонды күнделік арқылы бақылай алады. Сайтта бұдан өзге әдістемелік әдебиеттермен қоса, түрлі кеңестер мен ақпараттар жүктелген.
«Бүгінде электронды күнделік жүйесін қаладағы 57 мектеп пайдаланады. Қалада 58 700 оқушы білім алса, бұл көрсеткіш жалпы оқушы санының 83 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін пайдаланушылар санын 100 пайызға жеткіземіз. Қағаз түріндегі журналды пайдаланбау туралы министрліктен арнайы бұйрық бекітілген болатын. Электронды күнделік арқылы ата-аналар сабақ кестесін, өткізілетін шаралар,ашық сабақ туралы мағлұматты біліп отырады. Яғни, бұл ата-ана мен мұғалім арасындағы байланысты орнататын жүйе», — дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи.
Айта кетейік, kundelik.kz жүйесі 2016 жылдың 1 қыркүйегінде іске қосылды.