Ардагер ұстазға құрмет көрсетілді
Атырауда облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов жаңа оқу жылының алғашқы күнінде 95 жастағы ардагер ұстаз Сара Махмудқызына республика Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаевтың “Құттықтау хатын” табыстап, Білім күнімен құттықтады.
Аталған басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың хабарлауынша, еңбек жолын мектепте ұстаздықтан бастаған Сара Махмудқызы облыстық мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтының басшысы, Қазақстан компартиясы Гурьев облыстық комитеті ғылым және білім бөлімінің меңгерушісі қызметтеріне дейін көтеріліп, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған. Он жылдан астам сол кездегі Гурьев облысының білім саласын басқарған ол заман талабына сай тың өзгерістер енгізіп, саланың қарқынды дамуына зор үлес қосқан.
Сара Махмудқызы барша қазақстандық ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаздық, аналық тілегін арнады.
Ұстаздардың ұстазы «елдің тыныштығы, ұлттар достығы үстем болсын, білімді, саналы ұрпағымыз көп болсын» деген ниетпен ақ батасын да берді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ