Жарнама
Білім

Америка құрметтеген қазақ ұстазы

Замана алмасып, уақыт көшінің бағыты өзгергенімен, ұстаздық жолдың қадірі кеміген емес. Әсіресе, бүгінгідей ғылым мен техниканың ғарыштап дамыған дәуірінде білім нәрін бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу – кез-келген мұғалімнің емес, өмірін сол жолға арнаған шынайы жанкешті маманның ғана маңдайына жазылар бақ. Осындай аяулы жандардың бірі, жас ұрпақтың шет тілін меңгеруіне жол ашқан, ағылшын тілі пәнінің білгірі, майталман ұстаз – Қанзиба Кемелқызы Бөлекбаева.

Ол – қызылқоғалықтар үшін ғана емес, бүкіл елге үлгі болатын ұстаз. Еліміздің шекарасынан асып, АҚШ-тың Линкольн қаласының Құрметті азаматы атану екінің біріне бұйыра бермейтін зор мәртебе екені анық. Бұл – ең алдымен, Қазақстан ұстазының, қазақ әйелі мен ауыл мұғалімінің әлемдік деңгейде мойындалуы.

Бір мектепке – бүтін ғұмыр

Саналы ғұмырының 35 жылын ұстаздыққа арнаған ол 1955 жылдың 16 наурызында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Туған жері – Атырау облысының Жантерек елді мекені. Сол ауылдағы бастауыш мектепте алғашқы сауатын ашып, кейін Доссор кентіндегі С.Шарипов атындағы сегізжылдық мектеп-интернатта білім алып, орта білімін Мұқыр орта мектебінде тәмамдаған.

Мектеп қабырғасынан бастап ғылым мен білімге құштар болып өскен Қанзиба Кемелқызының бала күнгі арманы – химия пәнінің мұғалімі болу еді. Сол арман оны мектеп бітірісімен бірден жоғары оқу орнына жетелейді. Алайда сол жолғы талпынысы нәтижесіз болып, конкурс талаптарынан өте алмай туған ауылына оралады. Бірақ бұл сәтсіздік оның жігерін жасыта алмайды. Ол уақытша теміржол саласына жұмысқа орналасып, сол жерде табандылықпен үш жыл еңбек етеді.

Кеудесіндегі арман қайта алаулап Алматы қаласына жол тартады. Бұл жолы өзі қалаған химия пәніне емес, ағылшын тілі маманы болуға құжаттарын жинақтайды. Себебі бірер жыл бұрын пойызда Сағыз ауылының екі қызымен танысып, әңгіме барысында Алматы шетел тілдері институтына баратын болып уәделеседі. Ағылшын тілін мектепте сегізінші сыныпта ғана оқыған ол бастапқы кезде аталған пәнге қызыға қоймапты. Бір қызығы, емтихан кезінде барлық сабақты төрт пен беске тапсырғанымен ағылшын тілінен екілік алып, жоғары оқу орнында оқимын деген мақсаты тағы да жүзеге аспайды. Алайда үш жыл теміржолда жасаған еңбегін ескеріп, институт басшылығы дайындық курсында оқуға қалдырады.

Сол дайындық курсы – Қанзиба апайдың тағдырын түбегейлі өзгертеді. Ол осы бір жылдың ішінде ағылшын тілін жанын салып оқып, жетік меңгереді. Қайсарлықтың, табандылықтың, шынайы мақсаттың үлгісін көрсетіп, көп ұзамай институттың негізгі бөліміне қабылданып, бес жылдық оқуын үздік дипломмен аяқтайды. Осылайша ол 1981 жылы шетел тілдері институтын ағылшын және француз тілі мамандығы бойынша бітіріп, туған жерге оралады. Ұстаздық еңбек жолын өзі түлеп ұшқан Мұқыр орта мектебінен бастайды.

Алғашында кездескен қиындықтар аз болған жоқ. Ол кезде ауыл мектептерінде ағылшын тіліне деген көзқарас өзгеше еді. Ата-аналар мен кейбір әріптестер бұл пәннің қажет екенін түсіне бермейтін. «Ағылшын тілі ауылға не керек?» деген пікір жиі айтылатын. Қанзиба апай өз ісінің дұрыстығын дәлелдеу үшін бар күш-жігерін салды. Кітаптың тапшылығына қарамай, Доссордағы бұрынғы ұстазы Кенже Жұмасылова апайынан кеңес сұрап, мектеп кітапханасынан оншақты оқулық алып, сабаққа пайдалануға кіріседі.

Тіпті «Иностранные языки в школе» журналын жаздырып алып, үнемі ізденіс үстінде жүрді. Ол аптасына бірнеше рет ашық сабақ өткізіп, тәрбие сағаттарын ағылшын тілінде жүргізді. Оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін сабақтарда ағылшын тілінде әндер орындап, ойындар ойнатты. Қанзиба апайдың бойында білім ғана емес, өнер де қатар өрілген еді. Ол өзі білетін жиырма шақты ағылшын тіліндегі әнді жатқа айтып, әр сабақты әсерлі өткізуге ұмтылатын. Сабақтарында оқушыларға шет тілін сүйіспеншілікпен үйретіп, олардың бойына сенімділік пен биік мақсат дарытты. Ағылшын тілінің мүмкіндігін дәлелдей отырып, бұл пәннің де ауыл баласы үшін қажет әрі қолжетімді екенін көрсетті.

Ол білім беру саласында ұстаздықпен қатар басқарушылық қызметтерде де табысты еңбек етті. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, оқу ісінің меңгерушісі сияқты жауапты лауазымдарды да зор жауапкершілікпен атқарды. Оның ұстаздық жолы – нағыз ерік-жігердің, тынымсыз еңбектің, шәкірттерге деген риясыз махаббаттың көрінісі.

Ұстаздан озған шәкірттер

Ұлағатты ұстаздың мұғалімдік қызметтегі еңбегі нақты нәтижелерімен айқындалды. Жоғары сыныпты бітірген 60 шәкірті оның тікелей бағыт-бағдар беруімен ағылшын тілін таңдап, жоғары оқу орындарына түсіп, бұл салада білімдерін жалғастырды. Бүгінде олардың бірі кәсіби аудармашы, бірі университеттерде дәріс оқитын оқытушы, енді бірі мектептерде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып табысты еңбек етуде. Бұл – бір ғана ұстаздың тұтас бір буынға ықпал ете алғандығының, өз ісіне шын берілгендігінің дәлелі болса керек.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Қанзиба апай белсенді еңбек етуді жөн көрді. Өз үйінің төрін шағын оқу сыныбына айналдырып, білімге құштар ауыл балаларына сабақ берді. Зейнетке шыққан соң оқытқан сегіз оқушысының алды бүгінде еңбекке араласып, болашағын осы салаға арнаса, жасы кішілері – жоғары оқу орындарының студенттері. Осылайша, барлығы 68 шәкіртінің шетел тілі саласында кәсіби маман болып қалыптасуы – Қанзиба Кемелқызының ұзақ жылғы еңбегінің, ұстаздық жүрегінің, адами парасатының ақталғаны.

Оның алғашқы шәкірттерінің бірі – Ақмарал Мұқанова – бүгінде халықаралық деңгейде жетістікке жеткен кәсіби маман. АҚШ-тың Аризона штатының Туссон университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған Ақмарал бүгінде сол елде ірі бір фермада әдіскер болып еңбек етеді. Ол қызметімен ғана емес, ұлт мүддесі үшін жасаған еңбегімен де мақтанышқа лайық. Ақмарал Мұқанова ағылшын тілін үйренгісі келетін қазақтарға және қазақ тілін үйренуге ынталы америкалықтарға арнап «Фразеологиялық анықтамалық» кітабын жарыққа шығарып, қос ұлттың мәдени байланысына алтын көпір болды. Бұл еңбек – тіл үйрету құралы ғана емес, екі халық арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту жолындағы маңызды еңбек.

Линкольн қаласының Құрметті азаматы

1991 жылғы республикалық педагогикалық оқудың қорытындысы бойынша «Аға мұғалім» атағына ие болған ұстаз білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, әрдайым шығармашылықпен жұмыс істеді. Ол заман талабына сай үнемі ізденіп, жаңаша оқытудың тиімді әдістерін меңгеріп, оны өз тәжірибесінде сәтті қолданады. Алты мәрте аудандық, алты рет облыстық педагогикалық оқуларға қатысып, үнемі I, II орындарды иеленуі – соның айғағы.

Еңбегі еленіп, әр жылдары Білім және ғылым министрінің, облыс және аудан әкімдерінің, облыстық мәслихат пен білім департаменттерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына, түрлі сертификаттарына ие болды. Өзге де марапаттармен қатар, туған жерінің – ауданның Құрметті азаматы атануы – ұстаздық жолдағы қажырлы еңбегінің бағаланғаны. Алайда оның жетістіктері елімізбен шектеліп қалған жоқ. 2007 жылы Алматы қаласында өткен, АҚШ ұйымдастырған ағылшын тілі мұғалімдерінің халықаралық байқауына дүние жүзінің 11 елінен 1500-ге жуық ұстаз қатысып, үш кезеңнен тұратын іріктеу қорытындысы бойынша Қанзиба Кемелқызы грант иегері атанды. Сол байқау арқылы екі ай бойы АҚШ-та білімін жетілдіріп, түрлі оқу орындарында тәжірибе алмасты. Тіпті сол сапарында америкалық оқушыларға ағылшын тілінен сабақ беріп, әдістемелік тәжірибе алмасуға тікелей қатысуы – оның кәсіби біліктілігінің тағы бір дәлелі болды.

Сол жолғы сапарында ол бірқатар байқауларға қатысып, Небраска штатының Линкольн қаласының Құрметті азаматы атағын иеленіп, бүкіл елге танылды. Сонымен қатар «IREX» халықаралық зерттеу және тәжірибе алмасу бюросының «Үздік жетістіктері үшін» арнайы сертификатымен марапатталды. Бұл марапаттар – оның шетелде де мойындалған беделді ұстаз екенін көрсететін биік жетістіктер. Ол отбасында да үлгілі жар, ардақты ана. Жолдасы Төлеген екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді.

Түйін:

Кішкентай ғана ауылдан қанат қаққан Қанзиба Кемелқызының әлемге танылған тұлғаға айналуы – ұрпаққа үлгі болар іс. Бұл – ұстаздық жолға деген шынайы сүйіспеншіліктің, адалдық пен табандылықтың нәтижесі. Адам өз мамандығын жүрекпен сүйіп, алға қойған мақсатына сеніммен ұмтылса, алынбайтын асу, бағынбайтын биік болмайтынына Қанзиба апайдың өмір жолы нақты дәлел.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Сіз не дейсіз?

Арайлым СҰЛТАНОВА, шәкірті:

Менің тағдырымды өзгерткен адам

– Мен – кішкентай ғана ауылда дүниеге келген, қарапайым мектепте білім алған қазақтың қара домалақ қызымын. Бәлкім, егер сол кезде өмірімде Қанзиба Кемелқызы кездеспегенде, бүгін менің тағдырым мүлде басқаша болар ма еді – кім білсін?

Бірақ менің бағыма орай, өмір жолымда нағыз ұстаз жолықты. Ол кісі – маған ағылшын тілін үйретіп қана қойған жоқ, әлемге жол ашты, өзіме деген сенімді оятты, биік армандарға жетеледі. Сол үшін де мен бұл есімді өмір бойы жүрегімнің төрінде сақтаймын.

Қанзиба апайдың әр сабағы ерекше болатын. Ол кісінің өткізген әрбір сабақтары – нағыз театрландырылған көрініс іспетті еді. Бүгін бір елдің мәдениетімен таныстырса, ертең бір халықаралық ұйым жайлы қызықты мәлімет береді. Сабақтарында флипчарттарды, электрондық оқулықтарды, мультимедиялық құралдарды еркін қолданатын. Интерактивті әдістерді тиімді енгізіп, бізді ойын түрінде ағылшынша сөйлеуге үйретті. Сабақ мақсаты мен міндеттерін нақты әрі тартымды етіп құрып, әрқайсымызды сол мақсатқа жетуге жұмылдыратын.

Мектеп бітірген соң мен Қанзиба апайдың бағыттауымен Алматыдағы шетел тілдері институтына құжат тапсырдым. Ағылшын және жапон тілдері мамандығы бойынша оқуға түсіп, табысты тәмамдадым. Білімім мен тілімнің арқасында алғаш еңбек жолымды Жапония елшілігінде бастадым. Бұл мен үшін үлкен жетістік еді. Осы елшілікте жүріп, болашақ жарыммен таныстым. Кейіннен Англияның Лондон қаласындағы елшілікте, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет еттім. Бұл мекемелер – бүкіл әлем мамандарының тоғысқан орны. Онда жұмыс істеудің жалғыз жолы – халықаралық тілді жетік білу.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мамандармен бір үстел басында сөйлесіп, пікір алмасу, ортақ жобаларға атсалысу – мен үшін армандай көрінетін еді. Бірақ ұстазым сол арманды шындыққа айналдырды. Ол – кішкентай ғана ауылдан шыққанымен, жүрегі мен білімі әлемді бағындырған нағыз ұстаз. Ұлттың рухани ұйытқысы бола білген ұстаз.

Бүгін мен қай елде жүрсем де, «Сізге шет тілін үйреткен кім?» деген сұрақ қойылса, кеудемді керіп, мақтанышпен:

– Менің ұстазым – Қанзиба Бөлекбаева! – деймін.

Жапония, Токио қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button