Жарнама
Білім

«Алыс жол алғашқы қадамнан басталады»

Индустриалды университет. Өңірдегі жоғары білімді мамандар дайындайтын екі оқу орнының бірі – Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін біз қазір осылай атап жүрміз. Өйткені, онда индустрия интеграциясын дамыту ісі қолға алынған. Талай мұнайшы тәлім алған қара шаңырақ соңғы жылдары қанатын кеңге жая бастағанына ел куә. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен оқу орнында И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалының ашылуы да мұндағы білім беру ісіне серпін берді.

Жуырда «Ару Ана» байқауының жеңімпазы атанып, «Ғылым саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша мемлекет басшысының қолынан марапат алған университет ректоры Гүлзада Шакуликовамен сұхбаттасқан болатынбыз. Оқу орнының басшысы ғылымды дамыту, жалпы білім ордасындағы ілкімді істер жөнінде кеңінен әңгімеледі.

– Гүлзада Тәңірбергенқызы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алдыңыз. Сіз үшін бұл мәртебенің салмағы мен әсері қандай?

– Көп рақмет. «Атырау» газетінің оқырмандарын Әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймын!

Көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз биыл мен үшін ерекше болды. Мемлекет басшысының қолынан марапат алу көңілімді қуанышқа толтырды. Қай елдің болмасын өркениетті тұрғыда дамуы әйелдер қауымы мен олардың интеллектуалдық капиталына тікелей байланысты. Елімізде гендерлік саясатты дамытуға, әйелдердің қоғамдағы мәртебесін нығайтуға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. «Ару Ана» байқауы да осының бір дәлелі.

– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары жұртшылық С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін жаңа қырынан тани бастағандай. Оқу орны тек білім беріп қоймай, елдік, тіпті әлемдік деңгейдегі келелі мәселелер талқыланатын диалог алаңындай көрінеді. Бұл сіздің негізгі миссияңыздың бірі ме еді?

– «Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасы» аясында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті индустриалды университет болуға қадам басты.

* Облыстың жан-жақты даму болашағының іргетасын қалайтын, өзін-өзі қамтамасыз ететін табысты түлектер;

* Индустрияны инновациялық тұрғыда қолдауға қабілетті ғылым;

* Университеттің индустрия, бизнес пен мемлекеттік органдарды біріктіру жолында диалог алаңы болуы.

Сіз айтып отырған жаңашылдықтар да біздің осы міндетімізден туындайды. Индустриалды университет білім беру қызметін әлемдік нарыққа экспорттап, өңірге кәсіби мамандарды шоғырландыру мен зияткерлік капиталды арттыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық және технологиялық дамуына тың серпін беру – біздің миссиямыздың бірі.

– Оқу орны 2033 жылға қарай университет кампусында көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің жол картасын жариялағаны туралы бұдан бұрын да газетімізде жариялаған едік. Осы бастама қазір қалай өрістеуде?

– Университет алдағы он жылда мұнай-газ аймағындағы энергетикалық трансформацияның шындығын, топырақ пен атмосфераны және суды үнемдеуді өз үлгісімен көрсетуге тырысады. Біз мұнайлы өлкенің климаттық болашағы үшін жауапкершілікті сезіне отырып, ойлау, оқыту, зерттеу және амбициялық климаттық әрекеттің үлгісін жасауда трансформация драйвері болуға ұмтылып келеміз.

Климаттың өзгеруіне байланысты қиындықтармен күресу және адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдікке негізделген қоғам құру үшін мол білім мен ресурстарды ұсынатын, тұрақты дамудың катализаторы болатын академиялық, ғылыми және білім беру қауымдастығын құру шарт. Былтыр жыл соңында ESG тұрақты экологиялық даму саласындағы университет саясатын бекіттік. Ғылыми кеңестің шешімімен университет қауымдастығы тұрақты даму және қоршаған ортаны сақтау бойынша болашақ ұрпақ, қоғамдастық пен аймақ алдындағы міндеттемелерді қабылдады.

Университет миссиясы – аймақ пен қоғамдастықтың эволюциялық драйвері болу, сондықтан да көмірсутегі әлемімен қоршалған ортада үйлесімді өмір сүріп, оқуға және жұмыс істеуге болатынын өз үлгімізбен көрсеткіміз келеді.

– Университет – мұнай-газ өнеркәсібіне маман даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны. Бұған қаншалықты маңыз берілуде? Кәсіпорындар тарапынан университет түлектеріне сұраныс көп пе?

– Өндіріс, технология және бизнеспен белсенді өзара іс-қимыл негізінде жоғары оқу орнының интеграциялық ролін қалыптастыру, «индустрия – білім – ғылым» қағидатын іске асыру арқылы білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру – университетте құрылған Индустралды комитеттің миссиясы. Комитет құрамындағы өңірдегі ірі компаниялар мен кәсіпорындардың топ менеджменті студенттерге білім берудің басым бағыттары бойынша АтМГУ-ге нұсқаулар мен кеңес беруде маңызды роль атқарады.

Бүгінде 33 компания біздің университетте оқуға арналған корпоративтік гранттарға 1,8 миллиард теңге бөліп отыр. Университетке жалпы сомасы 700 миллион теңгеден асатын жабдық тегін берілді.

Тағы бір атап өтер жайт – АтМГУ 2015 жылы елдегі жоғары білім беру жүйесінде алғаш болып дуалды білім беру жүйесін енгізді. Бағдарлама бойынша сабақтың 60%-ы компаниялардың базасында өтеді, осылайша нақты кәсіпорында нақты қызметті орындауға толық әзір мамандарды даярлау мәселесі шешіледі. Осы оқу жылында 757 студент 93 компанияда дуалды әдіспен оқып жатыр.

– Президенттің салалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасына сәйкес, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалының ашылуы cіздің университеттің де абыройын асырды. Бұл екі жоғары оқу орнының тығыз байланыста екенін тағы бір дәлелдегендей. Ресейлік университет филиалының қазіргі жұмыс барысы қалай?

– Инженерлердің жаңа буыны мен техникалық мамандарды даярлау қажеттілігі – басты назардағы мәселенің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жоғары оқу орындарына жаңа міндеттер қойып, отандық білім орындарында өндіріс инженерлерінің жаңа буынын тәрбиелеу, техникалық мамандарды даярлау деңгейін арттыруды тапсырған болатын.

Университет базасында И.М.Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы құрылды. Онда қазір студенттер «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» мамандықтары бойынша оқып жатыр.

Сонымен қатар, Colorado School of Mines-пен бірлесіп, Атыраудан «Мұнай инженериясы», «Геология ғылымы», «Инженерлік технологияларды басқару» бағыттары бойынша филиал ашу үшін жол картасы әзірленді.

– Ғылымды жаңа сапалық деңгейге көтеру елдің инновациялық серпілісіне ықпал етері сөзсіз. Әлемдік тәжірибе ғылым ең алдымен университеттік ортада дамитынын көрсетіп отыр. Бұл ретте өңірлік университет пен облыс әкімдігі арасында ғылым саласындағы кооперацияны нығайту бағытында қандай жобалар бар?

– С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті елімізде алғашқылардың бірі болып жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Атырау облысының проблемаларын шешу үшін аймақтық ғылымды тартуға бастамашы болды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов университет ұжымымен кездесіп, ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша жиын өткізді. Соның нәтижесінде АтМГУ базасында Атырау облысы әкімінің жанынан құрылған ғылыми-техникалық кеңес жұмысын бастады. Мұның бәрі келешектің инвестициясы саналатын жоғары оқу орнының қоғамдағы ролін нығайтып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге серпін беретін қадам деп білеміз. АтМГУ индустриялық университетке айналу кезеңінде технологиялық ынтымақтастықтың экожүйесін құруға мүмкіндік беретін өңірлік ғылыми-зерттеу орталығы болу жолында жұмыстануда. Бұл – өңірлік университеттің білім мен технология трансферті ретінде индустриялық университетке айналуының алғашқы көрсеткіштері.

– Әңгімеңізге рақмет. Бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button