Жарнама
Білім

АЛДА – АСҚАҚ АРМАНДАР

Соңғы қоңырау салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев болашақ жүгін аманат қылып арқалаған жас өрендерге сәт сапар тіледі.
— Халқының жақсы өмір сүруі мемлекет үшін өте маңызды, — деді облыстың ғана емес, еліміздің алдыңғы қатарлы лицей ұжымын оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары С.Нақпаев. — Өркениетке ұмтылған әрбір ел өзінің келешек ұрпағының сапалы білім алуына көп көңіл бөледі. Біздің елде мұндай үрдіс бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені тікелей бақылауына ұстап, білім беруге барлық жағдай жасалып отыр. Елбасының экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында қабылдаған бағдарламалары облыста кеңінен жүзеге асуда. Біздің облыста он екі халықаралық және он бір республикалық жарыстың жүлдегерлері бар. Оның бесеуі алтын жүлдемен марапатталған. Ал, 249 оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған қазақ-түрік лицейі ашылғалы Атыраудың білім сапасының деңгейі едәуір көтерілгендігі анық. Осы лицейді тәмамдаған шәкірттер дүние жүзінің беделді жоғары оқу орындарының студенттері атанып жүр. Білімді жастар тәрбиелеп отырған лицей ұжымына алғысымды білдіремін.
Барлық оқушылар мен ұстаздар қауымын, мектеп түлектері мен олардың ата-аналарын осынау ерекше мерекемен құттықтаған директоры Исмаил Эльма аяқталған оқу жылының ерекше табысты болғанын атап өтіп, биылғы оқу жылында лицейдің жиырма бір оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жүлдегер атанғандығын мақтанышпен айтты.
— Міне, біз бүгін ыстық ұямызбен, бізді оқытып, тәрбиелеген аяулы ұстаздарымызбен қоштасқалы тұрмыз, — деді лицей түлегі, «Үздік аттестатқа» үміткер Аян Ғизатов. – Мен осы лицейде бес жыл бойы білім алып, ең алдымен, жақын достарымды таба білдім. Бәріміз бір ұжым ретінде қалыптаса білдік. Тәрбиешілер бізге тәлім-тәрбиемен бірге, бойымызға адамгершілік, рухани қасиеттерді сіңірді. Болашақта Сүлеймен Демирель атындағы университеттің журналистика мамандығына құжаттарымды тапсырғалы отырмын. Еліміздегі журналистика саласының дамуына күш-жігерімді аянбай, алған білімімді мемлекетіміздің болашағы үшін жұмсамақпын. Аяулы ұстаздарымызға біз үшін жасаған еңбектері үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!
Соңғы қоңырау салтанатында лицей түлектері «Білім символы үкісін» ізбасарларына тапсырып, білім қуу жолында үлкен жетістіктерге жете берулерін тіледі.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттер Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button