
Алаң көңілді ата-ана…
«Жайлы мектептің» тезірек аяқталуын күтіп жүр
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сай келетін тегін білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бастама білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, балалардың шығармашылық және интеллектуалды қабілеттерін дамытуға ықпал ететін орта қалыптастырады.
Бұл шаралар халықтың туған жерінен табан аударып, қалаға жаппай көшу мәселесін де шешеді. Өңірлерде жаңа білім беру нысандарын салу арқылы қосымша жұмыс орындары құрылуда. Бұл әлеуметтік, экономикалық жағдайды жақсартуға және жалпы құрылыс саласын дамытуға ықпал ететіні анық. Еліміз бойынша соңғы жылда салынған мектептерде 5 мыңға жуық педагог жұмыспен қамтылған.
Ұлттық жобаның тағы бір маңызды бағытының бірі – қазақстандық тауарлар мен қызметтерді өндірушілерді қолдау. Жаңа мектептерге орналастырылған жиһаздар – отандық кәсіпорындардың өнімдері. Бұл ұлттық экономиканы нығайтуға және қазақстандық өндірушілердің жаңа жұмыс орындарын құруына, елдегі экономикалық тұрақтылыққа, жергілікті өнеркәсіпті дамытуға ықпал етеді.
Өңірде 12 мектеп салынады
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, биыл өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде алты оқу ордасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептерде бір ауысымда 5100 бала білім алмақшы. 6 мектептің үшеуі облыс орталығында орналасқан. Нақтырақ айтқанда, Ақсай-2, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 ықшамаудандарының әрқайсысында 900 орындық оқу орны салынып жатыр. Құрманғазы ауданына қарасты Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында бір ауысымда 600 балаға білім беретін мектеп бой көтеруде. 1200 орындық тағы бір «жайлы мектеп» Құлсары қаласындағы Атырау шағынауданында есігін айқара ашады.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, «жайлы мектептерде» шәкірттер мен ұстаздарға барлық жағдай жасалады. Олардың қауіпсіздігіне де маңыз берілмекші. Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылады. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Мектеп ғимаратында спорт залы, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған асханалар, акт залы және кітапхана бар. Сонымен қатар психолог, логопед, медициналық кабинеттері, заманауи үлгідегі оқу сыныптары, физика, химия зертханалары және STEM кабинеттері жарақталатыны белгілі болды.
Бұдан бөлек өңірде тағы 3 «жайлы мектептің» құрылысы жүріп жатыр. Оның екеуі Атырау қаласында болса, біреуі Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында салынуда. Оларды ел игілігіне келер жылы беру жоспарланған. «2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 білім ошағын салу жоспарланған» дейді жауапты мамандар.
Түйін:
Бастысы, облыстағы мектептердің құрылыстары, ұлттық жобаның жүзеге асуы – жергілікті әкімдіктердің бақылауында. Дегенмен күн салқында, қараңғы көшеде баланың қауіпсіздігіне алаңдап, үшінші ауысымдағы сабақ уақытын қысқартуды ұсынып, алаң көңілде жүрген ата-аналар әлі көп. Сондықтан «жайлы мектептер» уақытылы қолданысқа беріліп, орын тапшылығын жоюға септігін тигізеріне сенім мол. Өйткені, үш ауысымды мектептің зардабын тартатын басқа емес, балалар!..
Еркеназ ҚАЛИЖАН
*Сіз не дейсіз?
Лиза Мутянова, ҚР білім беру ісінің үздігі:
Сапалы білімге мән берілуі керек
Ақпарат құралдарынан «жайлы мектептерді» қаржыландыруға жай мектептерді қаржыландырудан екі есе артық қаржы жұмсалатынын естіп-білдім. Мемлекеттің мүмкіндігі болып жатса, әрине жақсы ғой. Бұрынғы білім ошақтарын да жөндеп, осындай қалыпқа келтірген жөн болар еді. «Еліміздің болашағы – жастар» десек, жас буын – бүгінгі мектеп партасындағы бүлдіршіндер. Олар сапалы білім алып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, ұлттық рухпен тәрбиеленсе, заман талабына сай тереңірек білім алса, елді өркендетер жастар болып шығары хақ.
Ал енді қазіргі оқулықтардағы материалдардың оқушы жасына, түсінуіне сәйкес келмеуі, мәтіндердің жатық тілмен емес, ғылыми тілмен берілуі, кейбір оқушылардың өз бетімен оқи алмай, ата-ананың көмегіне жүгінуі, ал олардың өздері де түсінбей немесе уақыты жетпей оқу орталықтарын іздеуі – бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Оған беруге кез-келген ата-ананың жағдайы келе бермейді. Егер мүмкіндік болса, бұрындары мектеп тәжірибесінде болған ұзартылған топты іске қосып, баланың үй тапсырмасын орындауына жағдай жасау керек-ау деген ой туындайды. Мектеп заман талабына сай салынғанымен, білім беретін оқулық мәселесін, соны қалай оқыту мәселесін шешпей, толыққанды, сапалы білім алуда қиындықтар туындайтыны анық.
Орынтай Биманова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:
Ауқымды және маңызды бастама
«Жайлы мектеп» жобасы – еліміздің білім беру жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды және маңызды бастама. Әр мектеп оқушыны болашаққа жетелейтін бағдаршам, сондықтан жас ұрпақтың білім алу жағдайы жайлы ғана емес, заманауи әрі тиімді болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар педагогикалық құрамды арнайы тәртіпке сай қабылдап, олардың біліктілігін арттыруға арналған курстардан өткізу арқылы да жүзеге асырылады. Ұстаздардың деңгейі мен біліктілігін арттыру оқу процесінің сапасын жоғары деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Егер облыста осындай білім ордаларының саны артып, жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде білім сапасы артса, көптен күткен межеге қол жеткізер де едік. Кемел келешекке жол салатын жаңа бастама ұрпақтың интеллектуалдық, шығармашылық және рухани дамуына серпін беріп, елдің келешегіне айтарлықтай үлес қосатынына сеніміміз мол. Осылайша «Жайлы мектеп» жобасы – білім беру саласындағы сапалы өзгерістердің бастауы әрі еліміздің болашақ ұрпақтары үшін тиімді әрі заманауи білім берудің кепілі.
Жадыра Хасанова, Білім-инновация лицейінің мұғалімі:
Бірегей жоба көп мәселені шешеді
Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қалыптасып, дамуына ықпал ететін білім беру жүйесінің алар орны ерекше. Ел Президенті жыл сайынғы Жолдауында білім саласында атқарылуы тиіс, шешімін күткен мәселелерді атап өтеді. Соңғы Жолдаудағы назарымды ерекше аударған – «Жайлы мектеп» жобасы. Қазір елімізде бірқатар мектептің жағдайы көңіл көншітпейді, оқушылар үш ауысымда оқып жатыр. Баланың қауіпсіз, сапалы білім алуына еліміздегі білім ордаларында жағдай жасалмағандығы жасырын емес. Әр мектептегі заманға сай STEАM, зертхана кабинеттерін айтпағанда, қарапайым сыныптардың өзінің материалдық жабдықталу жағдайы баланың оқуға деген құлшынысын кемітеді, ынтасын жоғалтады. Ал «жайлы мектеп» жобасы осы мәселелердің көбін шешер еді.
Мектеп формасының барлық оқушыға қолжетімді бағада болғаны да дұрыс деп есептеймін. Оған қоса әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың балаларына мектеп формасының бюджет тарапынан берілуі еліміздегі біраз отбасылардың уайымын азайтып, балалардың қатарластарынан қысылмай жүруіне себеп болар еді.
Мектеп пен ата-ананың сабақтастығы, баланың білімді, тәрбиелі болуына мектептің қана емес, ата-ананың да ықпалының жоғары екені Жолдауда айқын көрсетілген. Сонымен қатар биылғы білім беру мекемелерінде жүзеге асырылып жатқан “Құндылықтарға негізделген біртұтас тәрбие” осы сөздердің кепілі екені анық. Гаджетке байланған қоғам заманында Z, альфа ұрпақтарының сыныптан тыс уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында бірқатар тегін үйірмелер, қосымша курстар ашылуы да оларды мемлекеттік қаржыландыру туралы осы Жолдауда айқын көрсетілген. Бұл біздің нарық қоғамында әрбір өскелең ұрпақтың еркін, жан-жақты дамуына ықпал етері сөзсіз.
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА