Жарнама
Білім

«АҚЫСЫЗ БІЛІМ ҚАНША ТҰРАДЫ?»

Партия филиалына мұндай мәселелерді айтып келген тұрғындардың тілегіне бейжай қарамаған атыраулық коммунистер облыс мектептерін аралап, оның ішкі тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысқан. Әрине, соңғы жылдары жасалып жатқан жұмыстар өте көп. Жаңа мектептер, балабақшалар салынып, мектептердің кадрлармен қамтылуы жақсара түсті. Мысалы, биыл 12 білім беру ошағының жаңа ғимараты іске қосылды. Осылай атқарушы билік барлық жағдайды жасап отырса да, мектептерде кемшілік орын алатыны рас. Бір айта кетерлігі, жыл сайын мектептер күрделі жөндеуден өтеді. Алайда, мектептерді жөндеуге бөлінетін қаржы әрлеу жұмыстарын жүргізуге ғана жұмсалады. Ал, жөндеу жұмыстары дәліздерге, мәжіліс залдарына ғана жасалады. Сөйтіп, жекелеген сыныптарды жөндеу мұғалімдердің иығына артылады. Осының салдарынан олар ата-аналар комитеті арқылы жұмыстарына ақша жинауға мәжбүр болады. Осы тұста айта кету керек, жаңа оқу жылында балаларына мектеп формасы мен оқу құралдарына ақшасын әупірімдеп жеткізген ата-анаға тағы да қаражат шығаруға тура келеді. Бұған біреудің жағдайы жетсе, енді біреуінікі жете бермейді.

«Жарнаның ақшасы қайда жұмсалатыны, шығын туралы есеп кімге берілетіні де түсініксіз. Нақты бақылау тетігі жоқ, тек жемқорлықтың соқпағы ғана бар» деген Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Атырау облысы бойынша бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев мектептегі ата-аналар комитетінің қызметіне регламент белгілеу, комитеттердің негізгі қызметін айқындау қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, ол өз сөзінде партия филиалына қоңырау шалып, осы мәселе төңірегінде шағымданушылардың аз еместігін алға тартып, дәлелдер келтірді. Мәселен, Алма есімді Атырау қаласының тұрғыны қала орталығындағы мектептердің бірінде екінші сынып оқушыларынан бес мың теңгеден ақша жинау керектігі  сұралғанын айтып, бұған бірқатар ата-аналар қарсы болғанымен, көпшілігі келісіп отырғанына наразылық білдірген.

Тарқатып айтқанда, мектеп қабырғасындағы ақша жинау мәселесіне ашынған ана «біз балаларымызды не үшін ақысыз білім алуға мектепке жіберіп отырмыз? Мемлекет әр баланың тегін орта білім алуына жағдай жасап отырғанда бұл не қылығымыз?» десе керек. Сыныптағы 25 оқушыдан бес мыңнан жинағанда 125 мың теңге құралады. Есептеп қарасақ, сыныпқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алынғанның өзінде мұндай сома көптік етеді. Ал, қаражатты артығымен жинаудың қажеті қанша? Бұл шындығына келгенде, ата-аналар комитеті мен ұстаздың арасындағы сыбайлас жемқорлыққа алып келері анық. Ақша жинауға қарсылық танытқан әлгі ана мұндай әрекеттен кейін аталмыш мектептің басшылығына хабарласады. Мектеп директоры бұл әрекетке жол бермеу жөнінде мұғалімдерге қатаң ескерткенін айтып, ақша жинауға тапсырма берген мұғалімге жаза қолданатынын жеткізген. Сыныпта жиналған ақшаны ата-аналарға кері қайтарып беретінін айтып, мұндай әрекеттің енді орын алмайтынына сендірген.

Бірақ, мына бір қызықты қараңыз… «Мектеп директорына мұндай әрекет орын алып жатқанын хабарлаған жас анаға өзін сол сыныптағы ата-аналар комитетінің төрайымымын деп таныстырған бір әйел хабарласып, бас салады. «Бұл сенің не қылығың? Балаң үшін бес-ақ мың теңгеңді қимадың ба? Сен біздің жоспарымызды быт-шыт қылдың?» деп дауыс көтереді. Сондағы бұлардың «жоспары» бірігіп ақша жинап, біреудің еңбегін қанау болғаны ғой.

Бұл жайларды мәлімдеген  Е.Дәулетқазиев мұндай әрекеттер тіпті балабақша қабырғасында да кездесетінін талқыға салды.

«Өткен жылы балабақшаға кілем, шаңсорғыш, кітап сөрелерін, теледидар сатып әпердік, стенд жасатып бердік» деген ата-аналарды жиі естиміз. «Баламыздан аямаймыз ғой» дейді көбісі. Десек те, оларды кез  келген әрекетке пайдалана беруге болмайтынын ұмытпағанымыз жөн», — деді Е.Дәулетқазиев.

Мемлекет әр балаға тегін білім алуға бар жағдай жасап келеді. Оның қажеттілігін өтеуге қомақты қаржы да бөлінуде. Ал, біз өз құқымызды өзіміз неге қорғамаймыз? Бұл жөнінде партия филиалының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәукен Көшенов баяндады.  «Бұлай жалғаса берсе, қоғамды жегідей жеген жемқорлықтың құрбанына айналуымыз әбден мүмкін. Мұндай әрекетімізді көріп өскен өскелең ұрпақ қандай болмақ? Сондықтан, білім ордаларындағы ақша жинау мәселесіне қазірден-ақ тосқауыл болғанымыз жөн. Сатылап қарасақ, балабақшада ақша жинаудан басталған әрекет  мектеп, жоғары оқу орындарында да жалғасып, дәстүрлі іске айналып бара жатқандай. Жоғары оқу орнында студенттер сессияны ақшамен жабуға тырысып-ақ жатады. Қанша жерден «Ақысыз сессия» акциясы жүріп жатса да, әйтеуір, ебін тауып, ақша беріп, «төрттік», «бестік» бағаларын алып жататындардың бары жасырын емес. Бұл баланың кішкене кезінен көріп өскен әрекеттерінің «жемісі» десек, артық болмас», — деді ол.                   

Ал, Атырау инженерлік гуманитарлық институтының проректоры Киікбай Жаулин: «Мектептегі ақша жинау мәселесін түбегейлі жою қажет. Себебі, ақша жинауға бір ата-аналар келіссе, екіншілері  келіспейді. Ал, оны сезінген оқушылар арасында бірін-бірі мазақтау, кемсіту пайда болып, жасыратыны жоқ, оның арты басқа жағдайға әкеліп соғуы әбден мүмкін», — деді. Бұл пікірді қостаған облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Ахметова ата-аналар мен ұстаздардың қарым-қатынасын реттеудің және шиеленістерді шешудің негізгі ережелері жазылатын «Ұстаздар мен ата-аналардың өзін-өзі ұстау этикасын» жазып, шығару және қажетті оқу материалдарын сатып алу үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлу жөнінде ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша біркелкі мектеп формасын шығарып, оған мемлекеттік тапсырыс беруге де субсидия қаралу керектігін жеткізді.

Жиын барысында ата-аналарды ойландырған мұндай мәселенің алдын алуда аймақта қандай шаралар қолға алынғаны жөнінде сауал қойылғанымен, оның жауабы табылмады. Себебі, жиынға облыстық білім беру басқармасынан ешбір өкіл қатыспады. Десек те, біздің сөзіміз басқармаға жетіп, нақты шешімі алынатынына сенейік…

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button