Әкім гранты кімдерге тиесілі?

35e1f6fbc8685638e01959ff524bcefd Білім

Қазір жергілікті бюджет есебінен бөлінген Атырау облысы әкімінің грантына иегер 268 студент жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Облысқа аса қажетті мамандықтар бойынша білім алып жатқан жастар оқуын аяқтаған соң, тиісті талапқа сәйкес жергілікті жерде қызмет атқаруға міндетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова хабарлады.

2017 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға 579, медицина бағытындағы мамандықтарға 281, өзге де мамандықтарға (дінтану жəне теология, мəдениет саласы, т.б.) 138 грант бөлінген.

– Жергілікті бюджет есебінен берілетін облыс əкімінің білім беру гранты мемлекеттік грантқа өтініш беру талабымен қабылданады. Мамыр-маусым айларында Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, жоғары ұпай жинаған талапкерлерден өтініштері мен құжаттары қабылданып, комиссия қарауына ұсынылады. Грантқа биыл мектеп, колледж бітірушілері жəне бұрынғы жылдары мектеп бітіріп, биыл ҰБТ тапсырған талапкерлер үміткер бола алады. Жергілікті бюджет есебінен берілетін грантқа өткен студенттермен үшжақты келісім-шарт жасақталады, – деді Айнагүл Байғанинқызы.

Осы талап негізінде оқуға қабылданған студенттер оқуын жалғастыра алмаса, жергілікті бюджет қаражатын кері қайтару жауапкершілігі келісімшартта көрсетілген. Әкім гранты облыс қажеттілігіне қарай тиісті басқармалардың сұраныстары негізінде берілсе, құжаттар тек бір рет қабылданады. Сондайақ, арнайы қаулыға сәйкес студенттердің тек оқу ақысы ғана төленеді.

– 5-19 маусым аралығында республиканың барлық білім беру мекемелерінде орта білім және негізгі білім беру туралы аттестат алу үшін мемлекеттік емтихандар өтіп жатыр. Сонымен бірге, түлектер еліміздің жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық тестілеудің маусымдағы кезеңін тапсырады. Атап өту керек, ЖОО-ның мамандықтары бойынша көрсетілген шекті балын жинаған талапкер ғана құжат тапсыра алады. Жалпы, білім беру мекемелерінде оқушыларға кәсіби бағдар беру жүйелі жүргізіліп келеді. Оқушыларға ҰБТ ережелері мен тәртібі, ЖОО-на түсу шарттары туралы түсіндіріледі, – деді спикер.

Биыл мемлекеттік және жергілікті әкім гранттарынан басқа, Атырау облысы үшін арнайы мақсатты грант та қарастырылып отыр. Мақсатты грант – жастардың тегін білім алуына беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Брифинг барысында Айнагүл Байғанинқызы сол мүмкіндікті түлектер тиімді пайдалануы керектігін атап айтты. Жалпы, ЖОО-на өтінім электронды форматта қабылданатын болса, оны жергілікті ЖОО-ның қабылдау комиссиясы қарайды. Құжаттар тапсыру туралы ақпаратты жергілікті университеттерге аяқтай барып та білуге болады. Негізінен құжаттарды қабылдау туралы ақпарат сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшаларда да көрсетілген.

Биыл шығармашылық мамандықтарға құжаттар қабылдау 20 маусымнан 7 шілдеге дейін жалғасса, 8-15 шілде аралығында шығармашылық емтихандар өтеді. Ал, 13-20 шілде аралығында мемлекеттік гранттарға өтініш қабылдау басталады. Алайда, спикер бұл әзірге нақтыланбаған болжамды мерзімдер екенін айтты. Құжат қабылдау бойынша қосымша ақпараттар алдағы уақытта да хабарланып отырмақшы. Ал, жергілікті әкім грантына құжаттар 5-10 тамыз аралығында қабылданады.

Бұл грантқа мамыр, маусым айында ҰБТ тапсырғандығы туралы сертификаты бар, тиісті шектік балды жинаған, сонымен қатар мемлекеттік грантқа түсе алмай қалған талапкерлер мамандығы әкім грантының тізімінде болған жағдайда құжат тапсыра алады. Еске сала кетейік, биылғы оқу жылында бітіруші түлектер саны – 5683. Оның ішінде, «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер саны 161, үздік аттестатқа үміткер 273 түлек бар.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз