Аймақ басшылығы Фаруза Шаңгерееваға алғыс білдірді
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев белгілі педагог Фаруза Ғарифуллақызы Шаңгерееваны қабылдап, зейнеткерлік демалысқа шығуына байланысты аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің Алғыс хатын табыс етті.
«Сіздің көп жылғы еңбегіңіз, педагогикалық кәсіби шеберлігіңіз, ұстаздық қызметтегі мол тәжірибеңіз тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде Атырау облысының білім беру саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қоғамның өркендеуіне, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне елеулі еңбек сіңірдіңіз. Жас ұстаздарымыздың жетістігінде тәжірибелі тәлімгер ретінде сіздің де үлесіңіз бар», — деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев.
Фаруза Ғарифоллақызы Шаңгереева – Атырау облысының білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек еткен білікті ұстаз. Еңбек жолын 1984 жылы Атырау қаласындағы №5 кәсіптік лицейде мұғалім болып бастады. Осы жылдар ішінде Гурьев педагогикалық институтында, қалалық білім бөлімінде оқытушы, Ф.Досымова атындағы №12 орта мектептің директоры, №17 мектеп-лицейінің директоры, Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-лицейінің директоры қызметін атқарды. 2018 жылдың қазан айынан бастап қалалық білім беру бөлімін басқарды.