
«Адал азамат» бағдарламасымен 150 мыңнан астам оқушы қамтылды
Атырау облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру ұйымдарының барлығында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоба «Тәуелсіздік пен отаншылдық», «Бірлік пен ынтымақ», «Әділдік пен жауапкершілік», «Заң және тәртіп», «Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік», «Жасампаздық пен жаңашылдық» сияқты құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
– Бағдарлама аясында 6 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде «Қамқор», «Шабыт», «Смарт бала», «Еңбегі адал жас өрен», «Ұшқыр ой алаңы» және «Балалар кітапханасы» бастамаларына 150 мыңнан астам бала қатысты. Бұл – жас ұрпақты адалдық пен отансүйгіштікке тәрбиелеуге арналған маңызды қадам, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Сонымен қатар 480 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен 6 мыңнан аса сынып жетекшісі арнайы оқудан өтті. Жаңадан салынып жатқан және жөндеуден өткізілген мектептердің қабырғаларына бағдарламаға арналған бірыңғай дизайн элементтері орналастырылуда.
Жүйе аясында өткізілген түрлі жоба арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеті мен қоғамдық белсенділігі артып келеді.