ҚАБІЛЕТСІЗ БАЛА БОЛМАЙДЫ

Еліміздегі экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуынан, қазіргі таңда туа біткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған аурулар салдарынан қаршадай бастарынан дертке шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балалар саны жылдан-жылға артуда. 
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы көмек көрсету - қазіргі таңда біздің елде өзекті мәселелердің бірі. Дамуында ауытқулары бар балалар да дені сау балалар дамитын заңдармен өседі, бірақ қоршаған ортада бейімделу үшін компенсаторлық мүмкіндіктері біршама аз болады. Сондықтан, мұндай бала мемлекеттік қолдау мен көмекті және дұрыс, ұзақ ұйымдастырылған арнайы дамыта-түзету тәрбиесін қажет етеді.

Бүгінгі күні Атырау облысында 6146 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Үйден оқыту бағдарламасымен 269 бала оқиды. Қала бойынша жалпы білім беретін 40 мектепте 106 бала, аудандарда 163 даму мүмкіндігі шектеулі оқушы бар. 
Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі балалар да өз қатарларынан қалмай, өздерінің өнер, интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, түрлі сайыс, байқауларға белсене қатысып келеді. Жыл сайын жүйелі түрде өткізілетін «Қолымыздан бәрі келеді», «Шапағат нұры», «Жұлдыз-ай» атты облыстық, республикалық байқауларға қатысқан дамуында кемістігі бар балалардың өнерлерін көргенде, олардың ешкімнен кем емес, көп нәрсеге қабілетті екеніне таң-тамаша боласың.
Жақында, тамыздың 6-да мүмкіндігі шектеулі оқушылардың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін дамыту және анықтау мақсатында өткізілген «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты облыстық конкурста «Ақылдылар» және «Үздік студент» номинациясы бойынша өнерлі, білімді үш бала республикалық байқауға жолдама алды. Осындай игі шараларда оқушылардың тең құқығы анықталады және ұжым іс-әрекетіне белсене қатысу мүмкіндігі беріледі.
Алдағы уақытта да, облыстық білім беру басқармасы тарапынан барлық мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және оларды әлеуметтік бейімдеуге, кедергілерді жоюға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау жұмысы жалғасын таба бермек.

Бибігүл ЖҰМАЛИЕВА,
облыстық білім беру басқармасы әдістемелік кабинетінің инклюзивті арнайы коррекциялық білім беру әдіскері, жоғары санатты дефектолог-логопед.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз