2024 жылы Атырауда 11 ғылыми жоба қаржыландырылды
Атырау өңірінде ғылым мен технологияны дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар жергілікті ғалымдарды қолдау, инновациялық жобаларды дамыту және IT саласын жетілдіруге бағытталған. Ғалымдарды қолдау және өңірлік мәселелерді шешу мақсатында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде еліміздегі алғашқы Коррозия орталығы ашылды. Орталық Норвегияның кәсіби кеңесімен серіктесе отырып, FROSIO инспекторларын оқыту және сертификаттау бойынша аккредиттелген оқу органына айналды. Бұл бастама мұнай, газ және басқа да өнеркәсіптік салаларда сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов мәлімдеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оқу орнында білім беру бағдарламаларының барлығына IT құзыреттері енгізіліп, студенттер машиналық оқыту және жасанды интеллект элементтерін меңгеруде. Сонымен қатар профессор-оқытушыларға арналған «Жасанды интеллект арқылы цифрлық трансформация» тақырыбында курстар өткізіліп, нейрожелілерді пайдалану бойынша тәжірибе жинақталды.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті де ғалымдарға қолдау көрсетуде белсенділік танытуда. 2020 жылдан бері университеттің қаржыландыруымен 33 ғылыми жоба жүзеге асырылған. Оның 11-і өткен жылға тиесілі. 2024 жылы университет Түркияның Карабук университетімен бірлескен қосдипломды бағдарламасын іске қосты.
Сонымен қатартөткен жылы IT саласындағы ғылыми және практикалық жобаларды дамытуға мүмкіндік беретін «Atyrau Hub» инновациялық орталығы құрылды. Онда жасанды интеллектке негізделген «Rika AI» көзілдірігі мен ақылды есептегіштер секілді жобалар жүзеге асырылуда. Жастар мен студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында орталық 25-тен астам ірі іс-шара өткізіп, 700-ден астам тыңдаушыны қамтыды. Орталықта шетелдегі қазақстандық мамандармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мақсатында онлайн шеберлік сабақтар ұйымдастырылуда.