Жазғы демалыс жайдарлы ма?
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША 2026 ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН 50 БАЛАЛАР САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІ ҚҰРЫЛЫП, БАЛАЛАРДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН 100 ОРТАЛЫҚ САЛЫНАДЫ. РАСЫНДА, ҚАЗІР МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ КАНИКУЛДА БОЛҒАНДЫҚТАН АТАЛҒАН МӘСЕЛЕ ӨЗЕКТІ ЕКЕНІ БЕЛГІЛІ. БАЛАЛАРДЫҢ БӘРІ БІРДЕЙ «ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП, БІЗ ЛАГЕРЬГЕ БАРАМЫЗ» ДЕП АЙТА АЛА МА? БИЫЛ ОБЛЫСТА БАЛАЛАР ҮШІН ҚАНДАЙ ДЕМАЛЫС-САУЫҚТЫРУ ОРЫНДАРЫ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІНІН БІЛЕЙІК…
БАЛАЛАР МЕН БАҒЫТТАР
Жазғы демалыс басталысымен ата-аналарды «баланың демалысын қалай мәнді ұйымдастырамыз?» деген сұрақмазалайды. Кейбір балалар ата-әжесіне ауылға аттанса, енді бірі ата-анасының лагерьге жібергенін қалайды .
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, биыл облыс бойынша 122 мыңнан аса оқушы жазғы демалыспен қамтылады. Бұл – мектеп жасындағы оқушыхлардың 93 пайызы. Жазғы лагерьлердің басты мақсаты – каникул кезінде базлалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын көңілді өткізуін ұйымдастыру.
– Жайраңдаған жаз айының қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері демалыс орындарынан бастау алатыны сөзсіз. Биыл да балалардың демалысын тиімді өткізуіне айрықша маңыз беріліп отыр. Жылдағыдай аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ерекше назарда болады. Яғни, әлеуметтік осал топ санатындағы балалар тамақпен қамтылады. Лагерь жұмысына студенттерден құралған педагогикалық жасақтар тартылады, — деп түсіндірді Орынтай Молдашқызы.
АЛАҚАЙ, КАНИКУЛ!
Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты жазғы лагерьлер 25 маусымнан бастап қызметтеріне кірісті. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, биыл мектеп жанынан 146 лагерь ашылады.
– Мектеп жанындағы лагерьлер 10 маусымнан бастап жұмысын бастады. Оның кейбірінде тамақ беріледі. Ал, Махамбет ауданында 9 шілдеде ашылған «Арай» лагерінде 480 оқушы демалады деп күтілуде, — деді Орынтай Биманова.
Жалпы, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында Махамбет ауданында 16 білім беру ұйымы жұмыс істеуде. Ұл-қыздар үшін онда барлық жағдай жасалған.
Аудандық білім бөліміндегілер «үш ай демалыста 50Д00-нан аса баланы қабылдаймыз» деп жоспарлап отыр.
Ал, Индер ауданындағы «Жас өркен» лагерінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу басталды. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына » қоғамдық қоры ның демеушілігімен атыраулық 128 бала Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы демалыс орталығына аттаныпты. Олар – 10-14 жас аралығындағы оқушылар.
УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ
Президент Жолдауларында мемлекеттегі адами капиталды дамытудың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Бұл негізгі білім беру жүйесін дамытуды ғана емес, сонымен қатар қосымша білім беруді дамытуға мән берілгенін байқатса керек.
Жазғы лагерь – демалыс орны ғана емес, тәрбие мен насихат құралы. Балаларды жан-жақты дамытып, зейіндерін ашып, еңбекке баулитын орта екені белгілі.
– Өздеріңіз білетіндей, қосымша білім берусіз балалардың барлық әлеуетін ашу мүмкін емес. Ол үшін әр баланың сабақтан тыс уақытта үйірмелер мен секцияларға қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Осы мақсатта жеті ауданда 7984 оқушыны қамтитын көгалдандыру жасақтары құрылды. Балалар топтарға бөлініп, мектеп ауласындағы талдарға су құйып, тазалық жүргізеді, — деді О.Биманова.
Мамандардың айтуынша, балаларды шығармашылыққа баулу, бейімдеу тәрбиеге елеулі әсер етеді. Осы орайда тамақтандырусыз бейіндік, дебаттық, тілдік үйірмелерде 33 874 бала бос уақытын тиімді пайдаланады. «Ең бастысы, әр баланы икеміне қарай арнайы үйірмеге берген дұрыс» дейді мамандар.
– Мектеп оқушыларын өзге өңірлердегі лагерьлерге де жіберу көзделіп отыр.Мәселен, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау бағытындағы «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында 986 ауыл баласы демалады. «Қазақстан геологі» лагерінде 1320 оқушы демалса, 180 оқушы үшін өндіріс орындарының демеушілігімен өзге облыстың мәдени-тарихи әрі көрікті орындарына саяхаттар ұйымдастырылады, — деді басқарма өкілі. Иә, жоспарланған шаралардан оқушылардың тікелей қызығушылықтарына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне бағытталғаны аңғарылады.
«ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРТПЕГЕН ДҰРЫС…»
Жайдарлы жаздың шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері осындай жазғы лагерьден бастау алғаны құптарлық. Ал, ешқандай санатқа енбейтін балалар қалай демалады? Білім беру басқармасынан білгеніміздей, оларға мектеп базасында тамақтандырусыз бейіндік лагерьлер қарастырылған. Әңгімеге тартқан ата-ананың көбі мектептегіні демалыс орны деп қабылдамайды екен. Психолог мамандар мүмкіндік болса, баланы арнайы демалыс орындарына, лагерьге жіберуге кеңес береді. Иә, оқушылардың барлығы бірдей демалыс-сауықтыру орнымен қамтылмайтыны рас. Осы себептен өзге жеткіншектерге смартфон мен компьютерге үңілуден өзге амал қалмайды. Ал, ондағы ақпараттың бәрі бірдей баланың санасына оң тәрбие бере ме? Бұл медициналық тұрғыдан алғанда денсаулығына зиян. Оқу жылы бойы мектеп пен үйден шықпаған оқушы үшін жазғы уақыт ойы мен бойын өсіріп, денсаулығын жақсартып, алдағы оқу жылына күш жинайтын мезгіл емес пе?! Сондықтан әр баланың күн көзіне қыздырынып, суға шомылып, достарымен ойнап өсуіне жағдай жасалғаны жөн еді. Өйткені, жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды.
Ата-ананың жұмысын алаңсыз тындырып, көз-қуаныштарымен сағынысып қауышатыны да бар. Себебі, жазғы демалыс бала жанын жадырататын шақ қой, шіркін!
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА