Құлсары қаласындағы №19 мектепте республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті қоры жүз балаға мектепке қажетті жабдықтар салынған сөмкелерді табыстады.
Тұңғыш Президент қоры оқушыларға осылай жәрдем беруді жылдағы дәстүріне айналдырған. Шараның ашылуында Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Света Аманшиева Астанадан ат терлетіп келіп отырған аталмыш қор өкілдеріне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларының мектепке баруына қол ұшын созғандарына көпшілік атынан ризашылығын айтты.
Сөз кезегін алған Тұңғыш Президент қорының өкілі Гүлнар Ершіманова болса, бұл шараның балалардың мектепте жақсы оқуына зор ықпал ететіндігіне сенімді.
– Бүлдіршінді мектепке дайындау, қажетті заттарын алу — үлкен қаражатты талап етеді. Ол әсіресе, көп бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мен әртүрлі жағдаймен өмірдің қиын жағдайларына тап болған отбасылар үшін оңай емес. Бұл мәселелерді шешуді қолға алған «Мектепке жол» акциясы ата-аналар үшін үлкен көмек, балалар үшін үлкен қуаныш болып отыр,- деді ол.
Қайрат НҰРТАЙҰЛЫ