Жылыойда бір отбасының екі баласы наркологиялық есепте тұр
Бұл туралы бүгін Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында айтылды.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтің мәліметінше, қазіргі уақытта Жылыой ауданы бойынша полиция есебіне 9 кәмелетке толмағандар алынған.
«Олардың 4-і жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары болса, 5-і арнаулы және жоғары білім беретін ұйымдардың студенттері. Сонымен қатар, 4 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының 3-і «психотроптық және адамның психикалық және дене функциялары мен мінез құлқына теріс әсер беретін өзге де күшті әсер ететін заттарды теріс пайдаланатын кәмелетке толмаған» санатымен есепке қойылды», — деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров.
Осы ретте Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова Жылыой ауданында наркологиялық есепте бір үйден екі баланың тұруын сынға алып, аудан басшылығына тиісті жұмыстар атқарылуын тапсырды.«Есепте тұрған балалардың болашағына біз жауаптымыз. Олардың жақсы тәрбие алып, өмірде өз орындарын табуына тікелей ықпал етуіміз керек. Салаға жауапты мамандар әр балаға тұлға ретінде қарауы тиіс» деп атап өтті Бақытгүл Хаменова.
Бүгінде облыстық психикалық денсаулық орталығында психиатриялық есепте тұрған науқастар үшін 145 төсек-орын бар. Оның ішінде наркологиялық патологиясы бар кәмелетке толмағандар үшін 5 төсек-орын жасақталған. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев баяндады.
Балалардың ұшпа қосылыстарды қолдануы бойынша қазіргі уақытта кәмелетке толмаған үш құлсарылық тіркеуге алынды. Барлық балаларға нарколог маман тексеріс жүргізуде, — деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, Атырау қаласында балалар ойын алаңдарының саны артты.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Ембергенің мәліметінше, қала тұрғындарының, ПИК және облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының ұсыныстарына байланысты, облыс орталығының 5 көп қабатты тұрғын үй аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
«Аталған жоба негізінде 6 аяқ доп алаңы, 11 балалар ойын алаңы, 8 спорттық-жаттығу алаңы және 24 ересектер отыратын алаң орнату қарастырылып, тозығы жеткен бір аяқ доп алаңы мен үш балалар ойын алаңы ауыстырылды.
Биыл 100 балалар ойын алаңын ағымдық жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мердігер мекеме анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланған болатын. Алайда, пандемияның бірінші толқынында жарияланған төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстарындағы қиындықтар салдарынан қаражат бюджетке кері қайтарылды, — деп нақтылады Самат Емберген.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жауапты органдарға балалардың білім беру ортасындағы психологиялық қауіпсіздігін арттыруға, салауатты өмір салтын сақтауға, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
«Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі»