Жалғызбасты ӘКЕ

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Әлеумет әлеуеті

Аtr.kz/22 маусым, 2020 жыл.  Бүгінде қоғамда жалғызбасты аналардан жалғызбасты әкелер аз деп ойлайтынымыз рас. Осы орайда, облыста қанша жалғызбасты әке бар? Бауыр еті балала­рын әкелеріне тастап кеткен аналар алимент төлей ме? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрдік.

 Жалғызбасты әкелердің осын­дай жағдайға тап болу себептері әртүрлі. Мәселен, кейбір ерлі- зайыптылардың дәм-тұзы жа­распай, өмір жолы екіге бөлініп жатса, кейбіреулерін ажал айы­рады. Айтып келмейтін апат та, көлденеңнен келген ауру да тағдыр талқысына салынып жа­тады. Тірі адам тіршілігін жасайды. Балаларын тастап кеткен аналар да аз емес. Бүлдіршіндеріне қарап, үй жинау, тамақ дайындау айтуға оңай болғанымен, ер адам үшін қиын жағдай. Алайда, шарасыздық пен қажеттілік дүниедегі үлкен күш. Себебі, балаларының қамы үшін әке бәріне де дайын.

Ажырасу көп болғандықтан, алимент төлеуі тиіс борышкер­лер қатары жыл санап ар­тып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, али­мент өндіру жөніндегі шыққан әрбір төртінші сот шешімі орын­далмайды. Туған баласынан безген безбүйрек әкелер мен аналардың балаларын жастай­ынан «тірі жетім» атандырып, өз қанынан жаралған ұрпағына қатыгездік жасауы көңілге қаяу салмай қоймайды. Осындай қоғамдық ауыр мәселеден бала­лар зардап шегіп отыр.

Алиментті біз көп жағдайда тек ажырасқан әкенің өз бала­сына төлеуге міндетті ақысы деп білеміз. Алайда, алименттің басқа да түрлері бар. Бұл төлем тек әкеге ғана емес, сонымен қатар, безбүйрек анаға да қатысты екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін.

Сала мамандарының айтуын­ша, алимент төлемдеріне тек екі адам жауапкершілікте болады.

 Басқа берешектер сияқты басқа адамға, яғни, мұрагеріне өтпейді. Аталған төлемді төлеуі үшін ерлі- зайыптылардың ажырасқан бо­луы міндетті емес. Мысалы, егер күйеуі баланың оқуына, тұрмыс тіршілігіне ақша бермесе, әйелі оны сот арқылы алимент төлеуге міндетті ете алады. Бірақ, баланы асырауда ананың да міндетті екенін ұмытпаған жөн. Ата-ана құқығынан айырылған ата-ана­лар сондай-ақ баланы асырауға «Неке және отбасы» кодексінің 79-бабына сәйкес алименттер төлеуге міндетті.

«Қазіргі заманға байланысты адам да өзгеруде. Бұрынғы кезде әйел адам балаларын тастамай­тын. Алимент төлемдері бой­ынша борышкер ана болмайтын еді. Күні бүгінге дейін облыс бой­ынша жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының

 өндірісінде алимент өндіру туралы 7224 атқару құжаты бар. 90 құжат бойынша борыш­кер – әйел адам. Оның ішінде аналық құқықтарынан айыры­лып, кәмелет жасына толмаған бүлдіршіндерін балалар үйіне тастап кеткен 44 әйел адам бала­лар үйінің пайдасына, яғни, мем­лекет пайдасына алимент төлеуі тиіс. Атырау облысы бойынша 42 жалғызбасты әке балаларына алимент алуда» дейді Атырау облысы Әділет департаментінің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің бас­шысы Зарина Төребаева.

Бүгінгі таңда Атырау об­лысы Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушы­лар өндірісінде өндіріп алушы тарап әке болып табылатын бір-ақ атқарушылық құжат бар екен. Уақытылы төлемей жалтарып жүрген борышкерге тиісті атқарушылық әрекеттер жасалуда.

– Борышкердің сот актісінде көрсетілген мекен-жайында тұрмауына байланысты, сотқа борышкерге іздеу жариялау туралы ұсынысымен жүгінген. Бұл атқару құжаты бойынша борышкермен алимент төлемі уақытылы төленбеуі салда­рынан борышкердің алимент алдындағы берешегі анықталып отыр. Аталған ұсыныс сотпен толық қанағаттандырылып, бо­рышкерге іздеу жарияланып, облысымыздың көші-қон поли­циясына орындау үшін берілген, – дейді З.Төребаева.

 «Әкесіз жетім – жарты жетім, анасыз жетім – нағыз жетім» демекші, баласының анасыз тұл жетім болатынын білетін әкеде басқа амал жоқ. Өзінің туған баласын жетімсіретіп тастап кеткен анадан не пайда, не қайыр?!

Гүлдана ЕРЛАНҚЫЗЫ

 Алимент «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» кодексіне сәйкес, бір адамның оны алуға құқығы бар басқа адамға ұсынылатын міндетті ақшалай неме­се материалдық асы­рау. Яғни, заң жүзінде бекітілген төлем.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған