ЗАҢСЫЗ ҚАРУ ТАПСЫРЫЛУДА

Атырау облысында биылғы 21 сәуірден бастап заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсыру акциясы басталды. Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының лицензиялау және қару айналымына бақылау жасау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Талғат Усиевтің айтуынша, тапсырылуы тиіс қару-жарақтардың категориясына қарай әрқилы бағаланады. Мәселен, қолда заңсыз жүрген иір ойықты автоматтардың құны 55560 – 185200 теңге аралығында. Олардың оғының 5,6 мм.-ден жоғары әр бірлігіне 52,9 теңгеден төленеді.

Қару арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуды көздеген шараны жүзеге асыруға тоғыз млн.теңге бөлінген. Қазірге дейін облыста 35 адам жалпы саны қырықтан асатын атыс қаруын тапсырыпты. Олардың ішінде 1899 жылға дейін жасалған тарихи жәдігерлер мұражайға тапсырылып, қалғаны түгелдей жойылмақ.
– Бөлінген қаржы толықтай игерілгеннен кейін шара тоқтатылады. Сол себепті азаматтар қолдағы тіркелмеген қару-жарақтарын тапсырып үлгерулері қажет,-дейді Т.Усиев.
Мемлекет тарапынан акцияның жүзеге асуына барлық жағдай жасалуда. Жергілікті ішкі істер органдары қызметкерлері қаруын аяқтай келіп тапсыруға мүмкіндігі болмаған тұрғындарға барып, сол жерден рәсімдей алады.

Құралай ОРАЗ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз