Уақытша тіркеу

УАҚЫТША ТІРКЕУ Жаңалықтар

Не үшін қанжет болды?

Күні бүгін қоғамда уақытша тіркеуге қатысты әңгіме қызып тұр. Елді елеңдеткен мәселенің басты ерекшелігі мынада: Қазақстанның өзге қаласына бір айдан ұзақ уақытқа тұру үшін барған кез келген отандасымыз міндетті түрде сол жерде тіркелуі қажет. Сонымен бірге, үй немесе пәтерді жалға беретін адамдар да ондағы азаматтарды тіркеуі тиіс.

%d1%83%d0%b0%d2%9b%d1%8b%d1%82%d1%88%d0%b0-%d1%82%d1%96%d1%80%d0%ba%d0%b5%d1%83

 

Сіз не дейсіз?

Бұл – жаңа талап емес

Ерлан  ТҰРҒЫМБАЕВ,

Ішкі  істер  министрінің  орынбасары:

– Қазақстанда тіркеу институты 1993 жылы енгізілген. Ол еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ, жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекен-жайы туралы хабарлауы тиіс.

Бұл ішкі көші-қонға мониторинг жүргізу, қала немесе аудандағы азаматтардың есебін нақтылау үшін қажет. Осы мәліметтердің негізінде жұмыс орындарын ашу, мектеп, аурухана құрылысы, инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланады. Бұған қоса, полициядан немесе басқалай органдардан қандай да бір арнайы рұқсат алудың қажеттігі жоқ, тұрғын жай иесінің келісімі болса жеткілікті.

Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеумен қатар, уақытша келген жерінде тіркеу де жүзеге асырылады. Уақытша тіркеуге тұру үшін бұрынғы тіркеуде тұрған жерінен шығудың қажеті жоқ, яғни тұрақты тіркеуі сақталады. Уақытша тіркеу азаматтардың өзі көрсеткен белгілі бір мерзімге рәсімделеді, бұл уақыт  өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады. Яғни, уақытша тіркеуден шығу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына арнайы барудың қажеті болмайды.

 

Жүріп-тұруға ешкім де кедергі жасамайды

Галина  СӘРСЕНОВА,

ҚР  ІІМ  Көші-қон полициясы  департаменті

басшысының  орынбасары:

– Жаңа заңның негізгі ережелері, тұрған жері бойынша тіркелу адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасамайды. Ол – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе.

Уақытша тұратын жерде тіркелу Қазақстанда бұған дейін де талап етілетін. Тек ол бұрын Үкімет қаулысында көрсетілген болса, енді заңдық тұрғыда бекітілді. Ал, тіркеусіз тұру мерзімі 3 айдан 1 айға қысқарып отыр.

%d1%83%d0%b0%d2%9b%d1%8b%d1%82%d1%88%d0%b0-%d1%82%d1%96%d1%80%d0%ba%d0%b5%d1%83-2

Мәслихат жаңа тәртіпті бекітеді

Амангелді  АБДОЛОВ,

облыстық  мәслихат  депутаты:

– Атап айтар жаңалық – енді облыстық мәслихаттарға көші-қон үрдістерін реттеу тәртібін бекітудің құқығы берілгелі отыр. Бұл жергілікті жағдайға байланысты тұрғылықты мекен-жай бойынша жекелеген тіркелу ерекшеліктерін бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге азаматтарды тіркеу рәсімдері барлық жерде барынша қарапайым болып қалады. Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінгенде ол 15-20 минут уақыт алады. Ол үшін бұрынғы тұрғылықты мекен-жайынан алдын ала тіркеу есебінен шығудың қажеттілігі болмайды, бұрынғы мекен-жайынан тіркеу және шығару автоматты түрде жүргізіледі. Мекен-жай ауысқан кезде жаңа құжаттар алудың да қажеттігі жоқ – барлық мәліметтер азаматтардың жеке куәлігіндегі электронды «чипке» енгізіледі. Сондай-ақ, үйден шықпай да үкіметтің электронды порталы арқылы тіркелудің мүмкіндігі бар.

 

Бір үйде – бірнеше отбасы

Болат ДОСҚАЛИЕВ,

облыстық ІІД көші-қон полициясы бастығының орынбасары:

– Кейбір үйлерде он шақты, тіпті жүздеген адам тіркеуде тұрады. Ал, олардың бәрі нақты қайда тұратынын іс жүзінде ешкім білмейді. Осындай жағдайды қылмыстық топтар сәтімен пайдаланады. Сондықтан, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кей заңдарға өзгертулер жасалып отыр. Ең әуелі пәтер немесе үйді жалға беретіндердің ондағы адамдарды тіркеу міндеті айқындалды. Бір айдан аса мерзімге уақытша қоныс аударған жағдайда сол жерде міндетті тіркеу енгізілді.

«Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес, үй иесі ешқандай ақы алмай уақытша тұруға рұқсат берген азаматтардан уақытша тіркеу талап етілмейді. Бұған туысқандары және қонақтары жатады. Аталған талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін  үй иелеріне өздеріне тиесілі баспанада азаматтарды тіркеусіз тұрғызғанына байланысты әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылған. Бұрынғы уақытта әкімшілік жауапкершілікке тек тұрғындар ғана тартылатын еді.

  • Былтыр елімізде тұрғылықты мекен-жайы өзгеруіне байланысты 1 млн. 200 мың адам тіркеуді рәсімдеді. 750 мың адам уақытша келген жері бойынша тіркелді.

2016 жылы тіркеусіз тұрғаны және жарамсыз жеке куәлікпен жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке 22 мың құқық бұзушы тартылды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз