Тығылып ТОЙ тойлап…

Жаңалықтар Медицина Мәселе Не көріп жүрсіз? ФОТОГАЛЕРЕЯ Қоғам Құқық

Atr.kz / 14 шілде, 2020 жыл. Маңдайына ірі әріптермен «Оджахури» деп жазылған дәмханаға кіріп-шығып жатқан кісі көп. Байқасақ, олар туған күн кешіне жина­лып жатыр екен. Де­сек те, қонақтардың ешқайсысы бетперде кимеген. Бірін-бірі жаңа көргендей қауқылдасып жатыр. Соған қарағанда, жаһанды жайлаған жұқпалы дерт бұларды айналып өтеді деп ойла­са керек…

ТУЫСТАРМЕН – ТУҒАН КҮН КЕШІНДЕ

Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілі Ернар Әбілқайыров бастаған арнайы топ құрамында біз де осы ғимаратқа бас тіредік. Бүкіл әлем, бүтін ел болып аурумен ар­палысып жатқан шақта біреулер той тойлап жатыр десе сенбес едік. Бірақ, тікелей өзіміз куә болғандықтан, көргенімізді қағазға түсіруден өзге амал қалмады. Алдымен, аталған дәмханадағы туған күн той­лаушыларды «үркітіп» алмас үшін рейд мүшелері дәмханаға бір-бірден кірді. Мәселенің мән-жайына көз жеткізгесін арнайы топ дәмхана әкімшісін шақырып, рейд шарасының жүріп жатқанын айтты, оның мазмұн-мақсатымен таныстыр­ды.

– Кейбір кәсіпкерлердің қызметіне рұқсат етілді. Бірақ, көрсетіліп жатқан кеңшілікті теріс мақсатта пайдалануда, – деді рейд тобының басшысы Ернар Әбілқайыров.

– Т у ғ а н к ү н д і ұйымдастырушылар аймақтың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысындағы қатаң талаптарды орындамай отыр. Біріншіден, отбасылық шараның өтуіне қатаң тый­ым салынған. Екіншіден, бір үстелде он шақты адам топ­тасыпты. Ал, талап бойынша төрт адамнан аспауы керек. Үшіншіден, солардың біреуінде де бетперде жоқ. Оның үстіне, осыған дейін шыққан қаулылар мен ондағы санитариялық та­лаптар туралы бұл кәсіпкерге ха­барлама берілген болып шықты. Алайда, оған құлақ асқан ешкім көрінбейді.

Жұмысын жалғастыруға рұқсат алған кәсіпкерлердің бәрі де тиісті талаптарды бұлжытпай орындауға тиіс. Дәмханасына дереу жеткен кәсіпкер кінәсін мойындап, қателіктің қайталанбайтындығына сендіріп бағуда. Сөйлесе келе, бұл нысанның үш құрылтайшыға тиесілі екені анықталды. Оларға қатысты ар­найы хаттама толтырылды. Бұл құжат прокуратураға жолдана­ды. Қаулы талаптарын бұзғандар қандай жауапкершілікке тарты­лады немесе қанша айыппұл салынады, мұны құзырлы орган­дар шешеді.

Рейд құрамындағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының бірінші санатты сарапшысы Орынжан Рзабеков кәсіпкердің құқықтарын алға тартып, ақтап алуға ұмтылды. Бірақ, еш негізі болмаған соң, тиісті шара алудан өзге амал қалмады. Хаттама тиісті орындарға жолданатын болып шешілді. Мұны Атырау қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік бөлім маманы Азамат Айтбаев та қостады.

БЕТПЕРДЕСІЗ ШЫНДЫҚ

Рейд тобы нысанаға алған тағы бір нысан – «Шұғыла» мейрам­ханасы. Қос қабатты ғимарат алыстан көз тартқанымен, рейдке шыққан топты мұнда ұйымдастырылған шара көбірек қызықтырды. Тексеріс тобының түйсігі бұл жолы да алдамапты. Рас, мұнда ешқандай жиын-той өтіп жатқан жоқ, тек асханасы ғана жұмыс жасап тұр. Бірақ, қаулыда талап етілген дене қызуын өлшейтін тепловизор секілді санитариялық құралдар қойылмаған. Үстелдердің арақашықтығы сақталмаған. Қызметкерлер бетпердесіз жүр. Оны күніне екі сағат сайын ауыстырып тұру керек екенін ешкім елеп жатқан жоқ. Осыған орай, бұл кәсіпкерге де хаттама толтырылды.

Дәл осындай жағдай «Ас бол­сын» дәмханасында да тіркелді. Алайда, оның иесі хабарлама мен ескерту берілмегенін алға тартып, жазадан жалтарғысы келді. Ал, рейд тобы тексерістің бәрі арнайы бейнежазбаға т ү с і р і л е т і н і н және топ мүшелерінің растауымен хат­тама толтырылатын айтты. Бәрі де заңдық күшке ие екенін еске салды.

Осындай олқылықтар «Food master» шағын асха­на дүңгіршегінен, «Индира» дәмханасынан, «Керуен са­райы» мейрамханасынан да анықталды. Бірінде желдеткіш, салқындатқыш құрылғылар, екіншісінде тұтынушылардың дене қызуын тіркейтін журнал, ал, үшіншісінде кварц-шамдар болмай шықты. Сондай-ақ, барлығында да қызметкерлер бетперде тақпаған, адамдардың арақашықтығы сақталмаған.

Жалпы, қазақтың қу басы до­малайтын той-томалақтың өзге өңірлерде де өтіп жатқанын еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова да жасырмады. Ол осы мәселені бірнеше рет көтерді.

– Көп адамның талаптар­ды сақтайтынын атап өту керек. Десе де, бүгінгі күні әлеуметтік желілер арқылы да, туған-туыстарымыздан естігеніміздей, халық әртүрлі той-жиынды – туған күндерді, еске алу рәсімдерін де өткізуде. Мұндай шаралар барлық өңірде болып жатыр. Осы жиындардан кейін өкінішке қарай, бәрі де 100 пайыз КВИ жұқтырып алатынын байқаймыз. Адамдар мұндай жиын-тойлардан келіп, виру­сты үйіне таратады. Осылайша, бір-біріне жұқтыруда.

Бәріміз де қарапайым ережелерді сақтамай, індеттің кең тарауына жол беріп отырмыз. Сол себепті айтарым, коронавирусты жеңу – өзімізге байланысты. Әрбіріміз қаншалықты ережені ұстана білсек, соншалықты қауіпті дертті тез еңсереміз,- деді еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.

ҚАУЛЫМЕН КЕЛІСПЕЙТІНДЕР ДЕ БАР

Ал, «999» мейрамханасына барғанда, қызық жағдайға тап болдық. Ондағы қызметкерлер туған күн кештері өтетіндігін жасырмады. Бірақ, олар кәсіп иесі келген сәтте әуелгі сөздерінен бас тартты. Кәсіпкер болса, көпшілік жиын-той­лар өтпейтінін айтып ақталды. Онымен қоймай, жергілікті бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулы шығаруымен к е л і с п е й т і н і н ж е т к і з д і . Адвокаттық білімі бар оның ойынша, мұндай құжатты тек Мемлекет басшысы шығаруға тиіс. Ол тұрғындардың көбісі жұмыссыз үйде отырған шақта кәсіпкерлердің жағасынан алып, етегінен шалу дұрыс емес екенін, бір ғана қаулы алапат аурудан қорғай алмай­тынын айтты. Бірақ, рейд тобы бұл шағымды қарастыратын арнайы орындар бар екенін ескертіп, тәртіпке бағынуға шақырды.

Атырау қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Қайрат Кәрімовтің айтуынша, қазір тұрғындар тарапынан шағым өте көп. Солардың дені кәсіпкерлерден т ү с е д і . Ол ар, ә с іре с е , санитариялық талаптардың орындалу барысын қамтамасыз ететін тексерістердің жиілігіне, әкімшілік айыппұлдардың көптігіне наразы. Бірақ, қазақ батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзі бар емес пе еді? Демек, өз кезегінде кәсіпкерлердің кеңшілікке кемшілікпен жауап беруі жөн емес.

P.S.

Міне, кезекті рейдпен жүріп бір күннің қалай зулап өте шыққанын да аңғармай қалдық. Айтпақшы, той өтіп жатқан мейрамхана­лар туралы түскен түрлі ақпаратқа да арқа сүйедік. Бірақ, оларға барғанымызда ешкім есік аша қоймады. Ал, заң бойынша бұл – жеке кәсіпкердің аумағы болып саналады.

…Содан сәл уақыт көлік ішінде отырып, әліптің артын баққан едік. Күткеніміздей, мейрамханадан тамақ пен керек-жарақты арқалаған адамдар шықты. Соған қарағанда, той әлдеқашан бітіп кеткен. Ендеше, бұл жерде ешкім де ештеңе дәлелдей алмай­ды. Демек, түн ортасынан таң атқанша жалғасатын бұрынғы тойдан бүгінгі тойлар өзгерек болып тұр. Олар қазір түскі мезгілде басталып, сағат бестердің шамасында аяқталып үлгереді екен. Олай болса, «топ етіп тойдың үстінен келесі жолы түсерміз, сонда шарасыналармыз» деген оймен біз де үйімізге тарадық.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

smart
smart

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған