Тасқа басылған сөзден тарих құралады

12374ea5a6dff7597c66f09fbacbd403 Жаңалықтар

Ақпарат және байланыс саласы қызметкерлері күніне орай журналистика саласында өнімді еңбек етіп, бүгінгі таңда қоғам қайраткеріне айналып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген бір топ қаламгерге  төменде-гідей сауалымызды жолдаған едік.

12374ea5a6dff7597c66f09fbacbd403-700x450

Интернетте, әлеуметтік желілерде  ақпарат  ағыны  күш  алған тұста тасқа басылған газет-журнал сол тасқынға жұтылып кетпес пе екен? Болашақта оларды шығару қажеттіліктен түсіп қалмай ма?

Бүгінгі таңда журналистика тілі аударма тіліне айналып кеткенін айтып, дабыл қағып жүргендер көп. Әсіресе, бұл дерт телеарналарға тән. Әлбетте, газет тілшілерінің де орашолақ сөйлемдері ойландырып тастайтыны жасырын емес. Бұл жөніндегі пікіріңіз қандай?

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің Бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

мінбер Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің Бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Арнайы бағдарлама енгізсек…

«Газет-журналдың күні өтті» деген тәрізді сыңаржақ пікірлерді әр жерден естиміз, оқып та жүрміз. Шынымен газет   керексіз болып қалмай ма? Әлеуметтік желіге жүгінген жұрт «тасқа басылған сөзді» іздей ме, жоқ па? Осындай алаң көңіл Қазақстанның қай өңіріне барсақ та алдымыздан шығады. Бұған бір сөзбен «газет-журнал өлмейді» деп те жауап бере салуға болар еді. Жиі қойылатын болған соң, сәл тарата жауап қайырған абзал шығар.

Қазақстан қазір әлемдегі отыз озық елдің қатарына қосылуды басты мақсат етіп отыр ма? Отыр. Енді сол отыз елдің ақпарат кеңістігіне көктей шолып, бір қарап өтейік. Әлемдік көштің ең басында кетіп бара жатқан Жапонияда газет-журнал керек болмай қалды ма? Озық деген Оңтүстік Кореяда жапырлап жабылып жатқан басылымдар бар ма? Іргедегі Қытайдағы мерзімдік басылымдардың маңдайы тасқа тиді ме? Байқап қарасақ, осы елдердің қай-қайсысында да күнделікті баспасөзге төнген қатер жоқ, әлеуметтік желіні жұрт қалай тұтынса, газет-журналдарды да тап солай тұтынып отыр. Демек, «интернет газеттерді ығыстырып тастайды» деген бастапқы болжам дұрыс еместігі дәлелденді. Бұл әлгі теледидар шыққанда «енді театр құриды» дегендей пікірмен ауандас нәрсе болып шықты. Бұған дейін де айтып жүрмін, мерзімді басылымдар мен интернет құстың қос қанаты секілді, екеуі қатар дамығаннан еш жамандық жоқ. Сосын бізде «газет оқу мәдениеті» қалыптасқан, бұл – өте жақсы нәрсе. Әсіресе, Қазақстанның шалғай елді мекендерін апта сайын қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр-ған газеттердің рөлін ешкім де кеміте қоймас. Сондықтан, газет пен интернет басылымдарын бір-біріне қарсы қоюдан опа таппаймыз. Бірін-бірі толықтырса несі айып?

Тіл тазалығы деген мәселе – өте маңызды. Газет пен теледидар тілінің шұбарлануы – қоғамдық дертпен тең. Неге десеңіз, ел естігенін айтады. Әсіресе, теледидар тілі халыққа жақын, ел-жұрт тоты құс құсап не естісе, соны қайталай салады. Сондықтан, бұл мәселеге айрықша маңыз бере қарау керек. Телеарналардағы тіл тазалығын сақтайтын редакторлардың қызметтік құқығы зор, айлығы мол болуы тиіс.

Газетте тіл тазалығы мейлінше сақталады, мұнда арнайы мамандар бар, корректорлар сүзгіден өткізеді, тасқа басылып шыққанша оралымсыздықтың алдын алуға болады. Ал, теледидарда айтылған сөз – атылған оқпен тең, құлақтың ұшынан зу етіп өте шығады.

Мені қатты алаңдататын тағы бір мәселе – әлеуметтік желідегі тіл тазалығы. Бұл – әркім ойына не келсе соны жазып кете беретін «забор» секілді. Қате деген өріп жүреді. Нағыз сауатсыз жандардың асыр салатын алаңқайы іспеттес. Осыны түзете аламыз ба?

Ниет болса, бәрін де жасауға болар еді. Мәселен, компьютерге тіл тазалығын сақтаушы, тілдік қағидаттарды саралаушы арнайы бағдарламаны енгізу керек. Мұндай бағдарлама көптеген тілде бар. Ағылшынша немесе орысша мәтін жазатын болсаңыз, әлгіндей бағдарлама сіздің қате сөзіңізді қып-қызыл етіп көрсетіп, қашан дұрыстағанша ойбайлап белгі беріп тұрады. Осындай тілдің қалыбын дұрыс сақтауды қамтамасыз ететін программа қазақ тіліне де енгізілсе, көп ретте мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілер еді.

Кәсіби мерекеміздің қарсаңында атыраулық әріптестерімді төл мерекеміздің төрге шығуымен құттықтаймын! Қалам ұшы жұқалмасын! Қажыр-қайрат мұқалмасын!

Заря ЖҰМАНОВА, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі, республикалық «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі

бөлім меңгерушісі

Сыртымыз бүтін, ішіміз түтін болмасын!

«Газет-журналдың болашағы қандай?» деген сауал мені де көп ойландырады. Себебі, кәсіби журналистикаға жасаған алғашқы қадамымызды газеттен бастаған ұрпақпыз ғой.  Қазіргі таңда ақпарат көп екені рас. Әлеуметтік желілерде бол-ған оқиға жедел түрде көпшілік назарына ұсынылады. Ақпарат жылдам да жедел түрде таралады. Мәселен, әлемнің бір түкпірінде болып жатқан оқиға туралы ватсапп, инстаграм ар-қылы сол заматында телефоннан хабар келіп тұрады. Тіптен кәсіби журналист емес, жай ғана азаматтар да ұялы телефон-ға суретке түсіріп алып, болған оқиғаны сол мезетте көпшілікке жеткізеді. Бұл – жақсы.

Мәселенің «әттеген-ай» дегізетін тұсы да жоқ емес. Әлеуметтік желіге жаңалықты сал-ған адам кәсіби журналист болмағандықтан, ауызекі тілмен баяндайды, бұл – бір. Екіншіден, қате көп кетеді, кейбір телефон пернетақтасында қазақ шрифтері жоқ, сондықтан, орыс алфавитімен жазған кезде «і» әрпі «и»,  «ү» мен «ұ» – «у», «ғ» – «г», «ң» – «н»,  «қ» – «к»,  «ө» – «о» болып кетіп жүр. Бұлай бола берсе, біз тілімізді нағыз қоймалжыңға айналдырамыз. Үшіншіден, ақпар сол күйінде беріледі, ал, журналистік сараптама, мәселенің себебі, мәнісі, нәтижесі айтылмайды. Көбінесе журналистер баспасөз релизінен аса алмай жүр. Осы қынжылтады. Журналистің азаматтық позициясы, көзқарасы деген қайда? Қоғамдық пікір қалыптастыру үшін де сараптама материалдар аса қажет. Бүгінгі журналистиканың кемшін, олқы соғатын тұсы — осы.

Бұдан шығатын қорытынды тасқа басылған газет-журналдар қоғамға керек. Ол ең әуелі, кәсіби шеберлікке, сауаттылыққа тәрбиелейді. Екіншіден, болашақ ұрпағымыздың бүгінгі қоғам келбетін біліп, тарихы-мызға қанып өсуі үшін қажет. Өйткені, кез келген шежіре, қазақтың өткені туралы басқа да мәліметтер керек болғанда мұрағаттардан «Қазақ» газетін, «Айқап» журналын және басқа да басылымдарды ақтарып, та-уып аламыз. Газет-журнал — өлкенің, елдің тарихи жылнамасы. «Тасқа басылған сөзді балтамен шауып жоя алмайсың» деген бар халық арасында. Ал, әлеуметтік желілер тек тез арада ақпарат алу үшін ғана қажет,  мұрағатта сақталмайды, қалай тез таралса, солай тез жоғалады. Сондықтан, газет-журнал халыққа керек, болашақта баспасөздің маңызы қазіргіден де артпақ.

Қазақ тілінің тазалығы – бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Газет-журналға шығатын материалдар бірнеше сүзгіден өткендіктен, бұндай сорақылыққа жол берілмейтіні айқын. Қазақ телеарналарындағы жағдай – өте қауіпті. Жүргізу-шілер тек өздерінің сыртқы сұлулығына ғана мән беретіні өкінішті. Көрермен сырты жылтыраған журналистің ішкі сұлулығын іздейді емес пе? Қазақ телеарналары – бүкіл қазақтың айнасы. Сондықтан, «көк сандықтың»  алдында отырғандар олардан ерекше мәнді де маз-мұнды хабарлар күтеді. Сонымен қатар, жұртшылық эфирден айтылған сөзді «Құдайдай» көріп, әсіресе, жастар осы тілмен сөйлеуге тырысады, еліктейді. Осы себептерге байланысты телеарна жүргізушілері сөздік қорына ерекше талғаммен қараса дейміз.

Қаржаубай СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері,

Жылыой және Мақат аудандарының Құрметті азаматы

мінбер Қаржаубай СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ

Қабілетсіз журналист интернетшіл келеді

Біраз жыл баспасөз саласында еңбек еткендіктен,  мен газетті өз тіршілігімнің ажырағысыз бір бөлшегі деп санаймын. Одан айдың-күннің аманында көз жазу мен үшін, барша оқырман үшін ауыр соққы болары сөзсіз. Өмір ағымымен, заман тынысымен бірге адымдайтын басылым қажеттіліктен шығып қалуға тиіс емес. Мамандығын қадірлейтін қалам иелері өз шаңырақтарының ғұмырлы тағдырына әр-уақыт мүдделі деген ойдамын.

Халық, қалың оқырман, тыңдарман мен көрермен – бізден де қырағы. Олардың тілге байланысты айтып жататын пікіріне, қағып жататын дабылына мен де қосыламын. Жас журналистердің, бәрі емес, әрине, тілі ана тіліміздің қайнарынан емес, интернетпен өзектес. Олар өзіне қажеттіні өмірден, әдебиеттен емес, интернеттен іздейді. Сол интернеттен тапқанын шалалау аударып, пайдалана береді. Қойыртпақ содан шығады.

Біздің тілдік қорымыз қаншалықты бай, қаншалықты байтақ. Онымен, мәселен, бір ғасырдың оқиғасын сол ғасырдың тілімен жазып шығу мүмкіндігі бар десем, біреу-міреу күлер ме екен?!

Жақында «Атырауда» жарияланған Мақсат Тәжі-Мұраттың «Өткенің — көрген түс емес» материалын тарихи-танымдылығына, шынайылығына, шебер баяндалуына қоса, тілінің шұрайлылығына орай сүйсіне оқыдым. «Мақсат, сен өз ойыңды сол заманның тілімен әдемі жеткізіпсің, ризамын» деп телефон да шалдым.

Тілдің бір қорғаушысы газет болса, екінші қорғаушысы халық қой. Лайым да солай бола берсін! «Атырауды» сол игілікті ісінің көш басынан көрейік!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз