Талант тасада жүр…

куйши бала фото Жаңалықтар

Жақында Құлсарыда Меңдекеш Сатыбалдиевтың 80 жылдығы  аталып өткен еді. Сол жолы жұртшылықпен кездесуден соң, менің көңілімді толқытқан бір оқиға болды. Жәнібек Серікұлы деп өзін таныстырған жас талант өзі күйлер шығаратынын, ол туындыларына авторлық құқықты алғысы келгенімен, жолын таба алмай жүргенін қынжыла айтты.

куйши бала фото

Жәнібек Құлсарыдағы Т.Құлтумиев атындағы музыка мектебін домбыра класы бойынша бітірген.  Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледжінде Нәсіпқали Төлегеновтің класында бір жыл оқыған екен. Құлсарыда тұратын анасы ауырып, бағатын кісі болмай, оқуын тастап кетеді. Қазіргі қызметі – шофер. Анасы өмірден өткен. Өзі отбасындағы жалғыз бала, сүйеніш-қорғанышы жоқ. Қолдың қысқалығынан екі баласы мен әйелін асыраймын деп, оқуын сырттай жалғастыруға да жағдайы жетпепті. Құлсарыдағы музыка мектебінде домбырадан сабақ  беріп, жұмыс істегісі келеді екен, бірақ, дипломы болмаған соң, ол жерге алмайды. «Домбыра – менің жаным ғой» деген Жәнібек күйін тыңдап көруді өтінді.

Мен Астанаға келгесін белгілі дирижер, күйші-композитор ағамыз Айтқали Жайымовқа оның бір күйін тыңдаттым. Айтқали аға: «Жәнібек Серікұлының талабы күшті, бұл күйінен өзіндік қолтаңбасы анық көрініп тұр деп айту қиындау. Домбырада шебер ойнайды. Талант жетілмесе, оқымаса шаң астында қалады. Бұл жігітке қолдау керек. Тіпті, қазірдің өзінде Жылойдың жұлдызы деп атауға да болады» деген еді.

Рухани жаңғыру жолындағы игілікті істеріміз  жастардың үмітін үкілеп, ел ішіндегі тасада танылмай жүрген таланттарға қолдау, демеу көрсетумен жалғасып жатса, нұр үстіне нұр болар еді!  Жәнібектей таланттар тасада қалмаса екен…

Маржан ЕРШУ,

ақын,

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз