Шетелдік компанияларға кіруге жастардың білімі жетпей жатыр

АПТА: түйін Білім ЖАСТАР ЖЫЛЫ Жаңалықтар

Бұл туралы Атырау қаласындағы мектептердің 9-11 сынып оқушыларымен кездесуінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев пен облыстық мәслихат депутаты Нұрлы Әйтиева әңгімеледі. Тегін кәсіби-техникалық білім беру жөніндегі Елбасы бастамасы биылғы оқу жылынан бастап жүзеге аспақ. Осы орайда облыс орталығында 11 колледж арнайы дайындықтан өтті.

Ел экономикасына – маман жұмысшылар

«АРЕС Petrotechnic» жоғары техникалық колледжінің директоры Ермек Күзенбаев кәсіби білім алудың мәні терең, маңызы жоғары екендігін айтады.

– Бүгінгі күннің басты мәселесі, – деді ол, – жұмысшы мамандығының тапшылығы. Оны жою үшін мемлекет қамқорлық танытып, жалпы білім беру секілді, кәсіптік білім алуды да ақысыз негізге көшірді. Оның алғышарты – болашақ мамандық иелерін мектеп қабырғасында оқып жүрген  кезде-ақ белгілі бір бағытқа баулу. Яғни, бала қазірден бастап ертеңгі мамандығына машықтана берсе, оған «АРЕС» секілді оқу орындарына түсу де оңайырақ болады. Екіншіден, аталмыш оқу орны мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «Сәтті қадам» бағдарламасы аясында бірлесе жұмыс жасап келеді. Бағдарлама бүгінде жұмыс берушілер мен оқу орны түлектерінің арасын жалғаған «алтын көпірге» айналды, – деді ол.

Осыдан кейін кәсіби бағыт-бағдар беру жайында Бақберген Қасымұлы кеңінен қозғады.

Оның айтуынша,  бүгінгі студенттің ертеңгі нарық талабына сай келуі екіталай болып отыр. Ал, озық отыз ел қатарына ену үшін ғылыми-техникалық білім-білігі жоғары маман керек. Атырауда «Теңізшевройл», НКОК секілді алпауыт компаниялар жетерлік. Алайда,  солардағы негізгі технологиялық тізгінді ұстаған кімдер? Өкінішке орай, көбісі шетелдік азаматтар. Неге? Өйткені, жасыратыны жоқ, жергілікті мамандардың білімі төмен, білігі таяз. Бұл үшін кімге өкпелеуіміз керек? Бұған дер кезінде білім алмаған жастардың өздері кінәлі ме? Әлде соларға қойылар талап төмен бе? Қалай болғанда да, болашақта өндіріс тұтқасын жергілікті жастар ұстауы қажет. Ол  үшін  оқу мен талап, тәжірибе алу қатар  жүруі тиіс.

Ал, Нұрлы Тельманқызы бүгінгі еңбек нарығы қарапайым жұмысшыларға зәру екендігін алға тартады.

– «АРЕС», – дейді ол, – мемлекет қамқорлығына алынған жалғыз жоғары техникалық колледж. Оның бір артықшылығы, мұнда оқығысы келетіндер қатаң іріктеуден, әділ емтихан сынақтарынан өтеді. Керек десеңіз, бұл оқу орнын университет деңгейімен де теңестіруге толық негіз бар. Осындай бай тәжірибеге құрылған білім ұялары бізге өте қажет. Колледжге мемлекет зор қолдау танытып, көп қаржы жұмсады. Ол сенімді ақтау – түлектердің еншісінде.

Тегін кәсіби білім беру – бүгінгі күннің талабынан туындаған қажеттілік. Осыған сәйкес, «Кәсіпқор» холдингінің бағдарламасы шеңберінде Атырау қаласында барлығы 11 колледж толықтай жабдықталды. Оның әрқайсысына арнап 45 бағдарлама әзірленді. Ендігі кезек – осы мүмкіндікті мүлт жібермей,  кәдеге жаратуға тиіс шәкірттерде. Сондықтан, олар қазірден ата-аналарымен кеңесіп, еңбек нарығына қажет мамандықтарды  ойластырғандары жөн.

Қазір  Атырауға құйылып жатқан шетелдік инвестицияның көп бөлігі мұнай-химия, мұнай-газ немесе кәсіпкерлік салаға қатысты. Бұл не деген сөз? Демек, біздің өңір тұтастай мұнай кәсіпшілігіне тәуелді болып отыр. Әйтсе де, солардың төңірегіне сервистік мекемелерді топтастырып, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуге болады. Ол  үшін басқа да заманауи мамандықтарды игеру керек.

 

Сіз не дейсіз?

Қайырғали  Азилов,

«Жас өрен»  қоғамдық бірлестігінің  төрағасы:

– Жергілікті мамандардың тапшылығынан шетелден жұмыс күшін жалдауға тура келіп жүр. «АРЕС» колледжінде де канадалық оқытушылар дәріс беруде. Олар жергілікті мұғалімдерді үйрету үшін арнайы шақыртылып отыр. Алдағы уақытта солардың тәжірибелерін іске асыра алатындай дәрежеге жетуіміз керек.

 

Сағи  Бекбаев,

Атырау  мұнай  өңдеу

зауытының  жас  маманы:

– Жұмысшы мамандығы қай уақытта да өз маңызын жоғалтпайды деп ойлаймын. Сондықтан еңбек жолымды өндіріс орындарында бастағанды жөн көрдім. Ол үшін ешуақытта өкінген емеспін. Өзім еңбек етіп жүрген кәсіпорын қызметкерлері үшін барлық жағдай жасалған. Тек жастар жалықпай еңбек етсе, мемлекет қолдауға дайын.

 

Қазимаш  САБЫРҚЫЗЫ,

«Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі»,

ардагер  ұстаз:

– Тегін кәсіби білім беруді толықтай қолдаймын. Осы мүмкіндікті жібермей, мектеп оқушылары болашақта қандай маман болатындарын қазірден шешіп алуы тиіс. Ата-аналар да сол бағытта балаларына жөн сілтеп, ақыл-кеңестерін беріп отырса игі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған