ҚАЛА баласы ҚАЙДА демалады?

Жаңалықтар Журналистік зерделеу

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Жаз айының да көбі өтіп, азы қалды. Әйтсе де, көшеде бос жүрген балаларды көргенде «әттең, мына балаға бір лагерь бұйырмады ма екен?» немесе «ауылға барар атасы мен әжесі жоқ па?» деген сауалдар мазалайды.

Себебі, күнделікті көп қабатты үйдің ауласында, көк тастың үстінде ермек қылар нәрсе таппаған кейбір балақайларға куә боласың. Кең далада асыр салып, атқа мініп шаба алмай, тас қамалдың ортасында қысылып жүргендей көрінеді.

Жазда атамның аулына…

Ондай балаларға бұрын біздер салған «Жазда атамның аулына барып едім қыдырып…» деп басталатын өлең жолдары да таңсық. Өйткені, олар нағыз ауылдың қандай екенін білмей өсіп келеді. Өкініштісі де сол. Ал, ата-анасына баласын ауылдан гөрі, өзге қалаға немесе шет елге қыдыртқанды жөн санайды. Біз жолыққан Динара есімді жас ана да, балаларын ауыл түгілі, бір қалада тұратын ағайынның үйіне апара алмайтындарын, қазақтың қонақжайлық қасиетінің жойылып бара жатқанын айтып қалды.

«Балаларымыз ел, жермен таныссын деп өзге өңірлердегі лагерьлерге жібергіміз келеді. Алайда, бағасы аз дегенде 70-80 мыңнан кем емес. Оны біз секілді қарапайым отбасылардың қалтасы көтермейді. Ал, ауыл-аймаққа, ауыл-аймақ дейміз-ау бір қаланың ішіндегі ағайынның үйіне жіберуге де қымсынамыз. Себебі, күйбің тіршілікпен жүріп туыстық қарым-қатынасқа көңіл бөлетін ағайынның да қатары азайып барады» деген ол бұл бүгінгі қоғамның өзекті мәселесінің бірі екенін айтып қалды.

Расында да, соңғы уақыттары бала тәрбиесінен гөрі, материалдық құндылыққа басымдық беретін болып бара жатқанымыз жасырын емес. Иә, бұл өз алдына бөлек мәселе. Жалпы, биыл қанша бала лагерьмен қамтылған? «Балаңызды дамытамыз» деп жарыса жарнама жасайтын арнайы орталықтардың жайы қалай? Демалыстағы оқушының уақытын бос өткізбеуге арналған тағы қандай орындар бар? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген болатынбыз.

Демалысқа – 39 миллион

Биыл жазда оқушыларға 41 мектептің жанынан екі ауысым негізінде демалыс лагері ашылғаны туралы мамыр айының соңында өткен Атырау қалалық мәслихаттың сессиясында айтылған болатын. Бұл туралы мәлім еткен, қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева балалар мен жасөспірімдер демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 39 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылғанын да айтты. Бюджет қаржысының бүге-шүгесіне дейін қалай бөлінгенін хабарлаған ресми өкіл, қанша баланың бұл игілікті көретінін де жеткізді.

«Оның ішінде мектептер жанынан тамақтандыратын 41 лагерьге 17 млн. 100 мың теңге, сыртқы лагерьлер жолдамаларына 21 млн. 978 мың теңге бөлінді. Атырау қаласы бойынша 38 мыңға жуық бала әртүрлі бағыттағы лагерьлермен қамтылса, еңбекке баулу бағытындағы шараларды қоса есептегенде жазғы демалыста барлығы 45195 баланың демалысын тиімді ұйымдастыру жоспарланып отыр» деді ол.

Иә, балалардың демалыс уақытын тиімді ұйымдастыруға мемлекет тарапынан барынша жағдай қарастырылып келеді. Десек те, бұл барлық баланы бірдей тегін лагерьмен қамту деген сөз емес. Сондықтан, зерделеу жүргізу барысында қалада өзге қандай тегін орталықтардың барын саралап көрдік.

Әр орталықта он шақты үйірме

«Бұл күнде тегін орталық бар ма?» дерсіз сіз. Алайда, сұрастыра келе мұндай бір емес бірнеше орталықтың барын білдік. Ол Жастар жылына орай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында ашылған 12 орталық. Онда 10 және 29 жас аралығындағы балалар мен жастар күнделікті білімдерін жетілдіріп қана қоймай, қалаішілік түрлі шаралар мен спорттық жарыстарға қатысып жүр.

Орталықтардың алтауы қалада, ал, қалғаны қала маңындағы ауылдық округтерде орналасқан. Онда жастар ағылшын тілі, робототехника, ментальді арифметика бойынша білім алса, шахмат, үстел теннисі, драма, дебат, қолөнер салалары бойынша біліктерін жетілдіруде. Айта кетерлігі, аталмыш орталықтарға қатысу тегін және мекен-жайға қарамастан ниет білдірген кез келген жас қабылданады. Орталықтардың әрқайсысында оншақты үйірме бар. Жастар қабілеті мен таңдауына қарай сол үйірмелерге қатыстырылады.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Роллан Құспан мұндай орталықтар алдағы уақытта аудандарда да ашылатынын айтады.

«Бұл облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған іс. Бастапқыда орталықтардың саны шектеулі болатын. Кейін тұрғындардың қажеттілігіне байланысты аймақ басшысы орталықтарды екі есеге көбейту жөнінде тапсырма берді. Мақсатымыз – балалар мен жастарды қоғамдық өмірге тартып, олардың біліктілігін арттыру, бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау» дейді ол.

Жақсы кітап – жан азығы

Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін басқа қандай жолдар бар? Әрине, алдымен ойға кітап оқу, спортпен шұғылдану секілді пайдасы мол істер оралады. Балалар арасында спортқа қызығушылық жоқ дей алмаймыз, ал, кітап оқитын бала бар ма, сірә? Бар, бірақ, олардың қатары сирек. Ал, салдарынан арамызда екі сөздің басын қосып, ойын жеткізе алмайтын жастар көбейген.

Бүгінде «…Туған күнің құтты болсын! Бақытты бол, бақыттың ішінде бәрі бар», «Аға, апа, балаларыңыздың тойы құтты болсын, той тойға жалғассын, не айтамыз енді, келесіде бесік тойға келейік» деп, «ағылтегіл» тілек айтып жүргендер бала күнінде кітап оқымаған жастар екені рас. Қоғам кітап оқудан қол үзіп қалмау үшін, біз, әсіресе, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруымыз керек. Ендеше, қалай?

Бұл орайда облыстық балалар кітапханасы басшысы Перизат Өтеуғалиева кітапханаға балаларды көбіне мерекелік шаралар ұйымдастыру арқылы шақыратындарын айтты.

«Біздің 127 мыңнан астам кітап қорымыз, сегіз мыңнан астам тұрақты оқырманымыз бар. Атап айтсақ, Атырау қаласындағы №4, №5, №15, №11, №13 орта мектеп оқушылары мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат тәрбиеленушілерінің белсенділігі жоғары. Дәстүрлі түрде «Ашық есік» күнін ұйымдастырамыз. Шара аясында 1 сынып оқушыларын кітапханаға әкеліп , оқулықтармен таныстырамыз. Және жыл бойына өтетін өзге де шаралар аясында балаларға оқып шыққан кітабы туралы суреттер салғызып, ынталандыру үшін марапаттаймыз» дейді ол.

Оның айтуынша, ұрпағының болашағына алаңдайтын кейбір ата-аналар балаларын кітапханаға өздері жетектеп әкеледі екен. Сондай-ақ, олардың арасында ұстаздары тапсырма беріп міндеттеген соң, амалы жоқтықтан келетін оқушылар да бар. Иә, баланы қанша бақылап отырсаң да кітап оқыта алмайсың. Оқығанымен өзі қаламаған соң ол білім болмайды. Сондықтан, кітапханашылардың көздегені де алдымен балалардың қызығушылығын ояту болып отыр.

P.S.

Бала тәрбиесі – өте нәзік те жауапты іс. «Балам екі жасқа толады. Енді оны қалай тәрбиелеуді бастайын?» деп ертеде бір кісі ақылманнан кеңес сұрапты деседі. Сонда ақылман: «Сіз бала тәрбиесінің екі жылын жоғалттыңыз» деген екен…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Елдегі жекеменшік лагерьлер бағасы:

Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарында – 80, Қарағандыда – 67, Павлодарда – 60, Таразда – 56, Ақтөбеде – 45, Солтүстік Қазақстанда – 30, Қызылорда мен Семейде – 25 және Түркістанда 20 мың теңге.

Саида ЖАЙНАРБЕК, 10 жаста:

– Менің Авангард ықшам ауданында орналасқан «Исатай» жастар орталығына келіп жүргеніме бір айдан асты. Мұнда өте қызықты. Драма, жас аспаз, қолөнер, тігін үйірмелеріне қатысамын. Бүгінде бұл жерден түрлі тәттілер пісіріп үйрендім. Бір ғана жерде отырмай, Нұрсаядағы орталыққа барып өзге де балалармен тәжірибе алмасып жүрміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған