«Президентке күй арнаған адаммын»

«ПРЕЗИДЕНТКЕ КҮЙ АРНАҒАН АДАММЫН» Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырауға өнер сапарымен келген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтаевпен әңгімелесудің реті келген болатын.

%d0%bf%d1%80%d0%b5%d0%b7%d0%b8%d0%b4%d0%b5%d0%bd%d1%82%d0%ba%d0%b5-%d0%ba%d2%af%d0%b9-%d0%b0%d1%80%d0%bd%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d0%bc%d0%bc%d1%8b%d0%bd

Көз ұшында сағынышқа айналған  балалық шақтағы арманыңыз қандай еді? Бүгінгі қоғамға «күйші бала» Шәмілдің көзімен қарап көрсек қайтеді?

–  Жастық шақ дегеніңнің өзі – көкіректе айтылмай кеткен арманды сыр, асыл ән, буырқанысқа толы күй.  Өміріме көз жіберіп қарасам, қан майданнан жаралы болып оралған әкем Бисенғали Әбілтаевтың төрт жыл бойы қантөгіс ішінде жүріп ойлаған тілегіндей, елдің алғы күнге деген үмітіндей болып 1948 жылы 24 ақпан күні жарық дүние есігін ашыппын. Индер ауданының Толыбай құмы – менің кіндік қаным тамған жер. Соғыстан запы болып, боздақтарын жоқтаумен зарлы күй кешіп отырған ауыл бір сілкініп, қырқымнан шығарып, шілдехана жасапты.

Сол рәсімнің үстіне атақты Байнияздың Хасаны тура келіпті. Әкем құдайы қонақты төрге шығарып, бас ұстатып: «Мен сонау қанды қасаптан осы бір шақалақты өмірге әкелу үшін аман оралған шығармын. Адамның соңында қалған ізі – ұрпағы. Сондықтан, баламның есімін өзіңіз қойыңыз», – деп қолқа салады. Ол кезде сонау Кавказдағы Шамильдің дүркіреп аты шығып тұрған кезі болса керек. «Ұлтына ұстын, жұртына тұтқа болатындай азамат болып ержетсін. Аты – Шамиль болсын», – депті Хасекең.

Баршаға мәлім, біздің өңір – күй елі. Мен Абылды жөргектен үйренгем. Дауылпаз күйшілердің соңынан еріп, домбырамды қолымнан тастамадым. Әкем 53 жасында дүние салды. Сонда аурудан әлсіреп жатып, кей адамдарды таныңқырамаса да мені танитын: «Мынау – Шәмілжан ғой. Ол мықты күйші болады түбінде» дейтін. Асқар таудай әкемнің арманын арқалап жүріп ержетіп, Гурьев музыка училищесіне оқуға түстім. Осы оқу орнын қолымен құрған Сейілхан Құсайынов – өнердегі ұлы ұстазым. Училищеден соң 1966 жылы ару Алматыға жол тарттым. Алау армандардың мекені болған өнер ордасындағы ұлттық консерваторияға түстім. Сөйтіп, өнер жолына қанат қақтым.

Өнерге құлаш ұрған сол бір өндірдей жасқа бағыт-бағдар берген ағалары кімдер еді?

Мен қазақтың қасиетті қара домбырасының арқасында көптеген ұлы адамдармен араластым, дос болдым, тіптен бауырына да айналып кеттім. Сол ағалардың бірі де бірегейі – Әбіш Кекілбаев. Консерваторияға түскен алғашқы жылдарымда  Әбіш аға Абылдың өмірін зерттеп, өлмес туынды жазып жүрді. Сондықтан, мен ол үйдің баласына айналып кеттім. Өрікгүл екеуміз алғаш отау құрған кезімізде Әбіш ағаның анасы Айсәуле әжеміз «келінге үй көрсетеміз» деп қонаққа шақырды. Бұл – 1969 жыл. Дастархан басында күй тартылды. Абыл, Баламайсан, Сейтектің күйлері дүркіреп, дауылдатқанда бейне бір ел көшіп бара жатқандай ыңыранып, теңіз тулағандай долданып, құм көшіп жатқандай уілдеп, бозінгендей боздады, елге деген сағыныштары қоздады.

Сол қонақтардың ішінде қазақтың ұлы ақындарының бірі Меңдекеш Сатыбалдиев ағамыз да бар еді. Ол кісі бір парақ қағазға: «Аңсаумен өткен ардағымысың Атыраудағы әр үйдің?

Әлде сен жастық дәуренімісің Жантілеуінен қалған Қалидың?!

Жалғанда мынау бабаларымыз бауырын не үшін сыздатқан,

Мен соны, қалқам, сен бебеулеткен Баламайсаннан танимын», – деп жазып қолыма ұстатты. Ал, еліміздің гимнінің авторларының бірі, қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің де ықыласы ерекше еді. Ол кісімен таныстырған да – Әбіш аға. «Абылды» тыңдаған Жұмекен аға тебіреніп: «Абыл қайта тіріліп келгендей болды»,- деген еді сонда. Сол ағаларымның тілегі мені көкке көтерді, қанатыма серпін берді.

Әбіш ағаның жанында жүрдім, еліктедім, жақсылығынан үйрендім, ұлт ұстазына айналып өмірден өткен ұлы абыздың батасын алдым. Мен үшін осы ағаларымның көл-көсір пейілі мен ақ ниетінен асқан ешнәрсе жоқ.

Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне ән жазыпсыз. Әсіресе, «Аңсау», «Бір ауыз сөз» деген әндеріңізді халық әлі ұмытқан жоқ. Сондай-ақ, Кәкімбек Салықовтың «Аққу» әнін бір кезде домбырамен де орындап, көрермендердің көзайымы болып едіңіз. Өнер адамдарының шығармашылық байланыстары жөнінде айта отырсаңыз…

Ақын дегеніңіздің өзі – өте бір аруақты адамдар. Өзіңіз ойлап көріңізші, қазақ басқаны ұмытқанымен – ақынын ұмытпайды, ардақтап, атын есінде ұстайды. Оған мысал тарихтан жеткілікті. Ал, Кәкімбек ағамызға келетін болсақ, ол – менің өнердегі пірім. Ол кісі өзі өмір сүрген заманында өте ақжүректігімен, ұлтын сүйген жүрегімен елінің махаббатына бөленді. Мемлекет және қоғам қайраткері атанды. Дінмұхамед Қонаев, Нұртас Оңдасыновтармен иығы теңескен тұлға.

Сонымен қатар, ол – ғажап лирик. Өлеңдері сыршылдығымен, шынайылығымен, нәзік мұңымен ел жүрегінен орын алды. Мен ол кісімен жақсы араластым, өсиетін тыңдадым, өнегесін алдым. «Шөліркеген далаға жаңбырлы бұлт болар ма ем?

Піскен кезде мол егін диқан болып орар ма ем?

Көкте құстар барады Еділдетіп Оралмен,

Елге жетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен?» деп басталатын «Аңсау» деген өлеңі оқыған кезде көкірегімді сыздатып жіберді. Әні де өзінен-өзі көзі ашылған тұмадай бұрқырап жүре берді. Қазіргі таңда халық айтып жүрсе, әрине, ол мен үшін де, ақын үшін де үлкен қуаныш, бақыт. Осы жерде Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова айтып жүргенін де естіп жатырмын. Алғыстан басқа айтарым жоқ.

Сіз тек күйді орындаушы ғана емес, өзіңіз – күйлерді, әндерді жарыққа әкелген күйші-композиторсыз. Бірнеше күйлеріңіз жеке адамдарға да арналыпты. Мәселен, «Қазақстан – Нұрсұлтан», «Иманғали», «Қойшығұл» деген туындыларыңыздың тарихын айта отырсаңыз…

– Қазақ халқын күй елі деп бүкіл әлем мойындап отыр. ЮНЕСКО-дан «Күй – қазаққа ғана тән өнер түрі» деген төлқұжат алғанымыз да осының дәлелі. Неше жылғы бодандық қамытынан құтылып, елдің қолы Тәуелсіздікке жеткен кезде оны келешекке сеніммен бастаған Елбасымыз еді. «Қазақстан – Нұрсұлтан» күйі – ел үшін өзін оққа байлап, өкпек желдің өтіне ұстаған, халқы үшін көкжалдай алысып, барыстай атылған Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған туынды. Ұмытпаймын, 2014 жылы 28 наурыз күні өз  резиденциясында Елбасы мені қабылдады. Зәулім де салтанатты кабинетінің орта тұсына келіп, қолымды алып: «Шәміл інім, домбыраң не дейді?» – деді.

Сол кезде ғажайып бір сезім кештім. Ол кісіге елдің өзіне деген махаббатын, сенімін айттым. Көкірегімде тау көшкініндей күй селі лықсып жүре берді. Президенттің өзіне орындап бердім. Ол кісі күй біткен соң: «Шәміл інім, айтып тұрғаныңның бәрі рас. Оны мен домбыраңның күмбірлеп тұрған үнінен ұқтым. Күй халыққа жетсін», – деді.

«Иманғали» күйімнің дүниеге келуі де ерекше.  Иманғали Тасмағамбетов Алматыда әкім болып тұрған кезінде «Күй керуені» атты күйшілер фестивалін өткізді. Қазақстанның төрт бұрышынан мықты күйшілерді алдырды. Ішінде мен де бармын. Керемет өнер мейрамы өтті. Өнерге деген мемлекеттік қамқорлықты сезінудің өзі де – бақыт. Сол фестивальден кейін аталмыш күй халыққа жолдама алды.

«Қойшығұл» күйі – менің досым, қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш», Түркі дүниесінің «Мақтымқұлы» сыйлықтарының лауреаты Қойшығұл Жылқышиевқа арналған шығарма. Екеуміздің достығымыз, ер басына келетін алмағайып сәттердегі үміт отын өшірмей, намысты жануға үндейді.

«Құддыс» деген күйім ұйғырдан шыққан өнер саңлағы Құддыс Қожаниязовқа арналды. Мен 1966 жылы ұлттық консерваторияға түскенде ол кісі өнердің қара шаңырағында ректор екен. Гурьевтен келген домбырашыларды жеке өзі тыңдайтын әдеті бар көрінеді, мені де шақыртып, тыңдады. Маған: «Молодой человек, вы-феномен музыки» деген баға берді. Бұл бір ауыз сөз – ағаның берген батасы. Оны ешқашан естен шығарған емеспін. Кішкене бозбалаға үлкен басын кішірейтіп, арманына қанат сыйлау үшін қандай жүрек керек?!

Көптен бері Атырау жеріне, Ақ Жайық жағасына ат басын бұрғаныңыз екен. Әсеріңіз қандай?

– «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген сөздің мағынасын қазір түсінгендеймін. Туған қазығына қайырылып келген аруана сияқты мен де бір кезде арман арқалап кеткен жеріме шашымды боз қырау шалған шақта оралдым. Құшағын айқара ашқан жерлестеріміздің жүрегіндегі алапат сағыныш мені дүлей толқынымен көтеріп әкеткендей. Индер ауданында болған кезімде достарым, жолдастарыммен кездестім. Талабы таудай жастар өсіп келеді екен. Соған қуандым. Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Әли Әбішев төбесіне көтергендей етіп қарсылады. Алақандарында әлпештеген туған халқыма ризамын. Күй мерекесі болды, күй дауылын тұрғыздық десек, артық айтқандық болмас. Бұл сапарымды Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап едім. Мақсатыма жеттім. Ел аман, жұрт тыныш болғай! Өнер адамдарының мәртебесін биіктеткен Елбасындай тұлғамыз аман болғай!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз