Жарықтың жылдамдығын жолда қалдырған немесе Астанада болған алты күн

ANU 3463 Жаңалықтар

Сөз басы

Жуырда жұмыс бабымен Елордаға жолым түсті. Сәт санап құлпырған ару Астанаға нешінші сапарым екені есімде жоқ. Бірақ, әр көрген сайын көзді арбайтын сұлудай жаңа бір қыры мен таңсық сырын алдыңа тартатыны рас. Жарықтың жылдамдығы деген өлшемді куәге тарту күпірлік болар, алайда, осыншама алып ғимараттар мен әсем үйлерді әлдебір ертегідегі сиқыршылар салып жатқандай сезімде боласың… Осыдан санаулы жылдар бұрын ғана мүлгіген тыныштықтан іші пысып жатқан қу медиенде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған ғажайыптарды көргенде таңырқайсың, шексіз марқаясың…

Аспаған елім, таспаған елім,

Тарихын қайта бастаған едің.

Жұмыр жер кенет жүзік боп кетсе,

Гаухардай жанған Астанам менің, – деп Маралтай ақын мақтанышпен жар сала жырлаған әсем қаланың бүгінгі шырайы қиялыңнан асып түскендей екен. Гүл көмкерген көшелерінен жастық пен жасампаздықтың жұпары аңқып тұр. Аспанға өрмелеген биік құрылыстар тағы да сол жастық пен қайрат-қуаттың сарқылмас амбициясынан хабар бергендей. Жеті қат жердің астынан алапат күшпен атқылаған асау бұлақтың теңізге айналғанындай Арқаның маңғаз даласына армансыз жайылып барады екен жарықтық Астана…

ANU_3463

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек…

Жаһанға сауын айтқан, алты алаш армансыз сүйіншілеген көрмеге де келіп жеттік. Шәкәрім қажының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әйгілі жолдары ойыма орала берді. Тылсым да, табиғи экзотика іздегенге де, ғылым мен технологияның мұздай қаруланған жетістігіне жерік болғанға да тамсанар нәрсе көп екен мұнда. Тек «адамзаттың бәрін сүйетін» мейірімді жүрек пен өз ұлтың үшін мақтана алатын мәртебелі рух керек екен. Оған да жолықтық. Қаптаған ғажайыптарды қарай жүріп, мен бәрінен бұрын осы көрмеге келушілердің жүзіне үңілдім. Осыншама массаның түйсігінде қандай процесс жүріп жатқанын сезінгім келді. Ол баста жоспарлан-ғанда бес миллион адамды қабылдайды деп есептелген жаһандық көрменің көрермені бір айда бір миллионнан асты. Шілденің 24-інде бұл көрсеткіш бес жүз мың адам-ға көбейіп үлгерді. Сол бір айдың ішінде Қазақстанның «Нұр-әлем» павильонына кірген 835 мың адамның 130 мыңнан астамы шетелдіктер екенін статистер есептеп берді. Ал, кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен ағылған ағайынның арасында кімдер жоқ дейсіз?! Сайын сахараның кеудесін айқыш-ұйқыш кескілеп жатқан шо-йын жолдарды теңселтіп       зулаған пойыздар мен қону алаңына асыққан әуе кемелері Елордаға миллиондардың арманын сүйреп әкелгендей.

Таяққа сүйенген әнебір қария тағдыр-талайында небір қызық пен шыжықты көрмеді дейсіз?.. Мынау әжеміз шалын көлеңкеге отырғызып, шәй беріп әлек болып жүр. Жастық максимализммен ұсақ-түйекті елей бермейтін күлімкөз қыздар мен қаптаған бозбаланың қайсыбірін айтып жатарсың?.. Ұстаздарының соңынан жамырай ерген ақ бейсболкалы бүлдіршіндер топ- тобымен әр жерден кездесіп қалады. Бірқатары зәңгілер мен үндістердің жайма базарын тамашаласа, 3Д экранынан адам баласының ұшқыр қиялы мен ақыл-ойының жетістігіне үңіліп жүргендерінде есеп жоқ.

Қазақстанның төл көрмесі орналасқан «Нұр- әлем» алып сферасының алдында кезекке тұрғандардың қарасы мол. Балауса жасынан байсал   тартқанына дейін осы жерде жүрген қазақстандықтардың біразы тарихи оқиғаның куәгері боп жүргенін біле береді дейсіз бе?… Бірақ, ақиқаты – сол. Тәуелсіз Қазақстан үшін азаттық алған жылдардан бері қол жеткізген биігі, ең елеулі оқиғасының бірі        ЭКСПО-2017 көрмесінің қатысушылары болып тарихта қалады.

Кереметтер  қайталауды  жақсы  көреді…

Тарих демекші, ол жарықтық ғасыр айналып қайталанып тұрғанды жақсы көреді ғой. Ескі керуеннің ізін жаңартып, ескі жұртта сөнбей қалған көне шоқты үрлеп жағып… Дәл сол сипатымен болмаса да, сол дәуірдің бояу-нақышын, әлеуеті мен мәдение-тін айшықтайтын ұлы оқиғалар бұл далада бұрын да болған.

Әлемге әйгілі ЭКСПО көрмесін ағылшын жұрты өткізерден тура үш жыл бұрын, яғни 1848 жылы мынау қазақ даласында әйгілі Қоянды жәрмеңкесі басталған еді-ау… Жұмыр жердің бетінде сексен екі жыл дәурені жүрген әйгілі жәрмеңке біресе Қоянды, біресе Қарқаралы, біресе Ботов атауын еншіледі. Қоянды жәрмеңкесінің мәртебесі халықаралық болды. Ғасырға жуық тарихында ол қазақ халқының рухани-саяси-әлеуметтік өмірінде орасан зор маңызға ие болды. Қазақ жұртының сауда элитасын қалыптастырып қана қоймай, аузының дуасы барлардың аңсап күтетін мерекесіне айналды.

1869 жылы 12 қыркүйекте Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесі Қоянды жерінде жыл сайын 15   маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастыруды бекітеді. 1872 жылы Қояндыда сауда орындарын көптеп салу қолға алынды. 1876 жылы он алты балаған, 120 киіз үй болған. 1883 жылы бұлардың саны тиісінше 110-ға және 250-ке, ал 1890 жылы 247-ге және 1000-ға жеткен. 1889 жылы телеграф тартылып, 1894 жылы банк бөлімшесі ашылды. 1900 жылы 30 дүкен, 276 балаған, 707 киіз үй болады. Сауда нүктелері 55 шаршы шақырым жерді алып жатқан, Үндістан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Жапония қатарлы елдерден саудагерлер мен өнерпаздар ағыл-ған  Қоянды жәрмеңкесі бүгінгі ЭКСПО көрмесінің ХІХ ғасырдағы көрінісі емей немене?!

ANU_3749

ЭКСПО-дан  із  қалады…

Әрбір болған тарихи ірі оқиғаның артында із қалатыны белгілі. Әлемдік жылнамалар тізбегіне үңілсек, оған мың мәрте көз жеткіземіз. Бір ғана ЭКСПО көрмесінің өзі жаһандық өркениетке теңдесі жоқ тартулар жасады. Ең ал-ғашқы тұсауын кескен 1851 жылдың өзінде ол ағылшын-дарға әйгілі Хрусталь сарайын сыйға тартты. Әлемдік көрмені өткізу мәртебесіне ие болған әр мемлекет өзінің даму процесі мен таным-талғамының ізін қалдыруға тырысты. Сөйтіп, дүниеге Брюссельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуич Ұлттық сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы келді.

ANU_3729

Араға 166 жыл салып Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі бізге шабыт пен танымалдықтан өзге «Нұр-әлемді» сыйлады. Өйткені, бұл сфера – әлемдегі ең алып шар. Диаметрі 80, биіктігі 100 метр болатын жеті қабаттық нысан келешекте де туған елдің, туристердің көз қуанышына айналмақ. Осыған дейін 63 мәрте өткізілген жаһандық көрме бір-біріне ұқсамайтын идеялық және экспонат бірегейлігімен есте қалды. Ауқымы жағынан алдына тек Олимпиада ойындары мен әлемдік футбол чемпионатын ғана салатын ЭКСПО көрмесі бүкіл посткеңестік аймақта тұңғыш рет Қазақстанда өткізіліп отыр. Бұл елге деген сенім квотасы мен Елбасының әлем алдындағы беделін тағы бір айқындаған мерейлі қадам екені даусыз.

«Болашақ  энергиясы»  –  бірегей  таңдау

Адам баласы әлимсақтан өсу үстінде, жаңалыққа ұмтылу сапарында күн кешіп келеді. Әлемдік көрме сол үздіксіз үдерістің ең жарқын туындыларын насихаттауға  арналған бірден бір мүмкіндік іспетті. Мәселен, 1962  жылғы Сиэтлдегі Бүкіләлемдік көрменің тақырыбы – «Ғарыш дәуіріндегі адам». 1967 жылғы АҚШ-тың Монреаль қаласындағы павильонда көрермендерге ғарыш кемелері ұсынылды. Көрмелердің арқасында, ядролық апат қаупі жылдарында халықтар арасындағы байланыс қалпына келтіріліп, ынтымақтастық нығая түсті.

Мәселен, Канада конфедерациясының жүз жылдығын тойлау жылы Сент-Экзюперидің шығармасы «Адамдар планетасы» Монреальдағы көрменің тақырыбы болды. 1970 жылғы Осакадағы EXPO-да Жапония өзін жаңа әлемдік держава ретінде жариялады. Оқиға орталығы – көрме символы – Күн мұнарасы орнатылған Фестивальдер алаңы. АҚШ павильонында көрермен назарына «Аполлон-12» ғарыш кемесінің астронавтары әкелген ай тасы ұсынылды.Тұрақты даму, қалыпты өсім, қоршаған орта проблемалары, технология шекаралары – онжылдық көрмелерінің өзекті мәселелері. 2000 жылғы Ганновердегі көрменің тақырыбы «Адамзат, табиғат және технологиялар», 2005 жыл, Айчи – «Табиғат даналығы», 2008 жыл, Сарагоса – «Су және көңілге қонымды даму», 2010 жыл, Шанхай – «Жақсы қала – жақсы өмір» деген тақырыптарды таңдап алды.

Адамзаттың ең күрделі мәселелерін шешу жолында дүниежүзі ғалымдарының басын қатырған сауал экологиялық таза өнім өндіру екенін білеміз. Ішер асың мен киер киіміңнен тұтынатын энергияңа дейін зиянсыз һәм сапалы болуы үшін әлемде әлденеше жоба жасақталды. Астанада өткізіліп отыр-ған ЭКСПО – 2017 көрмесі-нің тақырыбы боп «Болашақ энергиясы» таңдалып алынуы кездейсоқтық емес. 100-ден астам ел мен 22 халықаралық ұйым өз павильондарын ашқан алып көрме ғаламдық тәжірибе алмасу алаңына айналып отыр.

Әміреден   Димашқа   дейін…

ЭКСПО көрмесі тек қана жаңа технология жетістіктерін жарнамалаушы ғана емес, өнер мен мәдениеттің алып сахнасына айналып кеткен. Қазақстанның жүздеген өнер ұжымдары көрме аумағындағы амфитеатрда, этноауылда, қаланың барлық алаңдары мен концерт залдарында күн сайын алуан түрлі бағдарламалар ұсынып отыр. Классикалық туындылардан фольклордың барлық түріне дейін қамтыған асылтекті өнердің ең таңдаулылары ғана ел назарына ұсынылды. Осындайда баяғы Қоянды жәрмеңкесінде ән оздырған Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Әбдінің Омары, Иса, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп пен Уәлидің Майрасы еске түседі.

ANU_5216

Әміре демекші, сол даңғайыр дарын 1925 жылы Франциядағы ЭКСПО көрмесінде француз жұртшылығын таңдай қақтырған екен-ау… Ал, араға тоқсан екі жыл салып әлемді мойын-датқан қаршадай қазақ баласы, теңдесі жоқ дауыс иесі Димаш Құдайбергеновтің отыз мың көрермен жинаған «Бастау» атты концерті де «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өткенін тарихи сәйкестік емес деп көріңізші…

Күні кеше Атырау облысынан ондаған өнер ұжымы мен мыңға тарта өнерпаз бас қаланың шырайын кіргізіп келді. Алты күнге созылып, аламан бәйгемен аяқталған Атырау облысының Астанадағы мәдениет күндері барша тараптан марапат пен мадаққа ие болды. Арыны мен дарыны келіскен Махамбет атындағы қазақ драма театры, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, Н.Жантурин атындағы облыстық филармония, облыстық халық шығармашылық орталығы секілді өнер ордалары айта жүрер естелік сыйлады. Ел үшін марқаюға татитын осындай сәттердің өмірімізде орын алғанының өзі неге тұрады?! «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астанада өту мәртебесін жеңіп алуының басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мызғымас беделі тұрғанын айтып өттік. Әңгімені де сол дуалы ауыздан шыққан сөзбен аяқтағанды жөн көреміз…

«Мен «ЭКСПО-2017» біздің тарихымыздағы тағы бір алтын парақ болатынына сенемін!»…

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз