ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ – КЕҢ ӨРІС

оның көлемі 80 пайыздан асты
Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкіметтің онлайн режиміндегі кезекті селекторлық мәжілісі өтті. Оған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесін қараған мәжілісте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің хабарламасы тыңдалды.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеудің, сапалы, қолжетімді және бәсекеге қабілетті азық-түлік өнімдері басымдыққа ие болып отыр. Бұл жерде Мемлекет басшысының ішкі нарықты 80 пайыздан кем емес деңгейде отандық өнім есебінен қамтамасыз ету және жаңа экспорттық рыноктарды игеру жөніндегі тапсырмасының көкейкесті міндет ретінде қойылғандығы алға тартылды.
Тұтастай алғанда, агрокешендегі қайта өңдеу саласын өрістетіп, өркендетуге ықпал ететін негізгі факторларды атай келіп, министр оның республика көлемінде шығарылатын өнеркәсіп өнімінің бес пайызын және қайта өңдеу өндірісінің 16 пайызын құрайтындығы атап өтілді.
Хабарламада келтірілген Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда тамақ өнеркәсібі және қайта өңдеу өндірісінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 1370 болса, соның 60-қа жуығы ірі кәсіпорындардың еншісінде екен. Негізінен, бұл саладағы өндіріс орындарының басым бөлігін астық өңдеу, сүт, нан және нан өнімдері, жеміс-жидек, май өнімдері, етті қайта өңдеу цехтары құраса, өткен 2012 жылдың өзінде осы құрылымдардың күшімен өндірілген өнімнің жалпы сомасы 830 млрд. теңгеге немесе 5,5 млрд. АҚШ долларына жеткен.
Бұл үрдіс одан әрі жалғасып, кедендік одаққа мүше елдер шеңберіндегі тауар айналымында оң беталыс байқалған. Осылайша, жеті айдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 72, импорт 2 пайызға артқан. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделген түрлерін тұтыну құрылымындағы отандық өндірістің үлесі 80 пайыздан асқан.
Үкімет мәжілісінің күн тәртібіне шығарылып, талқыланған маңызды мәселе-агроөнеркәсіп кешені құрылымдарында өндірілген өнімдерді қайта өңдеуден өткізіп, тұтынылатын, сапасы жоғары, бәсекеге қабілетті тауар түріне айналдыру үрдісін жолға қойып, саланы сауықтыру үшін бағдарлама бойынша сегіз жылда 140 млрд. теңге сомасында қаражат жұмсау көзделіп, ол кезең-кезеңге бөлінген.
Мәжілісті қорытындылаған Премьер-министр Серік Ахметов жасалынып жатқан жұмыстардың барлығына қарамастан алда әлі көптеген кешенді міндеттердің тұрғандығына тоқталды.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз